Жаңалыққа қатысты мәлімет
- Орнатқан: arystan
- Күні: 4-08-2012, 12:28
9547- рет көрілді
ӘЙТЕКЕ БИ
Категориясы: Би-шешендер » XVII ғасыр
Әйтеке би Тәуке ханның тұсында өмір сүріп, қазақ жұртын бір орталыққа бағынған іргелі ел болуына ісімен де, сөзімен де зор үлес қосқан . Ол сиқырлы да, сылқым сөздің шебері, майталман шешен, әділ би атанған.
Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Құйрығы суда тұрса да,
Уақтысы жеткенде
Қурамайтын құрақ жоқ, - деп тереңнен толғаған осы Әйтеке би.
...............................................................................................................
Шоқан Уалиханов белгілі билердің бірі ретінде Әйтекенің есімін Төле бимен қатар атайды. Қазақ руларының басын біріктіріп, бір орталыққа бағындырған және туысқан қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарын одақтастырып, жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы бірыңғай халық майданын құрған Тәуке ханның кеңесшісі, көмекшісі болған. Әйтеке – шешендігімен бірге ел басқарған, заң жобасын жасасқан, қазақ мемлекетін құрысып, нығайтуға үлес қосқан қоғам қайраткері.
.........................................................................................................................
Бір аңызда Төлеби мен Қаз дауысты Қазыбек ертеректе өлген бір кісінің құнын даулап кіші жүзге келеді. Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ келісе алмайды. Бір күні есік жақта отырған бір жігіт:
Асқар тау, сенде бір мін бар – асу бермейсің,
Тасқын су, сенде бір мін бар – өткел бермейсің.
Билер сендерде бір мін бар – басқаға сөз бермейсің, -
деп орнынан тұрып кетеді.
- Шақыршы анау қара жігітті , - дейді Қазыбек.
Жігітті шақырып келген соң: - шырағым, қай баласың, аты – жөнің кім, - дейді билер.
Әкемді сұрасаңыз - жетесіз ,
Шешемді сұрасаңыз некесіз.
Туасалған бір баламын,
Тегімді сұрап не етесіз?-
дейді жігіт.
- Балам, сөзің жетті, енді төрелегін айтып, осы дауға өзің ие бола ғой,- дейді Төле би.
Сонда қара жігіт түрегеп тұрып:
- Алты атасын арқалап жүргенді сіздерден қөрдім, жеті атасын жетектеп жүрген сіздерден көрдім. Ескіріп кеткен дау екен. Құр қайтсаңыздар ағалық назарларыңызға қаламын. Ердің құны жүз қара ғой. Кіші жүз санын жүзге толтырып тайынша,торпақ берсін, соған разы болыңдар! –дейді.
Екі жағы да осы төрелікке тоқтап, разыласып тарайды. Бұл – Әйтекенің жігіт шағында айтқан бір төрелігі екен.
...........................................................................................................................
Енді бір аңызда ауылында отырған Төле би мен Қазыбек Әйтеке баладан: «Жігіттің жақсысы қандай болады?» деп сұрапты.
- Дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген, - дейді Әйтеке.
........................................................................................................................
Ұлы жүздің жігітіне атастырып қойған орта жүздің бір қызы өз елінің бір жігітімен қашып кетеді. Соған байланысты ұлы жүз жағының жігіттері орта жүз ауылдарынан барымталап, жылқы айдап алады. Ақыры, ұлы жүздің биі Төле мен орта жүздің биі Қазыбек айтысады.
Аға болып алдымен туасың,
Алдымнан жылқымды неге қуасың?-
дейді Қаз дауысты Қазыбек би.
Артымнан ерген еркемсің,
Ағаңның көзі тірісінде
Жеңгеңді неге ертесің? –
дейді Төле би ашуланып. Сонда екі жағының сөзін тыңдап отырған Әйтеке би былай депті;
-Сабыр етіңдер билер! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады,
Төле, сен жылқыны қайыр,
Қазыбек сен жесірін қайыр!
Әйтекенің төрелігін екі жағы да қабыл алып, ауысқан адамды, малдарын біріне-бірі қайтарып, ел арасы тыныш болыпты.
.........................................................................................................................
Жер дауына байланысты Орта жүздегі Орманбет биге айтқан бір сөзінде Әйтеке: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін, бай болып елге пайдаң тимесе, батыр болып, жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» депті.
Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді
ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.