Бас парақ > XVII ғасыр > ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК

ҚАЗ ДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК


25-10-2012, 17:17. Орнатқан: arystan
Қазақтың аса айтулы, айбынды, аруақты биінің бірі- Қаз дауысты Қазыбек. Оның өмірі негізінен қазақ-қалмақ шапқыншылықтары өршіп тұрған жаугершілік заманда өтті. Қазыбек есімі ел аузындағы әңгімелерде тарихи деректерде, көбінесе Абылай ханмен, Бұқар жыраумен қатар аталады, Халық оны «Қазып айтқан Қазыбек» – деп қастерлеген. Қазыбек бидің: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз;елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» – деп келетін жай оғындай отты сөздерін жатқа білмейтін қазақ аз.
Қаз дауысты Қазыбек айтты деген аталы сөз ел ішінде көп сақталған. Қазыбек бидің тіршілік ортасы, өз тұлғасы жайлы мәнді әңгімелер халық жадында әлі де мол.
Қазыбек есімі халыққа қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылық кезінде екі елдің арасында бітімші-бүтінші болған батыл елші, парасатты мәмілегер ретінде мәлім. Халық аңызына қарағанда, Қазыбек 14 жасында Тайкелтір би бастаған қазақ елшілерінің құрамында қалмақ ханы Қоңтәжіге барып, батылдығымен әрі сөзге шешендігімен ерекше көзге түскен. Қазыбектің табандылығы мен тапқырлығының арқасында ғана осы сапарда қазақ елшілері теңдікке жетіп, қалмақ шапқыншылары байлап әкеткен адамдарын, айдап әкеткен малдарын қайтарып алып қайтады, Қазыбек Қаз дауысты Қазыбек деген құрметті атаққа ие болады. Қаз дауысты Қазыбектің бұл елшілік еңбегін Шоқан Уалиханов та естіген. Ол XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар дейтін мақаласында былай дейді:Үш жүздің батырларынан сіз кімді артық көресіз деп Абылайдан сұрағанда, ол былай деп жауап беріпті: Бізге дейінгі екі кісіге таң қалуға болады. Олар тоқсан туысын тұтқыннан құтқарып қалған Қаракесек Қазыбек және тағы да сондай өзінің тұтқында кеткен адамдарын босатып алған Уақ Дербісәлі.Біріншісі Қалданның өз алдына барып босатып алған, ал соңғысы өз ауылында жатып дұшпанын қорқытып алдырған.
Халық шежіресі бойынша, Қазыбектің Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет деген бес ұлы, Маңқан есімді бір қызы болған. Қазыбек қайтыс болғанда, осы қызы жоқтау айтқан екен:
Өсиет қылдың қазаққа,
Сарыарқа деп қонысың:
«Қалмақ сартпен жауласпа,
Болмасын дедің жұмысың.
Өнерсіз өскен ел едің,
Біреу саған жау болса,
Паналауға жарайды,
Мынау көрші орысың,
Орыспенен жауласпа,
Есіңде болсын бұл ісім».

Қаз дауысты Қазыбектің әкесі Келдібек би қыз таңдап, үйленбей біраз жүрсе керек. Содан ойламаған жерде, бір жиында, аяғы ақсақ, көзі қыли жас қызға көңілі ауып, құда түсіп, айттырып алады. Әке –шеше баласының айтқанына келіскенмен, аса қолдай қоймайды. Тіпті әкесі: «Таңдаған тазға жолығадының кебі келді. Сөз байласқан бұрынғы құдалардың бетіне қалай қараймыз?» деп айтып та тастапты.

Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып,
Аяғы ақсақ болғанмен, ақылы артық.
Көзі қыли,сөзі мен ісі түзу,
Сөйлескеннен өн бойым кетті балқып,
деп жауап қайырады Келдібек би.
- Жетер. Енді көңілім орнықты. Табашыға да жауап табылар, -дейді әкесі.
Келдібектің замандастары әзілдескенде, осыны алдына тартып, қағытып жүріпті. Бірде олар Келдібектің өз үйінде отырып, соқтыға беріпті. Сонда жас келіншек шапылдап, беттен алмай-ақ сыпайы ғана:
- Көзім қыли, жасырмаймын, ақсақпын,
Келдекеңмен сондай тату жақсы-ақпын,
Татулықтың белгісіндей тамаша
Төрт божанды ұл таппақпын,-
депті.
Айтқанындай соның артынан Қаз дауысты Қазыбек дүниеге келген екен.
.......................................................................................................................................

- Әке, мен Төле биге барып сәлем беремін, өзін көріп, сөзін тыңдағым келеді,- деп бала Қазыбек қолқа салғанда әкесі:
- Ойбай, балам-ау, ол үлкен кемеңгер кісі, не деп барасың, алдында сөз таба алмай күлкі боласың, барма, -дейді. Бірақ Қазыбек қоярда қоймай әкесінен рұқсат алып, біраз жолдасымен Төле бидің ауылына сәлем бере келеді.
- Шырағым, «баз бала әкесінен өтіп туады, баз бала әкесіне жетіп туады, баз бала кері кетіп туады» деген. Сен соның қайсысың? – дейді Төле би сынап.
- Өткенімді алдымдағы өмірім біледі. Өз ойымша әкеме жетіп тудым-ау деймін, -дейді Қазыбек сөзден тосылмай.
- Ә, шырағым, жарайсың,- деп, Төле би балаша жадырап ризалығын білдіреді.
- Алысыңыз қандай? – дейді Қазыбек те сыпайы сұрақ қойып.
- Алысым жақын болды.
- Тәттіңіз қандай болды?
- Тәттім шырын болды.
- Несиеңіз қандай?
- Несием, шүкір, өніп жатыр.
Қазыбек ауылынан келген соң әкесі оның қасына ерген серіктерінен: «Балам Төле бимен не деп сөйлесті?» - деп сұрағанда:
- Екеуі былай десіп әңгімелесті, бірақ мәнісіне түсіне де алмадық, -деседі олар. «Олары несі екен?»-деп, қарт әке де түкке түсінбей таң қалады.
Сонда жұмбақ сырды Қазыбектің өзі айтып береді.
- Төкеңнің «Алысым жақын болды» дегені қос жанарын айтқаны. «Тәттім шырын болды» дегені ұйқысының қашқанын білдіргені. «Шүкір, несием өніп жатыр» дегені балаларының жақсы бағып, жақсы күтіп отырғанын түсіндіргені, -дейді.
......................................................................................................................................

Төле би тоқсан жасқа келгенінде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты. Елдің жақсылары, шешендер, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырғанында:
- Қаз дауысты Қазыбегім келді. Бәрің түгел жиналыңдар. Сендерге айтар он түрлі жұмбағым бар, соны шешіңдер,- дейді Төле би.
- Айтыңыз,айтыңыз!
- Айтсам, он түрлі жұмбағым мынау: бір, екі, үш, төрт,бес, алты,жеті, сегіз, тоғыз, он.
Отырғандар таң –тамаша болады.
- Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ бола ма?
- Төке, бұл жұмбақты мен шешейін, рұқсат етіңіз?- дейді Қаз дауысты Қазыбек.
- Рұқсат, рұқсат.
- Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.
- Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.
- Үш дегеніміз - үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.
- Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.
- Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.
- Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.
- Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса, сол жаман.
- Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.
- Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімде бас көрсетпесе сол жаман.
- Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дауа болмас деген, - дейді Қаз дауысты Қазыбек.
- Рақмет, дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым, - деп Төле би Қазыбекке разы болыпты.
.......................................................................................................................

