На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Жаңалыққа қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 4-08-2012, 13:07
10633- рет көрілді

БАЙДАЛЫ БИ

Категориясы: Би-шешендер » XVIII ғасыр



Байдалы би – Абылай заманында ғұмыр кешкен адам. Оның қисынды сөзіне, қиюын тапқан уәжіне Абылай хан да тосылған екен. «Абылай аспаз сары бел» атанған – осы Байдалы би. Қартайған шағында көңілін сұрай келген жас Кәрібекке аталық батасын бергенде осы – Байдалы би. Ел аузындағы әңгімелерде Байдалы бабаның қарапайым, қанағатшыл, тәубашыл, дана да дара тұлғасы айқын сақталған.


БИДІҢ БАЗЫНАСЫ

Өзінің замандасы, әрі тұрғыласы, дәулетті кісі Байғозы үйіне келгенде, өмірі кедейлікпен өткен, бірақ аты бүкіл қазаққа белгілі Байдалы шешен былай депті:
- Мына тұрған біздің үй,
Дәулеті жоқ ұйытқысыз.
Сексен үйрек қамасаң,
Бірін қармап тұтқысыз.
Төрге салар кілем жоқ,
Көрпе менен жастықтан
Сілкіп салар сілем жоқ.
Кедейлікті жеңуге-
Келін шайпау, бала ынжық,
Жасым жетті, шамам жоқ,
Ойым- теңіз, сөзім – бал,
Мал дегенде тұлдыр жоқ,
Байғозыға лақ сойсам жетпейді – ау,
Енесін сойсам орны мүлдем бітпейді – ау!
.............................................................................................................
Ел есінде қалған аңыз әңгімелердің бірінде Аралбайдан туған Бәйтелі батыр төре тұқымынан адам өлтіріп, құнды болады. Абылай хан билерін жинап алып, құныкерге өлім жазасын бұйырғанын хабарлайды. Ханның сегіз биінің бірі- немере ағасы Байдалыға Бәйтелі жаутаңдап қарай берсе керек. Сонда Байдалы би: «несіне қарайсың, лақ құрлы жоқсың ба, бауыздайын деп жатқанда ол да бақырады ғой» дейді. Байдалының сөзінің астарын түсінген Абылай өлім жазасын кешіріп: «Жеті жарғыдағы» құн төлеудің нарқы атам заманнан белгілі. Ал қара бұқара төре тұқымын өлтірсе, бұдан былай екі кісінің құнын тартады. Соңдықтан бәйтеліге осы жаза қолдансын» дейді. Байдалыдан басқа билер бас шұлғып мақұлдайды. Байдалы: «Тақсыр хан ием, есік алдында сіздің торы ат – бел тұлпарыңыз байлаулы тұр. Соның төбеліндегі түгі көп пе, жоқ тұла денесіндегі түк көп пе?»- депті Абылай:
- Әрине, тұла денесіндегі түк көп, - дейді. Байдалы би сөзін жалғап:
- Олай болса, төре тұқымы да ат төбеліндей аз. Мен жаңа тетелес інім Жәнекеңе (Бекше мен Аралбай бір әкеден, Байдалы Бекшеден, Бәтелі Аралбайдан туған. Байдалы тетелес немере інісін Жәнекең деп еркелетіп атаған. Содан Бәйтелі аты ұмытылып, Аралбайдан тарайтын бір тайпа ел Жәнекең руы аталып кеткен): «Бауыздайын деп жатқанда лақ та бақырады ғой, бақыр» дедім. Ол бақырып аруақ шақырса, ұранға шаппайтын ел болмайды. Сізге қамтуыңыздағы қалың бұқара қарсы шығады. Арғысы Арғын, бергісі Мейрамның бес баласы дүрліксе, хан болып тұра алмайсыз. Сондықтан адамнан адамның артықшылығы жоқ, төре тұқымына екі төлей алмаймыз. Бір кісінің құнын төлеуді даулап отырған адамыңыз нағыз төре болса, талша мойнымыз қылша. Ал бірақ Бәйтелінің жалалы болған адамы күңнен туған, түбі – шикі. Сондықтан жарты құн төлейміз,- деген екен. Сонда Абылай: «Сегіз биім, сегіз биімнің ішіндегі семіз биім» деп, Байдалының кесіміне тоқтапты. Сол даудан кейін Байдалы «Абылай аспас сары бел» атанып кеткен екен.
