- Өлеңді өзгеге бердік,
Өрлікті төменге бердік.
Алдияр тақсыр!
Алдыңа келдік,
Берсең алдық,
Бермесең қалдық,
Сөзді өзіңе салдық,-деп, үш төрт ауыз тақпақпен сөзді тастай береді. Сонда асып тұрған тәкаппар Қоңтәжі хан Тайкелдірдің төмендеп сөйлеген сөзіне үстем болып:
- Олай болса, кешке шейін бір жауап қайтарармын, жауап қайтпай қалатын күн болса, ат-тоныңның амандығында елді тапқан да теріс болмас,-депті. Сөйтіп, Тайкелтір үш-төрт ауыз тақпақпен сөз тастап еді, хан оны екі ауыз сөзбен үзіп тастайды. Үзілген сөзді жалғап, қазақтар жағынан ешкім ештеңе дей алмайды. Қазақ-қалмақ осы арада таразыға түскендей болады. Қазақ елшілері тығырыққа тірелгендей болып қалады. Сонда Қазыбек есік жақта өз жігіттерінің жанында еркелегендей болып отыр еді, айнала бір қарап, ешкім ештеңе дей қоймаған соң, орнынан атып тұрып, хан Бертіске жетіп барды:
-Ерден ердің несі артық
Ептестірген сөзі артық.
Малдың малдан несі артық,
Бір-ақ асым еті артық.
Жерден жердің несі артық
Бір-ақ уыс шөбі артық.
Міндетіне алған сөзден,
Шегінген жігіттен,
Аштан өлген аюдың өзі артық, -дейді.
Содан кейін Қоңтәжіге жетіп келіп, қарсы тұра қалып:
- Ел ебелек емес, ер көбенек емес, дат! – дейді.
- Өй, өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті хан.
- Атым - Қазыбек, әкем – Келдібек: халқым - қазақ, руым – Қаракесек, -деп жауап беріпті.
- Дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы, - депті хан.
Сонда Қазыбек:
- Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жәй жатқан елміз. Елімізден құт - береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды! Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгеміз, сен темір болсаң, біз көмір, балқытқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгеміз. Танымайтын жат елге, танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрысатын жеріңді айт! – депті. Сонда Қоңтәжі не дерін білмей, сасып қалыпты.
- Өзің сөзге келген бала болсаң, отырған орның қандай төмен еді, былай жоғары шықшы, шырағым! – деп,төмен қарай жылжып, қопаңдай беріпті. Сонда Қазыбек:
- Біздің қазақтың әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөз сөйлей береді, өзімнен үлкен ағаларым төрде отырса, маған төбеде отырғанмен бірдей, - деп, жалт бұрылып, орнына барып отырады. Сонда Қазыбектің сөзі ханның басынан асып, хан не дерін білмей сасып қалыпты да:
- Осылардың өздері келгелі әр үйде жүр, алыстан келген елші ғой, ашулары бойында тұр екен, қонақ үйіне алып бар, бір жерден күтімге алыңдаршы,- депті. Сонда қалмақтар жағы:
- Ал, қазақтар, қонақ үйіне жүріңдер, бір жерден күтім көріңдер,- деп ертіп шығыпты.
Қазақтар шығып кетеді де, қалмақтар бірыңғай қалып қояды. Барлық қалмақ жиылып, ханның қасына келіп:
- Бір жұдырықтай баладан қарасуға түсіп, осынша дірілдеп кеткеніңіз не? – деседі. Сонда Қоңтәжі тұрып:
- Сендер білген жоқсыңдар. Сөзді өңменімнен сұққылап тұрып айтқан кезде, екі иығындағы екі аю ауызынан от шашып: «Тыпыр етші осыдан көріп алайын» деп тұрды. Мінеки, мен содан қатты сескендім. Сендерге көрінбегенмен, маған солай көрінді. Менің бұған қайратып айтар сөзім жоқ, мал мен жанын, сұрағандарын есептеп санап, алдына салып беріңдер, - дейді. Мал мен жанды есептеп бергеннен кейін хан тұрып:
- Мен хан болғалы, басыма қасиет қонғалы ешбір адамға тізе бүгіп көрген жоқ едім.... Жығылғанымды білдіріп, сіздерге біраз сый қылайын, - деп, бұлардың басшы адамдарының әрқайсысына бір тоғыздан сый беріпті, Қазыбек те солардың ішінде болыпты.