Жантай деген бай малшысымен жағаласып қалып, сол төбелесте байдың бір күрек тісі сынады.Жалшы: «сенен шығамын» деп ақысын сұрайды. Бай: «тісімді сындырдың, соның төлеуі үшін алдым» деп ақысын бермейді. Екеуі Қазқыбекке келеді.
Жантай тұрып: «Мынау менің жалшым еді, өзіммен төбелесіп, бір күрек тісімді сындырды. Бұның құнын сұрасам бермейді. Жалға жүрген ақымды бер деп жүр», дейді. Сонда жалшы тұрып:
Мен жалға жүрдім Жантайға,
Бір тай алмақ болып алты айға.
Бұл асына жарытпады,
Мен күшіме жарытпадым,
Содан барып төбелес туды,
Жазым болып күрек тісі сынды.
- Байдың аты бай емес пе, ақымды бермейді, үйінен қуады. Би ата, әділдігіңізге жүгінгелі келдім, - деп сөзін аяқтапты. Бұл дауға Қазыбек мынадай билік айтыпты:
- Ас адамның арқауы еді. Жантай асқа жарытпаған соң жалшыға күш қайдан дарысын. «Аш кісі ұрысқақ» деген, төбелестің шығуына да өзің себеп болғасың. Сондықтан мынаның ақысын бер, күрек тісің құнсыз. Еркектің ет жейтін тісі аман болса, бір күрек тістен келер кемшілік жоқ. Ал әйелдің күрек тісі әрі көркі, әрі жіп қиатын қаруы - дейді.
................................................................................................................................

Бір үлкен ас болып, сол аста бәйгеге шапқан қаншама аттың алдынан бір қара жал құла жеке – дара озып келіпті. Асқа жиналған топтың ішінен бір адам:
- Мынау менің тай күнінде жоғалған атым, -деп аттың шылбырына жармасады.Атты бәйгеге қосып отырған иесі:
- Жоқ, бұл мүлде жала, өзімнің кер биемнен туған өз малым,- дейді. Көпшілік екі жағына да «сенікі жөн» деп айта алмай, содан барып Келдібек биге жүгініске келеді.Екі даугердің сөзін тыңдаған Келдібек те «ат сенікі» деп кесіп айта алмай, дағдарып отырып қалады.Өз сөздерін майын тамыза дәлелдеп отырған екі даугердің сөздеріне құлақ түре жүріп, оған тұжырымды билік айта алмай дағдарып отырған әкесін байқап, жеті жастағы Қазыбек даугерлердің біріне:
- Сенің танымпаздық қырағылығың қандай? – деген сұрақ қояды. Оған мен атымды «тай күнінде жоғалттым» деген адам:
- Мен енесін көрсем, одан туған төлін, төлін көрсем, енесін жаза баспай танимын, - дейді.
- Жарайды,енді екеуіңіз барда, асау жүрген қозыдан екі қозы ұстап әкеліңіздер, - дейді. Олар барып алып келгенде:
- Қозыны көгеден қойыңыздар да, өрістегі қойдан өзді-өзін әкелген қозының енесін алып келіңіздер,- дейді.
Екі даугер өрістегі қойдан екі саулықты алып келіп қозыларды бауырына салғанда, ат қосқан даугер әкелген саулық қозыдан жиренеді, қозы да жатсынып саулыққа жуымайды. Ал тай күнінде жоғалттым деген адам саулыққа қозысын салғанда, енесі еміреніп тұра қалады, қозы бауырына кіріп еме бастайды.
Қазыбек көпшілікке қарап:
- Кәне, халайық, бұған сіздер не айтасыздар? – дегенде, көпшілік бір ауыздан: «Ат – тай күнінде жоғалтқан адамдікі екен» деседі.
....................................................................................................

Орта жүз қарақесек Қазыбек, Кіші жүз алшын Қаражігіт үш жүз бас қосылып ақылдасатын бір мәселе болып, бір орынды уағда қыл деп, ел ағасы Төле бидің алдына бармаққа сөз байлапты. Аталған күнде Төле бидің ауылына келіп түсіпті. Сәлемдесіп, амандасып далада отырғанда Төле сөз бастайды:
- Уа,әлеумет, құс ұшса қанаты талатын, жүрсе тұяғы тиетін, ат арқасы қиян қашық жерден келіп отырсыңдар, осы аттың күші қай жерінде? – дейді. Сонда біреу «аттың күші алдында», дейді, біреуі «аттың күші артында», енді біреуі «аттың күші алдында емес, артында емес,ортасында», - дейді. Төле ортасында дегенге қадала бір қарайды да:
- Аттың күші алдында болмай, артында болмай, ортасында болатын себебі қалай? – дейді.

- Бас – басшы, арт – қосшы, астында төрт тіреуі бар ортасы арқалық емес пе? Күш ортасында болатын себебі сол, - дейді соңғы айтушы. Тағы да Төле:
- Бұрынғылар айтқан екен: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп,үш ел үш жаққа тартып дау бітімі бытырамасқа төбе би атап қойса қалай болар еді? –дейді.
Оған қауым «дұрыс» дейді, бірақ төбе билікке талас болады. Ұлы жүз: «Біз боламыз, өйткені жасымыз үлкен ағамыз». Кіші жүз «Біз боламыз, өйткені қара шаңырақта кенжелік жолымыз үлкен», - дейді. Сонда манағы аттың күші ортасында деген жігіт отырып:
- Аға төреші болмайды – алдында қаймығары жоқ, іні төреші болмайды – артында қайырылары жоқ. Айбар қылар алдында ағасы бар, қаймығарлық артында інісі бар, екі жағынан да қаупі зор, сол себепті билікті айтатын төбе билік ортаншы ұлға лайық, - дейді. Төле қарт сонда жігіттерден жөн сұрайды. «Аттың күші – басында» деген Ұлы жүз жігіті, «Аттың күші – артында» деген Кіші жүз алшын Қаражігіт, «Ал аттың күші – ортасында» деген Орта жүз Қаракесек Қазыбек болып шығады.
Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақса, сақа қой
Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса,аға, қой, -деген
бұрынғылардың айтуы бар еді,уа, жаным Қазыбек, төбе биліктің абыройын саған бердік, айтқан сөздеріңнің бәрі жоба болсын, - деп, Төле оң жағына отырғызып, бағасын береді.

...................................................................................................................
Қазыбектің талас ағайындары – Бертіс би мен Тілеуке би мұның ел ішіндегі абыройын көре алмай, жастарынан үлкендігін малданып, мұны бір күн шақырып алады. Әуелі Бертіс би тұрып:
Ақылы елден артылған,
Ақылың болса мақтан.
Ынтымағы жұрттан асқан,
Жақының болса, мақтан.
Сенің жасың кіші ғой,
Ағаның алдына шығудан сақтан, - деп ескертеді.
Қазыбек оларға:
- Бір бала бар -
Атаға жете туады.
Бір бала бар –
Атадан өте туады
Бір бала бар –
Кері кете туады! –
деп жауап береді. Мұның айтқанын ана екеуі кек тұтып, күні бұрын дайындап қойған адамдарына белгі береді. Бұзықтар Қазыбекті шекпенмен жауып, сабаламаққа айналады. Сол кезде аттың дүбірі естіледі. Бұл келген Қазыбектің кенже інісі Бөдене батыр екен. Ағайындарының ағасын оңаша шақыруынан қауіптеніп, асығып жеткен беті осы еді. Ашулы батыр ана екеуіне қылыш ала ұмтылады. Қазыбек інісін тоқтатып:
- Шырағым, бір қолың ұрысшы болса, екінші қолың арашашы болсын. Ашу – араз, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос. Жауға сілтер қаруыңды ешуақытта жақыныңа сілтеме, - депті.
Айнала жиналған халайықтың алдына шығып, сонда Қазыбек былай толғайды:
Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма –
Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма –
Өскеніңді өшірерсің.
Басына іс түскен пақырға,
Қастық қылма –
Қайғысы көшер басыңа,
Жанашыры жоқ жарлыға,
Жәрдемші бол асыға,
Киын –қыстау күндерде,
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба!
......................................................