...................................................................................................................
Алтай өңіріндегі өмір сүрген Байдалы би қартайған шағында төсек тартып жатып қалады. Атақты бидің сырқаттанған хабары алыстағы
Қарқаралы өңіріне де жетеді. Байдалы бидің көңілін сұрамақ болып, сол елдің бір топ белгілі адамдары Алтайға аттанады. Асыға атқа қонғандар желе жүріп, Байдалы бидің үйіне келеді. Амандық-саулық сұрасқан олар:
- Уә, Бәке, жер шалғай болса да, сізді науқастанып жатыр деп естіген соң, көңіліңізді сұрай, әрі ғибрат алуға келдік,- дейді топты басқарып келген Бертіс би.
Байдалы би басын көтеріп отырып әңгіме арасында:
- Ғибрат алуға келсеңдер, әуелі мына бір жұмбақтың түйінін шешіңдер,- деп, он саусағын түгел санап шығады да, қонақтарға қарайды.
- Енді осының шешуін табыңдар.
- Отырғандар жұмбақтың шешуін таба алмай, аз-кем ойланып қалады. Шамалыдан соң топ ішінде отырған бір жас жігіт тіл қатады.
- Мұрсат болса, мен шешейін, - деп сөз бастайды:
- Бір деген саныңыз - бірлігі кеткен ел жаман,
- Екі дегеніміз - есігіп өткен ер жаман.
- Үш деген саныңыз - үш тармақ шідер түспеген асау ат жаман.
- Төрт дегеніңіз - төсегінен безген жас жаман.
- Бес дегеніңіз - белсеніп келген жау жаман.
- Алты дегеніңіз – асқынып кеткен дерт жаман.
- Жеті дегеңіміз – тау астында ері өліп, желек астында қалған жар жаман.
- Сегіз дегеніңіз – сейілмеген қайғы жаман.
- Тоғыз дегеніңіз – торқалы тойға, топырақты өлімге қатыса алмаған дос жаман.
- Он дегеніңіз – «аһ» дегенмен оңа алмас, орнынан тұра алмас кәрілікке не дауа бар дейсіз, Бәке! – деген екен сонда Қазыбек.
Байдалы би мыңа жастың жауабына дән риза болып:
- Уа, қай баласың? – дейді.
Қазыбек:
Наманай бұл-бұл атым бар,
Көк орай шалғын жерім бар.
Өріс толы малым бар,
Қонақжай елім бар,
Тыныштық сүйген халқым бар.
Сол елден Сізге келген Қазыбек деген ұлың бар, -депті.
Риза болған Байдалы би:
Айналайын өзіңнен,
Алғыр-тапқыр сөзіңнен,
Шештірер он талайды,
Кеш тудың-ау кезімнен, -
деп Қазыбекке бағасын беріпті.
..................................................................................................................................
Атағы елге көп тараған Байдалы шешен қартайған шағында кедейлік басып, жұтаң өмір сүріпті.
Бір жылы құрбан шалатын малы болмай, ол үйінде отырып қалыпты. Сол ауылдың Дөңмұрын деген молдасы:
- Биім-ау, мұның қалай? Өзіңде болмаса, бай ағайының бар, малды балаң бар. Солардан бір мал алып, неге құрбан шалмадыңыз? Мұныңыз ұят болады ғой, - деп Байдалыға ақыл үйреткен екен.
Сонда Байдалы:
- «Сөйлемесе сөздің атасы өледі». Айтпаса, естімейтін саңырау бар. Ашпаса, көрмейтін соқыр бар. Ағайындағы мал – аспандағы мал. Інідегі мал – індегі мал. Баладағы мал – даладағы мал. Сұраған адам – қайыршы, ал ұрлаған адам – қарақшы. Ұяты жоқ адамнан алып, борышты болғанша, алмай, құдайдың өзіне-ақ борышты болайын деп құрбан шалмағаным рас, - депті.




Мақала белгілері: қазақ би-шешендері

Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.