Қазақтың аса айтулы, айбынды, аруақты биінің бірі- Қаз дауысты Қазыбек. Оның өмірі негізінен қазақ-қалмақ шапқыншылықтары өршіп тұрған жаугершілік заманда өтті. Қазыбек есімі ел аузындағы әңгімелерде тарихи деректерде, көбінесе Абылай ханмен, Бұқар жыраумен қатар аталады, Халық оны «Қазып айтқан Қазыбек» – деп қастерлеген. Қазыбек бидің: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз;елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» – деп келетін жай оғындай отты сөздерін жатқа білмейтін қазақ аз.
Қаз дауысты Қазыбек айтты деген аталы сөз ел ішінде көп сақталған. Қазыбек бидің тіршілік ортасы, өз тұлғасы жайлы мәнді әңгімелер халық жадында әлі де мол.
Қазыбек есімі халыққа қазақ пен қалмақ арасындағы шапқыншылық кезінде екі елдің арасында бітімші-бүтінші болған батыл елші, парасатты мәмілегер ретінде мәлім. Халық аңызына қарағанда, Қазыбек 14 жасында Тайкелтір би бастаған қазақ елшілерінің құрамында қалмақ ханы Қоңтәжіге барып, батылдығымен әрі сөзге шешендігімен ерекше көзге түскен. Қазыбектің табандылығы мен тапқырлығының арқасында ғана осы сапарда қазақ елшілері теңдікке жетіп, қалмақ шапқыншылары байлап әкеткен адамдарын, айдап әкеткен малдарын қайтарып алып қайтады, Қазыбек Қаз дауысты Қазыбек деген құрметті атаққа ие болады. Қаз дауысты Қазыбектің бұл елшілік еңбегін Шоқан Уалиханов та естіген. Ол XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар дейтін мақаласында былай дейді:Үш жүздің батырларынан сіз кімді артық көресіз деп Абылайдан сұрағанда, ол былай деп жауап беріпті: Бізге дейінгі екі кісіге таң қалуға болады. Олар тоқсан туысын тұтқыннан құтқарып қалған Қаракесек Қазыбек және тағы да сондай өзінің тұтқында кеткен адамдарын босатып алған Уақ Дербісәлі.Біріншісі Қалданның өз алдына барып босатып алған, ал соңғысы өз ауылында жатып дұшпанын қорқытып алдырған.
Халық шежіресі бойынша, Қазыбектің Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет деген бес ұлы, Маңқан есімді бір қызы болған. Қазыбек қайтыс болғанда, осы қызы жоқтау айтқан екен:
Өсиет қылдың қазаққа,
Сарыарқа деп қонысың:
«Қалмақ сартпен жауласпа,
Болмасын дедің жұмысың.
Өнерсіз өскен ел едің,
Біреу саған жау болса,
Паналауға жарайды,
Мынау көрші орысың,
Орыспенен жауласпа,
Есіңде болсын бұл ісім».
Қаз дауысты Қазыбектің әкесі Келдібек би қыз таңдап, үйленбей біраз жүрсе керек. Содан ойламаған жерде, бір жиында, аяғы ақсақ, көзі қыли жас қызға көңілі ауып, құда түсіп, айттырып алады. Әке –шеше баласының айтқанына келіскенмен, аса қолдай қоймайды. Тіпті әкесі: «Таңдаған тазға жолығадының кебі келді. Сөз байласқан бұрынғы құдалардың бетіне қалай қараймыз?» деп айтып та тастапты.
Қаймағын піскен сүттің алдым қалқып,
Аяғы ақсақ болғанмен, ақылы артық.
Көзі қыли,сөзі мен ісі түзу,
Сөйлескеннен өн бойым кетті балқып,
деп жауап қайырады Келдібек би.
- Жетер. Енді көңілім орнықты. Табашыға да жауап табылар, -дейді әкесі.
Келдібектің замандастары әзілдескенде, осыны алдына тартып, қағытып жүріпті. Бірде олар Келдібектің өз үйінде отырып, соқтыға беріпті. Сонда жас келіншек шапылдап, беттен алмай-ақ сыпайы ғана:
- Көзім қыли, жасырмаймын, ақсақпын,
Келдекеңмен сондай тату жақсы-ақпын,
Татулықтың белгісіндей тамаша
Төрт божанды ұл таппақпын,-
депті.
Айтқанындай соның артынан Қаз дауысты Қазыбек дүниеге келген екен.
.......................................................................................................................................
- Әке, мен Төле биге барып сәлем беремін, өзін көріп, сөзін тыңдағым келеді,- деп бала Қазыбек қолқа салғанда әкесі:
- Ойбай, балам-ау, ол үлкен кемеңгер кісі, не деп барасың, алдында сөз таба алмай күлкі боласың, барма, -дейді. Бірақ Қазыбек қоярда қоймай әкесінен рұқсат алып, біраз жолдасымен Төле бидің ауылына сәлем бере келеді.
- Шырағым, «баз бала әкесінен өтіп туады, баз бала әкесіне жетіп туады, баз бала кері кетіп туады» деген. Сен соның қайсысың? – дейді Төле би сынап.
- Өткенімді алдымдағы өмірім біледі. Өз ойымша әкеме жетіп тудым-ау деймін, -дейді Қазыбек сөзден тосылмай.
- Ә, шырағым, жарайсың,- деп, Төле би балаша жадырап ризалығын білдіреді.
- Алысыңыз қандай? – дейді Қазыбек те сыпайы сұрақ қойып.
- Алысым жақын болды.
- Тәттіңіз қандай болды?
- Тәттім шырын болды.
- Несиеңіз қандай?
- Несием, шүкір, өніп жатыр.
Қазыбек ауылынан келген соң әкесі оның қасына ерген серіктерінен: «Балам Төле бимен не деп сөйлесті?» - деп сұрағанда:
- Екеуі былай десіп әңгімелесті, бірақ мәнісіне түсіне де алмадық, -деседі олар. «Олары несі екен?»-деп, қарт әке де түкке түсінбей таң қалады.
Сонда жұмбақ сырды Қазыбектің өзі айтып береді.
- Төкеңнің «Алысым жақын болды» дегені қос жанарын айтқаны. «Тәттім шырын болды» дегені ұйқысының қашқанын білдіргені. «Шүкір, несием өніп жатыр» дегені балаларының жақсы бағып, жақсы күтіп отырғанын түсіндіргені, -дейді.