Жас талапкер Қаражігіт Қаз дауысты Қазыбекке сәлем бере келгенде, аға би:
- Атадан жақсы ұл туса,
Елінің туы болады,
Атадан жаман ұл туса,
Көшінің ең соңы болады,-
деген, сен осының қайсысы боласың? – депті.
Сонда жүгініп отыра кеткен Қаражігіт:
- Ораздының кәрісі,
Қартайғанда қазына болады.
Шиырлының кәрісі,
Қартайғанда қазымыр болады, -
деген. Сіз өзіңіз соның қайсысы боласыз? –депті.
Қазыбек жүректі жастың жүзіне қарап:
- Е,халқым сөзімді тыңдаса , қазынасы болармын, - депті.
- Мен де, халқым құп алса, елімнің туы болармын, - деп Қаражігіт орнынан ұшып тұрып, Қазыбекке қайтадан барып сәлемдесіпті.
......................................................................................................................
Қазыбек биге бір адам: «Кім жақын, не қымбат, не қиын?» деген үш сұраққа жауап беріңізші деп қиылып отырып алыпты. Сонда Қазыбек былай деп жауап қайтарған екен:
1
Тату болса , ағайын жақын,
Ақылшы болса, апайың жақын.
Бауырмал болса, інің жақын,
Алдыңа тартқан адал асын,
Қимас жақын – қарындасың,
Сыбайлас болса,нағашың жақын.
Адал болса досың жақын,
Еркелейтін немерең жақын.
Өз ұрпағың-шөберең жақын.
Жан серігің жас кезіңнен
Бәрінен де әйелің жақын.
2
Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт берекең – атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат.
Мейірімді апаң қымбат.
Асқар тауың - әкең қымбат.
Туып өскен елің қымбат.
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.
3
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын.
Шанышқылаған сөз қиын;
Дәл осындай жағдайда,
Пана болмас өз үйің.
Жазылмаса дерт қиын,
Іске аспаған серт қиын.
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын.
Не істеріңді біле алмай,
Ашиды сонда бас, миың.

...................................................................

Қаз дауысты Қазыбек: «Байқотанға сәлем айт, жерінде тобылғы көп деп еді, соның ішінен қамшыма сап боларлықтай тобылғы беріп жіберсін», деп кісі салыпты. Байқотан бір тұтам тобылғының сыртқы сұрғылт түгін қырып, жақсылап майлап, шоққа қыздырып, қып-қызыл етіп, қағазға орай, шәйі орамалға түйіп, келген кісінің қолына берсе, анау алар-алмасын білмей көп тұрыпты. Сонда Байқотан оған: «Жетелі құл арытпас, жетесіз құл жарытпас» деген. Қазының менен сұрағаны осы. Жоғалтпай алып барып табыс ет» депті.
Қазы түйіншекті шешіп, ішінде жатқан бір тұтам қып-қызыл тобылғыны көріп: «Ішегін ішіне тартып тұрғанын қарашы, «Жүзден-жүйрік, мыңнан тұлпар» деген шіркін, тұлпар болып туған! Жұмбағының түйінін өзіне айтқызалық, қашық демесін, жетсін Байқотан» - деп Қазыбек кісі жіберіпті.
Нөкер жасап, салтанатпен келген Байқотан: «Азғынды қуып тозғанға жолықпа, туыс іздеп достан кетпе, тауға шығып айғайлама, ойда тұрып бақырма, жүнің қызыл, түгің аз, қызығарлық дұшпан көп, бас-аяғың бір тұтам,басқара біл тұтамдап. Айбар шөпке алыстан, күшің қайтар қарысқан. Түртіп қалып оятпа, үңгірде жатқан арыстан. Қол үзіп, сіңір шығарар, байқамай қалып алыссаң! Мұз төсеніп, қар жастан, қалыспағын алыстан, ойға мініп, сабырды ту ет» дегенім еді депті.

..................................................................................................................................

Қазып айтқан Қазыбек
Ертеде Ұлы жүздің жесірін Кіші жүздің бір жігіті алып қашып, содан барымталасып, ел арасы ашылады. Осы дауды шешу үшін үш жүздің өкілдері бас қосады. Сонда Ұлы жүз Төле тұрып:
- Мен ағаның баласымын, жасым үлкен, билікті мен айтамын, - дейді. Кіші жүз Мәлсе:
- Жоқ, атаның қара шаңырағындағы кенжесімін. Жасым кіші болғанмен, жолым үлкен, билік менікі, - дейді.
Орта жүз Қаз дауысты Қазыбек бұған күледі.
- Жылағанды сұрама, күлгенді сұра деуші еді. Қазыбек, сіз неге күлдіңіз? – деп сұрайды Төле мен Мәлсе.
- Сендер атадан туысыңды білесіңдер де, оның өсиетін білмейді екенсіңдер, - дейді Қазыбек. – Аталарың: «Ұлы жүзді таяқ беріп малға қой. Орта жүзді қамшы беріп дауға қой. Кіші жүзді найза беріп жауға қой» дегені қайда? Сүрінсем, сүйер алдымда ағам, артымда інім бар, билік менікі еді ғой!
Бұл сөзге екі жағы да тоқтап, билікті Қазыбекке береді. Сонда Қаз дауысты Қазыбек былай деп төрелік айтады:
- Уа, Үйсін Төле! Сен атадан үлкен таусың, ініңнің бір еркелігін көтермей жылқысын неге қуасың? Уа, жарқыным Мәлсе! Сен қара шанырақтағы еркесің, ағаңның көзі тірісінде жеңгеңді неге ертесің? Сен, Мәлсе би, жесірді қайтар! Сен, Төле би, жылқыны қайыр!
Екі жағы да осы төрелікке тоқтап, бітісіп тарқаған екен деседі.
............................................................................................................................

ҚАЗЫБЕКТІҢ ҚАЛМАҚҚА ҮШ РЕТ ЕЛШІ БОЛЫП БАРУЫ.