- Жаным Қазыбек, сен жаңа үйреткен жас тұлпар екенсің, сенің айтқан сөзіңе буыным шыдамай, сіресіп тұра алмадым. Сондықтан саған екі түрлі белгі беремін. Біреуі – сенің дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап шығады екен, сондықтан сенің атың бұдан былай Қаз дауысты Қазыбек болсын. Екінші – қос тоғыз жүлде байладым,бұдан былай сен екі сыбағалы бол, депті.
Сөйтіп есеп-қисап бітіп, қазақтар жағы қайтпақшы болады. Мал мен жанды алдына өрістетіп салып, олармен хан қош айтыспақ болып ере шығады. Содан қош айтысамыз деп бір төбенің басына иіріліп тұрса, қазақтың бір жігіті ортаға шығып, бәріне мұңын шағыпты:
- Уа, жиын топ, ағайын қауым, менің айтпағым мынау: мен басында қазақтың жылқышысы едім. Жылқы бағып жүріп, жылқымен бірге қалмақтың қолына түстім. Мұнда келгеннен кейін уәзір ұрып, тонымды тартып алды, өз ықтиярыммен бермеп едім, сабап тісімді сындырды, атымды алып ұйқым бұзылды, тісім сынып сөзім бұзылды, осыларға жиналған көпшілік не дер екен? – депті.
Сонда Қоңтәжі тұрып:
- Бұл немене, басында біткеннен кейін аяғында еселеп даулай беру дұрыс бола ма? Тон дегенің бір тоқтышақтың терісі шығар. Ат дегенің сырты түкті, іші боқты бір тай шығар. Ал тіс сынса, ауыз ішінде, қол сынса, жең ішінде емес пе? – депті. Осы жерде қазақ, қалмақ тағы таразыға түскендей болып қалады. Ешкім ештеңе дей қоймайды. Сонда Қазыбек кіші болып, кейінірек тұр екен,атты борбайға тартып жіберіп, Қоңтәжі қасына жетіп келіп:
- Тісі сынса ауыз ішінде, қолы сынса жең ішінде жүре беру керек деген не сөз?! Оның үстіндегі жалғыз тоны жанат емей немене? Ауызындаға отыз тіс болат емей немене? Астындағы жалғыз аты қанат емей немене? Ханның бізбен қарыспай бітіскені рас болатын болса, жанатынан айырмай, болатынан майырмай, қанатынан қайырмай, алғанын қайыру керек. Қазақ қалмақтың сатып алған құлы емес! Бұл да біреудің ардақтап асыраған ұлы. Ерікті ұл көрікті болып қайту керек, - депті. Сонда Қоңтәжі Қазыбек сөйлесе, аруағы басып кетіп, ауызына сөз түспей қалған екен.
- Мә, жанатыңа жанатым, деп ішігін шешіп, болатыңа болатым, - деп болат семсерін береді. Мә, қанатыңа қанатым, - деп астындағы қара қасқа тұлпарын көлденең ұсыныпты. Өзі ашылып тұрған жігіт осы жолы теңдікке қолы тигеніне көзі жеткеннен кейін, жанат ішікті киіп, болат семсерді асынып, қара қасқа тұлпарға мініп алып:
- Ал менің де дауым бітті, енді қош айтысуларыңа болады, - депті.
Сонда мал-жанын түп-түгел қайырып алып, Қазыбек бастаған елшілері көшкен елдей гулеп жүріп кеткенде, қасында бір топ кісісі бар Қоңтәжі тоналғандай мең-зең күйде, бір дөңнің үстінде қала беріпті деседі.
............................................................................................................................