Қалмақтың ханы Қоңтәжі қазақ елін үш рет шауып алғанда, малдан бөлек, ішінде бірталай ұл мен қыз да кетіпті. Соны сұрап Қазыбек елші жіберсе, Қоңтәжі ешбір есе бермепті. Сондықтан қазақ билері бас қосып: «Қалмақта шынымен-ақ ұлымыз құл, қызымыз күң болып кеткені ме? Қол жинап, бір байқассақ қайтеді?» - деп, Абылайдың алдына келіпті. Сонда Абылай:
- Біз әлі де өткір елші жіберіп сынасқанымыз жоқ, іріктеп елші жіберіп, оған есе бермесе, сосын шайқасайық! – дейді. Осыған жиналған халық бәтуа қылып, сөз байласады. Бұл жұмысты Келдібек биге жүктейді. Келдібек өзі бара алмай, өзіндей кісі таба алмай, ақыры Қазыбек деген үлкен баласын ұзақ сапарға жіберіп, сынамақшы болып үйіне келсе, Қазыбек үйде жоқ екен. Оны желі басынан табады. Балам жөн айтуды, жол айтуды біле ме екен деп сынайды:
- Балам, сен кімнің баласысың, жөніңді айтшы, - дейді.
- Атым Қазыбек, әкем Келдібек,Шаншардың немересі боламын, - дейді.
- Балам, сенің осылай асық ойнап, тай үйреніп жүргенің жақсы ма,жоқ жақсылардың қасына еріп, ел танып, жер танып, сөз танығаның жақсы ма?
- Балалық дәуір де тәтті екен,оны да тастағым келмей тұр, бірақ жақсылардың қасына еріп, ел танып, жер танып, сөз таныған теріс болмас, -дейді Қазыбек.
- Олай болса үйге қайтшы! – дейді әкесі. Сөйтіп қасына он кісі ертіп, астына Телқоңыр дейтін тайды ерттетіп беріп, Келдібек баласын ханға жібереді.
Телқоңырды мінгізуінде де себеп бар екен..... Бір күні Келдібек жылқысын қаптатып келе жатып, қара жалды құла құлықтың іші жер сызып, жылқыға ере алмай, аяғын әзер басып келе жатқанын байқайды. «Мынаның ішінде тас бар ма, тұлпар бар ма? Бір құлынды мұнша неге ауырлайды жануар?» - деп ойлайды.... Күндердің күнінде сол бие құлындап, құлыны биенің мойнына, сауырына сүйкеніп ойнап жүреді. Келдібек:
- Бұған бір қулықтың сүті не болады дейсің, екі биенің сүтін емсін. Қызыл тарланбөз сүтті бие еді, соның құлынын сойып же де, соған теліп жібер, - деп тапсырады жылқышыға. Құлын сол екі биенің сүтін емгендіктен, Телқоңыр атаныпты. Келдібектің тасқа салса тасырқамайтын,мұзға салса таймайтын дегендей бір ыңғайлы жігітті Қазыбекке қосып беріпті.
- Қанша айтқанмен, мынау бала ғой, бақылап жүрерсің, - деп тапсырыпты жігітке Қазыбекті әкесі.
Сөйтіп:
- Бар Абылай хан мен Тайкелтір биге сәлем бер! – деп қоя беріпті.
Абылай бастаған топ бір дөңнің басына шығып тұрса керек. Самсап тұрған сары қолға атының маңдайын берген беті жетіп келіп, Қазыбек Абылайға сәлем беріпті. Абылай сәлемін алған соң:
- Қай баласың, балам? – деп жөн сұрапты.
- Атым Қазыбек, әкем Келдібек, - дейді бала.
- Балам, жол болсын, қайда барасың? – дейді хан.
- Мен ауылда жүргенде балалардың басшысы едім, енді ағаларымның атшысы болайын деп келдім. Тай бәйгесі мен құнан бәйгесін көріп келдім, енді ат бәйгесіне қосылайын деп келдім, - дейді бала. Сонда Абылай қарқ-қарқ күліп:
- Жарайды, балам, жарайды,барсаң бар. Тайың да жақсы екен, сөзің де жақсы екен! – дейді.
Сонымен Абылай:
- Жүріңдер, балалар, сендерді біраз жерге шығарып салып қайтайын, - дейді.
Қол дабылды қағып жіберіп, ду етіп жүріп кетеді.Кілең таң асырып таңдап мінген қаз мойын, қамыс құлақтардың қолтығы қыза келе, біреуі сар желіске салып, біреуі жорғаға басады. Телқоңыр болса еті қызған сайын аузынан көбік шашып, алды-артын орап, ортекедей ойнап келеді. Ауыздығымен алысып келе жатқан балаға Абылайдың тағы да назары ауып:
- Балам, сен бері келші! – деп Қазыбекті қасына шақырып алады. – Шыныңды айтшы, атшы болғың келе ме, басшы болғың келе ме? – деп сұрайды. Сонда бала:
- Тәйірі, мен жол көрген ағаларымның қасында басшы болып не қыламын, атшы болсам да жарар, - дейді.
Сонда Абылай бір төбенің басына жұртты иіріп тұра қалып:
Ал, балалар, барыңдар! Жолдарың оңынан болсын,алдарың олжаға толсын! Басшыларың Тайкелтір би болсын, хандарың Қарқаралы хан Бертіс болсын, батырларың Малайсары болсын, атшыларың мына Қазыбек бала болсын! Үлкендеріңді кішілерің сыйлаңдар, көп арасында мына Қазыбек сықылды кішінің де сөзін тыңдаңдар! Жат елдің алдында жақсы елдің баласы құсап тұрыңдар. Қалмақтың ханы Қоңтәжі – асып туған, тасып жүрген, «Қол бастайтын батырмын, жол бастайтын көсеммін, сөз бастайтын шешенмін!» деп жүрген хан ғой. Мұнда қол бастайтын батыр болуы да қымбат, жол бастайтын көсем болуы да қымбат, бәрінен де ел тағдырын шешетін шешен болуы қымбат. Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан. Елдесе алмай, жауласып кетсек, сендердің олақтықтарыңнан болғаны. Жауды алмас қылышпен де көндіруге болады, өткір сөзбен де көндіруге болады. Мылтықпен дәлдеп атып жығуға да болады, сөзбен дәлдеп айтып жығуға да болады.Ауыздан шыққан сөз атылған оқпен бірдей, қайтып ала алмайсыңдар. Сөз сөйлегенде ойлап сөйлеу керек, - дейді. Сонда Бертіс тұрып:
- Хандық дәуірді басынан өткізген біз осы жолы суын сүт қылып қайнатпасақ, бізден қатын артық. Қасықтай қанымызды, шыбындай жанымызды салып көрерміз, - деп міндетіне алғандай болады.
Сонымен Абылай қош айтысып қайтып кетеді де, елшілер ілгері сапар шегеді. Елшілер көп қиындықты бастан кешіреді, аязды күні аттарына қар тепкізеді, неше бір қиын асу белдерден, суы ащы көлдерден асады. Сұрай-сұрай Тарбағатай тауының таң жағында, Алтай тауының оң жағында отырған хан ордасына барып жетеді. Кешке жақын Қазыбек жетіп барып:
- Қазақ елінің елшісі едік, қайда орналасамыз? – деп ханға жеткізеді. Сонда хан ордада уәзірлерімен бас қосып отырған екен:
- Сойыс жасап шығынданбай-ақ, бөліп-бөліп қонақ қылыңдар, - деп оннан-бестен отырған уәзірлеріне хан табыс қылады. Сонда Қазыбек:
- Менің жүз атым бар, жүз кісі атшым жоқ, аттарды тарата алмаймын, бір жерден орын берсін,- дейді. Содан басқалардың албарларына барлық аттар бірдей сыймайды да, хан аттары өз албарына байлатады. Мұны Қазыбек ат үстінде тұрып реттесе керек. Сонда ханның әйелі:
- Тайға мініп бала да келген бе? – деп, таңданып Қазыбекке назар салыпты. Сол күні кешке хан ордасына уәзірлерін, билерін жинап, ханымын қасына алып кеңесіпті. Сөзді өзі бастапты:
- Дүйім қазақ елі бізді қамап, құрсаулай бастады, тіпті тайға мінгізіп, мына баласын да жіберіпті. Абылайдың бізді келеке қылғаны ма? Менің ойым мынау: келекеге келген қылып, осылардың кісілерін қырып тастап, аттарын жылқыға қоса салсақ қайтеді?- дейді. Барлық қалмақ «мақұл-мақұл» десіп, жапырлап қостапты, бұл ұсынысты. Сонда ханым тұрып:
- Хан ием, оныңыз дұрыс болмас. Қазақ дегеніңіз қабырғалы ел ғой. Оның үстіне «Елшіге – өлім жоқ» деген бар. Жат елдің елшісі келгенде, хандық қасиетіңізді сақтап, сөзін тыңдау керек. Жүз кісіні өлтіріп жайлана алмассыз, жүз атты жылқыңызға қосып байи қоймассыз. Тай дегеніңіз тұлпар болып жүрмесін, бала дегеніңіз сұңқар болып жүрмесін, байқайық, - деген екен. Сонда хан тұрып:
- Олай болса, елшілерді ертең ордаға жинаңдар. Өзіме өзі, сөзіме сөзі сай келетін адам болса, оны көрейін, сай келмейтін болса, жазасын сол арада берейін, -деп уәзірлерін таратыпты.
Ертеңіне хан ерте тұрып, өзінің данышпан, ақылгөй қариясы бар екен, сол кісіні шақырып алып:
- Мынау қазақ елшілері келіп жатыр, осылардың сөзіне есе берсек, сүбемізді суырып кететіні бар ма екен, сен барып осыларды сынап келші, - дейді. Қария: «Жарайды», деп қолына таяғын алып, көпшілікке келіп, әрқайсысымен екі-үш ауыз сөзге келіп, бұлардың арасынан ештеңе таба алмағандай болады. « Алыстан келген ел ғой, ат-тоны қандай, сайлы ма екен? – деп, аттарды аралайды. Аттардың ішіне барса, екі қолы екі жақта, аузынан жалын атқылап Қазыбек шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр екен. Қария баланы әрі-бері айналып тұрып қалады. Ханға барып:
- Мен мынау көпшіліктің ішінен сен шошитындай адам таба алмадым, бірақ мен басқа нәрседен шошып келдім, - депті. Хан: «Неден шошындың?» - десе қария:
- Жылқының ішінде бір бала екі аяғы екі жақта, екі қолы екі жақта, құлаш ұрып жатыр екен, аузынан жалыны атқылайды. «Аузым жеткенше сөйлеймін, аяғым жеткенше жүремін, төңіректің төрт бұрышына сөйлеуге жараймын, халықты қара шыбындай аузыма үймелетемін» дегендей екен дейді. Сонда хан тұрып:
- Сен аузыңды басып, ақылыңнан шатасып тұр екенсің. Ол өзі бала болса, өзі аттардың арасында жатса, бұл жолы аттарына ие болып қайтар. Ол ер жетіп, сүбемізді суырғанша талай өмір өтер. Олай болса бұларды қамап, қаңтармайық,- дейді хан.
Сонан соң ханның ыңғайлы атқа мінгендей, ықшам киім кигендей жігіттері келіп:
«Сөзге дәмелің қалмаңдар» деп шығып кетеді. Қазыбек те аттардың арасында қалмай, жігіттермен бірге хан ордасына келіп кіреді. Сонда хан тұрып, ашулы жүзбен түсін суытып, мұртын тікірейтіп:
- Иә, қазақтар неменеге келдіңдер, айтатындарың болса,айтыңдар,-депті. Тайкелтір би асырып айтпайтын бұқпа кісі екен, «ә» дегеннен шарқылдасып, шақылдасып қайтеміз деген кісіше:

- Өлеңді өзгеге бердік,
Өрлікті төменге бердік.
Алдияр тақсыр!
Алдыңа келдік,
Берсең алдық,
Бермесең қалдық,
Сөзді өзіңе салдық,-деп, үш төрт ауыз тақпақпен сөзді тастай береді. Сонда асып тұрған тәкаппар Қоңтәжі хан Тайкелдірдің төмендеп сөйлеген сөзіне үстем болып:
- Олай болса, кешке шейін бір жауап қайтарармын, жауап қайтпай қалатын күн болса, ат-тоныңның амандығында елді тапқан да теріс болмас,-депті. Сөйтіп, Тайкелтір үш-төрт ауыз тақпақпен сөз тастап еді, хан оны екі ауыз сөзбен үзіп тастайды. Үзілген сөзді жалғап, қазақтар жағынан ешкім ештеңе дей алмайды. Қазақ-қалмақ осы арада таразыға түскендей болады. Қазақ елшілері тығырыққа тірелгендей болып қалады. Сонда Қазыбек есік жақта өз жігіттерінің жанында еркелегендей болып отыр еді, айнала бір қарап, ешкім ештеңе дей қоймаған соң, орнынан атып тұрып, хан Бертіске жетіп барды:

-Ерден ердің несі артық
Ептестірген сөзі артық.
Малдың малдан несі артық,
Бір-ақ асым еті артық.
Жерден жердің несі артық
Бір-ақ уыс шөбі артық.
Міндетіне алған сөзден,
Шегінген жігіттен,
Аштан өлген аюдың өзі артық, -дейді.
Содан кейін Қоңтәжіге жетіп келіп, қарсы тұра қалып:
- Ел ебелек емес, ер көбенек емес, дат! – дейді.
- Өй, өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті хан.
- Атым - Қазыбек, әкем – Келдібек: халқым - қазақ, руым – Қаракесек, -деп жауап беріпті.
- Дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы, - депті хан.
Сонда Қазыбек:
- Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жәй жатқан елміз. Елімізден құт - береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды! Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгеміз, сен темір болсаң, біз көмір, балқытқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгеміз. Танымайтын жат елге, танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрысатын жеріңді айт! – депті. Сонда Қоңтәжі не дерін білмей, сасып қалыпты.
- Өзің сөзге келген бала болсаң, отырған орның қандай төмен еді, былай жоғары шықшы, шырағым! – деп,төмен қарай жылжып, қопаңдай беріпті. Сонда Қазыбек:
- Біздің қазақтың әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөз сөйлей береді, өзімнен үлкен ағаларым төрде отырса, маған төбеде отырғанмен бірдей, - деп, жалт бұрылып, орнына барып отырады. Сонда Қазыбектің сөзі ханның басынан асып, хан не дерін білмей сасып қалыпты да:
- Осылардың өздері келгелі әр үйде жүр, алыстан келген елші ғой, ашулары бойында тұр екен, қонақ үйіне алып бар, бір жерден күтімге алыңдаршы,- депті. Сонда қалмақтар жағы:
- Ал, қазақтар, қонақ үйіне жүріңдер, бір жерден күтім көріңдер,- деп ертіп шығыпты.
Қазақтар шығып кетеді де, қалмақтар бірыңғай қалып қояды. Барлық қалмақ жиылып, ханның қасына келіп:
- Бір жұдырықтай баладан қарасуға түсіп, осынша дірілдеп кеткеніңіз не? – деседі. Сонда Қоңтәжі тұрып:
- Сендер білген жоқсыңдар. Сөзді өңменімнен сұққылап тұрып айтқан кезде, екі иығындағы екі аю ауызынан от шашып: «Тыпыр етші осыдан көріп алайын» деп тұрды. Мінеки, мен содан қатты сескендім. Сендерге көрінбегенмен, маған солай көрінді. Менің бұған қайратып айтар сөзім жоқ, мал мен жанын, сұрағандарын есептеп санап, алдына салып беріңдер, - дейді. Мал мен жанды есептеп бергеннен кейін хан тұрып:
- Мен хан болғалы, басыма қасиет қонғалы ешбір адамға тізе бүгіп көрген жоқ едім.... Жығылғанымды білдіріп, сіздерге біраз сый қылайын, - деп, бұлардың басшы адамдарының әрқайсысына бір тоғыздан сый беріпті, Қазыбек те солардың ішінде болыпты.
- Жаным Қазыбек, сен жаңа үйреткен жас тұлпар екенсің, сенің айтқан сөзіңе буыным шыдамай, сіресіп тұра алмадым. Сондықтан саған екі түрлі белгі беремін. Біреуі – сенің дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап шығады екен, сондықтан сенің атың бұдан былай Қаз дауысты Қазыбек болсын. Екінші – қос тоғыз жүлде байладым,бұдан былай сен екі сыбағалы бол, депті.
Сөйтіп есеп-қисап бітіп, қазақтар жағы қайтпақшы болады. Мал мен жанды алдына өрістетіп салып, олармен хан қош айтыспақ болып ере шығады. Содан қош айтысамыз деп бір төбенің басына иіріліп тұрса, қазақтың бір жігіті ортаға шығып, бәріне мұңын шағыпты:
- Уа, жиын топ, ағайын қауым, менің айтпағым мынау: мен басында қазақтың жылқышысы едім. Жылқы бағып жүріп, жылқымен бірге қалмақтың қолына түстім. Мұнда келгеннен кейін уәзір ұрып, тонымды тартып алды, өз ықтиярыммен бермеп едім, сабап тісімді сындырды, атымды алып ұйқым бұзылды, тісім сынып сөзім бұзылды, осыларға жиналған көпшілік не дер екен? – депті.
Сонда Қоңтәжі тұрып:
- Бұл немене, басында біткеннен кейін аяғында еселеп даулай беру дұрыс бола ма? Тон дегенің бір тоқтышақтың терісі шығар. Ат дегенің сырты түкті, іші боқты бір тай шығар. Ал тіс сынса, ауыз ішінде, қол сынса, жең ішінде емес пе? – депті. Осы жерде қазақ, қалмақ тағы таразыға түскендей болып қалады. Ешкім ештеңе дей қоймайды. Сонда Қазыбек кіші болып, кейінірек тұр екен,атты борбайға тартып жіберіп, Қоңтәжі қасына жетіп келіп:
- Тісі сынса ауыз ішінде, қолы сынса жең ішінде жүре беру керек деген не сөз?! Оның үстіндегі жалғыз тоны жанат емей немене? Ауызындаға отыз тіс болат емей немене? Астындағы жалғыз аты қанат емей немене? Ханның бізбен қарыспай бітіскені рас болатын болса, жанатынан айырмай, болатынан майырмай, қанатынан қайырмай, алғанын қайыру керек. Қазақ қалмақтың сатып алған құлы емес! Бұл да біреудің ардақтап асыраған ұлы. Ерікті ұл көрікті болып қайту керек, - депті. Сонда Қоңтәжі Қазыбек сөйлесе, аруағы басып кетіп, ауызына сөз түспей қалған екен.
- Мә, жанатыңа жанатым, деп ішігін шешіп, болатыңа болатым, - деп болат семсерін береді. Мә, қанатыңа қанатым, - деп астындағы қара қасқа тұлпарын көлденең ұсыныпты. Өзі ашылып тұрған жігіт осы жолы теңдікке қолы тигеніне көзі жеткеннен кейін, жанат ішікті киіп, болат семсерді асынып, қара қасқа тұлпарға мініп алып:
- Ал менің де дауым бітті, енді қош айтысуларыңа болады, - депті.
Сонда мал-жанын түп-түгел қайырып алып, Қазыбек бастаған елшілері көшкен елдей гулеп жүріп кеткенде, қасында бір топ кісісі бар Қоңтәжі тоналғандай мең-зең күйде, бір дөңнің үстінде қала беріпті деседі.
............................................................................................................................
Қазыбек аты әйгілі боп тұрған шағында өзіне қараған елін қалмақтың тосын шабуылынан аулағырақ қоныстайын деп жайлы жер іздеп, Сарыарқаның жерін шолып қайтуға кетеді. Соны оқыстан естіп қалған қалмақ Қоңтәжі дереу қалың қол аттандырып, Қазыбекке қараған елді шаптырып алады. Ханның қолы малмен қоса жүзге тарта ер балаларды да байлап әкетеді. Олардың ішінде Қазыбектің өз баласы Қазымбет те кетеді. Өйткені Қазыбектің тұқымынан біреуді қайтсе де байлап әкету жөнінде ханның тікелей нұсқауы болған деседі. Сарыарқаны қоныс етіп ойлап елге қайтқан Қазыбек шабылған елді көрген соң, басшы болып қалмақтарға екінші рет жол тартыпты.
Он төрт жасар бала күнінің өзінде-ақ нелер тапқыр сөздер айтып, бетін қайтарып тастаған Қазыбектен жасқанып, Қоңтәжі хан бітім жасауға көнеді. Бірақ ер балалардың ішінен өзіне керегін алып қалу мақсатымен әр түрлі қулыққа салады. Сонда ханның көздегені – Қазымбетті қайтармау екен. «Тірі емес» деп, балаға құн төлеу ниетін білдіреді. Сонда Қазыбек тұрып Қоңтәжіге:
- Жұмыр басты, екі аяқты адамның өзін қайыр! Төрт аяқты айдынды бозымның көзін қайыр! Ерім үшін құн алмай өлісемін, бозымның көзі жоқ болса, екі есе құн аламын. Бұл айтқаным болмаса, тал түсте талап аламын! – дегенде,, Қоңтәжі:
- Қазыбек би, ерің үшін құн алмай өлісемін дегенді жөн делік. Ал бозыңның төлеуін екі есе қылып аламын дегеніңе жол болсын? - деп сұрапты. Сонда Қазыбек:
- Бозымның төлеуі екі есе болатын себебі: Беліңнен шыға келген қалың топтың ішінде оның жарқ еткен айбыны Қоңтәжідей ханды да сескендіреді. Төлеу толық болса, ендігіде есте жүреді, - дейді.
Сонымен Қазыбек бұл жолы да шапқыншылыққа түскен балалармен қоса малдың көзі барының көзін, көзі жоғының толық төлеуін алып қайтады.
Осы бітімнен қайтып келе сала Қазыбек елін Сарыарқаға көшіріп, бұл жерді атамекендік қоныс етеді. Бірақ әлі де ол қонысқа көшіп болмаған елдің соңғы бөлігін Қоңтәжі тағы шаптырып алады. Қазыбекке шабылған елден хабаршы келеді. Қазыбек тағы да қалмаққа тартады. Би бұл жолы Қоңтәжінің алдына серт қойып, мұндай шапқыншылық ендігі жерде қайталанбайтын болсын немесе біржола бітіспей кетуге бекініп аттанады. Қоңтәжінің ордасына таяп келгенде, өткелде тұрған бір жас қыз Қазыбектің қайда бара жатқан жөнін сұрапты. Қазыбек қызға Қоңтәжі ханға елшілікпен бара жатқанын айтыпты. Қыз оған:
- Елші болсаң қазақтың Қазыбегі боларсың, есебің бітсе, мені де еске аларсың,- депті. Қазыбек Қоңтәжінің ордасына түсіп:
- О,хан, сен ел шабуды қоймадың, мен елшілікке келуден танбадым,- дейді. Қоңтәжі бұған:
- Қазыбек би, дұрыс айтасың, сенің қаршадай 14 жасар күніңде айтқан сөздеріңді естіп: «Шіркін-ай, мынадан бір тұқым алар ма еді?» деп ойладым. Содан барып Қазымбеттей ұлыңды алдырдым. Бірақ сен келіп: «Ерімнің өзі қайтпай тұрып бітім етпеймін» дедің. Не бізге тіліңді кесіп тастап кетпедің. Сені қайта бір келтіру үшін мен артта қалған еліңді шаптырып алдым. Ендігі сөздің турасы – сенімен достасуға құмармын. «Даудың артын қыз бітейді, судын артын шым бітейді» деуші еді. Сондықтан не қыз ал, не қыз бер, - депті. Қазыбек ханға:
- Саған беретін қызым жоқ, қыз берсен алайын, - дейді.
- Хан Қазыбектен:
- Ұлың нешеу еді? – деп сұрайды.
Қазыбек:
- Бір жарым ұлым бар, деп жауап береді. Хан бұған таңданып:
- Бір жарымы қалай? Сенде дығырдай ұлдарың көп деп естідім, - дейді. Қазыбек оған:
- Менің елге ие болатын ұлым біреу-ақ, аты – Бекболат, соны бүтінге есептедім. Ал мал мен қатынға ие болатын үшеуін есепке алып жүргенім жоқ, - деп Қоңтәжіге қарапты.
Қоңтәжі өз қызын беріп, оны Бекболатқа қосуды өтініпті. Сонымен қазақ пен қалмақ шапқыншылығы тоқталған екен деседі. Қазыбек осы сапарында хан ордасына бара жатқанда жолыққан жас қызды ала келіп:
- Осыны тәрбиеле, - деп оны да Бекболаттың қолына тапсырыпты.
..............................................................................................................

ЕРДІҢ ҚҰНЫ

Ұзын қыпшақ Шашамбай соғым соярдың алдында жылқысын аралап, тебіндікті көзімен көріп, шөптің түбінде сірке мұз жоқ па, соны жыл сайын бақылап отырады екен.
Шашамбайдың осы мінезін білетін,өзімен өшпенді болған ұрылар оның жылқыға келуін аңдып жүріп, атып түсіреді. Күн ала шаңғыт боран. Із басылып, үрдесін қар жылжып жатыр. Байдың денесін өзеннің жылымына тастап,өздері бой тасалап тайып тұрған ұрыларды ешкім көрмей де қалады.
Шашамбайдың аты ауылға келісімен-ақ жігіттер атқа қонады. Күн батып, ымырт үйріліп кеткен. Дыбыс та, көрдім-білдім де жоқ. Шашамбай хабарсыз кетеді.
Қазыбек би Шашамбай үйіне келіп отырып:
- Қалайда Шашекеңді табуымыз керек. Егер өзі табылмаса, өлтірушіні табуымыз керек. Шашамбайдай арыс азаматтың із-түзсіз кетуі мүмкін емес. Ол үшін осы елден екі «жансыз» жібереміз,-дейді.
Қазыбектің ақылымен елден шығарылған екі «жансыз» қайыршы болып ел аралағанына үшінші жыл өтеді. Бір жылы жаз шыға күн шыға салысымен кеткен «қайыршы-жансыз» ақ тақырға асық ойнап жатқан көп балаға келеді.
Бестабан ойынын ойнаған балалар екі топқа бөлінген.Әбден асықтың қызығына түсіп алған, келген қайыршыға да қарайтын емес. Бір кезде орта бойлы, жалпақ бас, шегір көз, қара бала тұрып, ұзынша келген шикіл сары балаға:
- Әй, сақаңды қайта қой мен сенің сақаңды Шашамбайша атып құлатамын демесі бар емес пе?! Құлағына Шашамбай деген сөз тиген қайыршы дорбасынан екі тілім нан алып, бір балаға беріп, онан екі-үш асық алып ойынға араласады да, жаңағы сөзді айтқан орта бойлы, жалпақ бас, шегір көз қара баланың қасына келіп:
- Мен де сақаны Шашамбайша атайын,- деп оңтайлана түседі.
Шашамбайдың құныкерлері Ұлытау бойындағы есімі қазақ даласына түгел жеткен Аққошқар Сайдалы бидің елінде екенін анықтайты.
Үш жарым жыл іздеп, жоқ шетін тапқан «қайыршы-жансыз» еліне қараша қаз қайта жеткен екен. Бұл хабар Қазыбекке жетіп, сонан Шашамбайдың құнын іздеуді қыс бойы адам іріктеледі.
Қазыбек бастаған 17 адам атқа қонып, Аққошқар Сайдалы еліне құнға аттанады. Осы хабарды естіген Тобыл бойының «Мыңатыз» деген жерінен он алты жасар балаң балуан жігіт танабұға Наурызбай да бір жеті жүріп, Қазыбек бастаған топқа қосылады.
Жеті қанат үйге Қазыбек бастаған жолаушылар жайласып, үй иесімен амандық-саулық сұрасып отырғанда танабұға Наурызбай жақтан әлдебір нәрсенін пырылдағанындай, қалыңға түсетін құстың қанат сілкігеніндей дыбыс естіледі. Мұны басқалардан бұрын Қазыбек естиді де, көзін Наурызбай жаққа салады. Наурызбай қойнынан томағасын сыпырған бүркіт шаңырақтан шыға береді. Енді Қазыбек екі көзін бүркітке аударады. Шынында бұлт төсін сүйетін мұзбалақ па, жоқ арқан бойынан қалықтай беретін қарақұс па , осыны зерлейді.
Бүркіт! Кәдімгі бұлдыр шыңның басына ұя салатын қыранның өзі. Тау басына қалықтап, бұлт көбесін қауырсынымен сөгіп ойнап, қайтадан өзі көтерілген шаңыраққа құйырылады. Нарызбайдың қойнына кіргенін Қазыбек көзімен көріп, алдында тұрған қымызға қолын апарады.
Осыдан кейін жолаушы бала Наурызбайды Қазыбек би бауырына басып, қасына жақын тартады.
Аққошқар Сайдалы би Қазыбек хабарын естіп, жеке үй тігіп, қонақтарын күтімге алады. Үш күн өткеннен кейін Қазыбекті билікке шақырады.
Құн төлейтін жақтан Сайдалының өзі билікке шығады.
Көп күн салт атпен жолсоқты болып шаршаған Қазыбек билікке он жасар Наурызбайды салады.
Үстіне желен шекпен киіп, ішінен белбеу буынып, оған сертке байлаған семсерін іліп, Наурызбай шыға келеді.
Билік жүргізіп отырған Төле би:
- Ал, қыпшақтың құн іздеуші биі, сөйле, кезек сенікі,- дегенде, Наурызбай екі көзін Сайдалыға тура қадап:
- Мен көп айтпаймын. Жеті аталы кедеймін. Сөзге жоқ, іске мығым тұқым едік. Менің ағам Шашамбай сізден артық па, тең бе, кем бе? Аққошқар Сайдалы билігін өзің айт, - деп оң қолын шекпен ішіндегі семсердің құндағына апарыпты.
Баланың көзіндегі от пен оң жақ тізесінің астындағы қарақасқа бүркітті, шекпенінің ішіндегі семсер құндағын ұстап отырған қол қимылын жіті бағып, сезе білген Сайдалы қанша сұңғыла болғанымен, сәл ойланып қалып: «Шашамбай менен артық еді десем, алты ердің құнын сұрайсың-ау, тең еді дегенімде, төрт ердің құнына келісесің-ау, кем еді деген қанға-қан деп, басымды ішіндегі бүкпелімен кесіп түсесің-ау, сонда анау қарақасқа бүркіт менің басымды алып жерден көтеріледі де, Ұлытаудың басына апарып тастайды-ау! Қой жылқы, аямайын бассыз көмілер жайым жоқ» деген шешімге келіп:
- Ерден ердің кемдігі жоқ, Шашамбай менімен тең еді, -депті Сайдалы.
- Сөзіңізге құлдық, сіз кісі қолынан өле қалсаңыз, құныңыз неше ердің құны болар еді?
- Мен кісі қолынан қазалансам, құным төрт ердің құны болар еді.
- Олай болса келістім. Бір ердің құнын өзіңе, бір құнын елге байладым. Қалған екі ердің құнын қайырыңыз, деп Наурызбай орнынан тұрыпты.
Төле би даудың біткенін хабарлайды.
Сайдалы өз тобына барғанда жұрт тұрып:
- Мұныңыз қалай болды, шынтақтай баладын жеңілгеніңіз, - дескенде:
- Ол бала емес, аруағы бар арқалы ақыл иесі. Қарабалық қыпшақтың ноқта ағасын – Таңабұғының бар абырой, атағын арқалап жүр екен. Сендердің жылқыларыңды аяймын деп, көрге бассыз көмілейін бе, еріксіз келістім, - деп, екі мың жылқыны келесі күні Шашамбайдың құнына айдатады.
.................................................................................................................................

«АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ»

Қаз даусты Қазыбек Уақ руының және соған жапсарлас мекендеген Арғынның басты адамдары әділ билікті зорқпен парға айналдырды дегенді естіп, іштей ыза болып отырғанда, сол жақтан бұл бір жолаушы үйіне түсе қалыпты. Ел мықтыларының ... сонысы рас па деп сұраса, жолаушы міңгірлеп, ештеңе айта алмаса керек. Сонда Қазыбек:

Ауруын жасырған ажалсыз өледі,
Зорлықтан қорыққан амалсыз өледі,
Айтпайын десе, бұған сор,
Айтпайын десе, елге сор.
Отыз тістен шыққанды,
Отыз рулы ел білер.
Қазақтың қайғысы қалмақ еді,
Берекемен жауын алмақ еді.
Мынау берекені бұзатын құрт ауру.
Не қылған ауыр салмақ еді!!
Қазақтың түбіне жететің сұмдық дерт,
Зағыр майндай жайылмаса игі еді?! –
деп жантая кетіпті.
...................................................................................................................

ҚАЗЫБЕКТІҢ ЕЛШІЛІГІ

Бала Қазыбектің Қонтәжіге барып, сөзден қалай женгені туралы жоғарыда айтылды. Бірақ бұл әнгіме уақыт өткен сайын әр айтушының аузынан түлене құбылып отыратыны ауыз әдебиетіне тән құбылыс. Сондықтан бұл нұсқаны да назарларынызға ұсынып отырмыз.
Сонымен Абылай хан аттандырған қазақ елінің Тайкелтір бастаған жүз қаралы елшісі ақпан айында Тарбағатай тауының маңындағы Қонтәжінің ордасына келеді ғой.
Ертеңіне елшілерді ханның алдына алып келіпті. Қонтәжі оларды кісі есебіне санамай, екі аяғын созып жата береді. Елшілер отырар-отырмастан хан:

- Не жұмыспен жүрсіңдер, арыздарыңды айта отырыңдар, - дейді сыр суыртпқтап.
Тайкелтір би майда сөзбен асықпай сөйлейтін адам екен:
- Ә дегеннен ағылмаын және сөзді қатақ бастамайын деген оймен өзіне сала сқйлейін, өгізді – өлеңге, терлікті – төменге деген ғой, алдыңызға келдік, - депті.
Қонтәжі Тайкелтірдің кішірейіп сөйлегеніне көтеріліп, «жарайды, олай болса, кешке дейін жауабын берейін. Егерде жауап бермесем, онда бастарыңның бүтін күнінде елдеріңді табыңдар» дейді. Осы сәт Тайкелтір қайыра сөйлеуге сөз таба алмай отырғанда, есік жақтағы Қазыбек Қонтәжіге қарай қадам басып: «Ел ебелек емес, ер көбелек емес, «дат» деп, сөз айтуға рұқсат сұрайды. Қонтәжі: «Сен кімсің?» дейді. Қазыбек:
- Балалардың басшысымын, ағалардың атшысымын. Тай бәйгесінен шығып, ат бәйгесіне қосылып отырмын, - дейді.
Қонтәжі:
- Олай болса, кәне, тындап көрейік, - дейді мысқыл үнмен. Сол-ақ екен, Қазыбек іркілмей:

Біздің қазақ елі, мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,
Елімізді басынбасын деп,
Ордамыздан құт қашпасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Жау аяғына басылмаған елміз,
Жұшпан аяғына жаншылмаған елміз.
Басымыздан намысты асырмаған елміз,
Адалдықты әрқашан жасырмаған елміз,
Атаның өсиетін балаға,
Баланың өнерін атаға,
Айтып, тарата білген елміз.
Құлақтың құрышын қандырып,
Әділ сөзді халыққа айта білген елміз,
Сен қатты болсан темірдей-ақ шығарсың,
Мен – көрікпін, еріткелі келмегенмен,
Сен жүйрік болсан жердегі аңдай шығарсын,
Мен құмай, алғалы келгенмін, -
деп бастырмалата жөнеледі. Басын оқыс көтеріп алған Қонтәжі жауап айта алмай, балаға қарай қалыпты. Мұны көрген Қазыбек бір адым ілгері аттап, тағы былай депті:
Сен қабылан болсаң,
Мен арыстанмың, алысқалы келгенмін,
Жау тілегенге жасыл береді деген,
Мен танытқалы келгенмін,
Елімнің аты - қазақ,
Ерімнің тапсырғалы, аманаты бар,
Елімнің шетінен ойран салған өзіңсің.
Жөнге салсаң, айыбыңды мойңына ал,
Бітіміңді бер, болмаса ұрысатын
Жеріңді белгіле,
Шабысқалы келгенмін, - дейді.
.......................................................................................


ҚАЗЫБЕКТІ СЫНАУ

Жас уақытында Төле би мен Әйтеке би екеуі Қаздауысты Қазыбекті сынамақ болып, бір ерге өтірік таласып, оның алдына жүгініпті. Ер иесі Әйтеке, даулаушы ТӨле би болыпты. «Қапталың – қайың, қасың – тал, Қазыбек қосқан ермісің» - деп, Әйтеке би іліп әкетіп өз уәжін айтады. Төле биде ердің өзінікі екенін дәлелдеп ерден айырлмайтынын, керек болса жан беруге баратыңдығын айтып, қасарысып бағады.
Содан Қазыбек Төле биге қарап:
- Сен – қараның ұлы Төлесің, адам болайын деп жүрген немесің, қу ағаш үшін жан берме, жан берсен күніңнен бұрың өлесің. Сен, екі шіркін, қартайғанда мені сынамай-ақ қойсаңдар етті? Орта жүзде бір кісінің жаурыны жерге тимей-ақ қойса қайтеді?- депті.
.................................................................................................................

Ертеде Қаракесек пен қыпшақ руларының арасында бір дау болады. Дауға Қаз дауысты Қазыбек келіпті. Амандасып болғаң соң қыпшақ биі: «Арғынның арық биі, сөйле» депті.
Сонда Қазыбек:
Арық емес, қатумың,
Қара жерден татумын.
Көшершілік кезде түйе азады,
Жетімдік көрсе қыз азады.
Елі жаугершілік болса,
Тағында хан азады,
Табыңдағы би азады,- депті.

Кері қайту