На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Жаңалыққа қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 4-08-2012, 14:01
13629- рет көрілді

ДОСБОЛ БИ

Категориясы: Би-шешендер » XIX ғасыр

Жуандығы, Балқожа, өзіңдей болсын,
Жорғалығы менің сөзімдей болсын.
Сұлулығы мына Қошанжанның көзіндей болсын,
Ақтығы бұқардың ақ бөзіндей болсын.
Жеріміз шалғай, жүрісіміз көп,
Аяғын тұсау асау, тарпаң болмасын,
Өмілдірік, құйысқан бізде жоқ,
Ері алға кетер еркек,
Артқа кетер шалқақ болмасын.

- Е- е, Досекемнің көзі бозжорғаға түскен екен ғой. Әй, Қошан, алып кел менің Бозжорғамды,-деп Балқожа баласына ақырып қалады. Сөйтіп жүз тұсақ беріп сатып алған Бозжорғаны би өз қолымен Досболға жетектеткен екен. Балқожа ауылынан шыққаннан кейін Досбол Наурызбайды ертіп Қарта Шүйінішәліге, одан соң атақты ұста Тұрмамбетке барады. Тұрмамбет ұста Досекеңнің ең бір сыйлас, қадір тұтар кісісі болса керек, екеуі жылай көріседі. Осыны көрген Наурызбай: Бұл екеуі баяғыда өлген бабаларын жоқтап тұр-ау –деп қасындағы серіктерін күлдіреді. Бұл мысқылшыл Наурызбайдың үлкен кісілердің әйелдерше жылағандарын ерсі көріп, екеуінің де көсе екендерін қағытқаны екен.
Содан ұста қонағын үйіне бастайды. Үйге еніп, бәйбішемен амандасып, жайғасқаннан кейін Досекең манағы Наурызбайдың сөзін еске алып:

-Бөрілі таудан аспаған,
Бедеуге қамшы баспаған.
Алысқа сапар шекпеген,
Ат қадірін не білсін.
Жақсы тағам ішпеген, Жайлы орынға жатпаған.
Жат қадірін не білсін.
Қыста соғым соймаған,
Қозы етіне тоймаған,
Ас қадірін не білсін.
Атасы би болмаған,
Ер қадірін не білсін.
Алыстан шетке шықпаған,
Жер қадірін не білсін.

- Сен ағайын-ішінде, елдің еркесі болдың, мен сыртта жүріп, жәбір-жапа көрген соң, ағама айтып, мұңымды шағып жатқаным ғой, Наурызбайжан,-депті. Наурызбай жеңіл әзіліне ұялып, қатты қысылған екен.
Бұдан әрі Досекең Есіл бойындағы елді аралай жүреді. Бірде өздеріндей ел аралай келе жатқан, жанында серіктері бар бір жас жігітке жолығады. Жас ізеттілік көрсетіп, аттан түсіп сәлем береді. Сәлемдесіп болған соң Досбол жас жігіттен:
- Қай баласың, шырағым?- деп сұрайды.
- Руым- Тарақты, әкем аты- Киікбай, өз атым- Боранбай,-депті жас жігіт.
- Шабысыңды көрмесем де, дабысыңа қанық едім, балам. Аттың жалында, атанның қомында дегендей, жол-жөнекей кездескеніңді қарашы. Ақ боз үйді тіккізіп, қалы кілем жайғызып, қара сабаны пісіріп, сары қымызды сапыртып отырып сөйлескенде жөн болатын еді,-деп Досбол өтініш білдіріпті.
- Сіз тіккізер ақ боз үй, он сегіз мың ғаламға ортақ көк күмбезді аспаннан кең емес шығар. Сіз жайғызар қалы кілем шалғыны белден оралған, гүл-шешекке оранған, жасыл белді жазық даладан көлемді емес шығар, сіз пістірер қара саба – жағасында жайқалып өскен құрағы, елдің еркін емген бұлағы, арынды өзен Есілден берекелі емес шығар, шын сөйлескіңіз келсе, өкінбей аттан түсе қалыңыз, ата, - дейді Боранбай.
Досбол жас жігіттің сөзіне риза болып:
- Балам, мен сөзіңе тоқтадым. Сөзің тұтқыр көрінеді, аңшылар құрған тұзақтай. Ел қамын ойла күні-түн, ат терлігін құрғатпай. Қамқоршысы өзің бол, жоқ-жетімді жылатпай, - деп батасын беріпті.
Досбол тағы бір айтқан сөзі мынадай екен:

Көп шаңды құлан көтерер,
Боранды тұман көтерер,
Екі оқты бұлан көтерер.
Арғымақтын белгісі,
Арығанын білдірмес.
Асылзаттың белгісі,
Қайғырса да бүгілмес.
Асыл нардың белгісі,
Бүйірінен қақ жарып,
Бүйрегін алса бақырмас.
Арыстанның белгісі,
Айбатын алса ақырмас.
Қас батырдың белгісі,
Қақ жүректен оқ тисе,
Демеуге досын шақырмас.
Әуелден-ақ белгілі,
Өлмей адам қалмасы,
Өлмей көрге бармасы.
Көңілінен кете ме,
Өлімнің салған таңбасы.
Нәубәтімен дөңгелер,
Ажалдың жеккен арбасы.
Дүние деген опасыз,
Әркімдерден өтеді,
Өлшеп берген демің бар,
Бірте-бірте бітеді.
Аты жүйрік ажалың,
Аяндап-ақ жетеді.
Алтын тақты патша да,
«Ах, дариға жалған» деп,
Ол да арманда кетеді.
Дүние деген шолақ,
Жан – денеге қонақ.
Тірлікте өткен жақсылық,
Бүл өмірден өткенде,
Әкетерсің өзіңмен сол-ақ.
...................................................................................................................................
Досбол шешен қартайған шағында Наурызбай деген болыстың үйіне барады. Наурызбайдың үйі лық толған кісі екен. Ылғи жайсаң, байлар. Досбол онша мән бермей босағаға таяу отырғыза салады. Өзі болыс, өзі бай Наурызбай әркімді бір сөзбен іліп-қағып отырады. Бір кезде босаға жақта отырған Досболға қарап:
- Ана қарияның елінің қары әлі кетпеген екен-ау,- деп күледі. Онысы Досболдың үстіндегі жаман тон мен басындағы тері тымақты сықақ қығаны. Оған Досбол шешен айтарлықтай мән бере қоймайды. Наурызбай біраздан кейін тағы Досболға бұрылып:
- Ана кісінің үстінде дүниенің біраз байлығы бар шығар, - дейді. Сонда Наурызбайдың бұл мұқатқанына шыдай алмаған Досбол шешен былай депті:

- Алма мойын көк үйрек,
Көлден көлге қонысар.
Кедейден шыққан би болса,
Нашарды жақтап болысар.
Азаматы сай, аты сай,
Көшсе нуға жетеді.
Азаматы сай, шоты сай,
Қазса суға жетеді.
Көлде жүрген қоңыр қаз,
Шөл қадырын не білсін.
Шөлде тұрған дуадақ,
Көл қадірін не білсін.
Атасы билік қылмаған,
Анасы үлгі көрмеген,
Сен сияқты занталық
Ел қадірін не білсін.
Уа, кәрілік, саған не жаздым,
Айғыр едім, ат қылдың.
Жалғыздық, саған не жаздым.
Сөйлер сөзге мерт қылдың,
Жарлылық саған не жаздым.
Ағайынға жат қылдың,
Ағайынның азғанын,
Өзі білмес, жат білер.
Қапталдықтың батқанын,
Иесі білмес, ат білер.
Хан-патшаның азғанын,
Қырағы көзді халық білер.
Менің кім екенімді білмесең,
Анау төрде отырған
Жанторы деген қарт білер.

Сол кезде Наурызбай болыс орнынан ұшып тұрып:
- Сіз Досбол шешен екенсіз ғой, қария кешіріңіз, - деп, Досболдың үстіне жанат ішігін жаба бергенде, ішікті серпіп тастап, Досбол: «Мен ат мініп, тон кигелі жүргенім жоқ» деп, тағы тақпақтата жөнеледі:
-
- Мен сияқты тері тон,
Бір ғана мен емеспін.
Бұдан былай кездессе,
Солармен де кеңескін.
Атаның болма баласы,-
Халықтың бол данасы,-

деп, мақтаншақ Наурызбай болысты жиналған халық алдында қатты ұялтқан екен.
...............................................................................................................................

Әжібай деген кісінің бір үйір жылқысын Қожық Мақашұлы барымта жасап, айдап әкетеді. Әжібай қасына Досбол шешенді ертіп, қолды болған малын іздеп барады. Қожық ауылы Шу бойында отырады екен. Ол Сыр бойынан келген жоқтаушыларды үш күн қонақ етіп, Досбол шешеннің өнеріне қанығады. Қайтар жолда Досболға қарап: «Бұйымтайыңызды айтыңыздар дейді» сонда Досбол тұрып:

Әкең – Мақаш, өз атың Батыр Қожық,
Дұшпаның ерегіскен кетер тозып.
Ас пен айт шаһарлардың базарында,
Бәйге алды жүйріктерің жарысты озып.
Басқадан есерлікпен шықтың озық,
Болысар ағайынға шамаң барма,
Ақысын сұрай қалса қолын созып.
Артынан іздеп келіп, құнан тайын,
Мәлиіп отыр, міне, Әжібайың.
Елімнен өзіңіздей тентек шықса.
Осылай жемес едім қайғы – уайым, - деген екен.
Досболдың осы сөзінен соң Қожық Әжібайдың жылқысын қайтарып бергізіпті.
.........................................................................................................................................................
Досбол жігіт ағасы болған шағында қарт батыр Қошқарға сәлем бере келіпті. Сонда батыр тұрып: «Шырағым осы сен Жиренше шешенбісің, әлде Алдар Көсемісің?» депті.Досбол табан астында:«Төбеге би, төскеге мал толғанда, мен Жиренше шешенмін, ал жанға зор, жағаға қол жеткенде, Алдар Көсемін» деген екен.
.........................................................................................................................................................

Бір күні жиынның ортасында отырған Досбол шешеннен біреу:

Қол бастау қиын ба?
Жолбастау қиын ба?
Сөз бастау қиын ба? –

деп сұрайды. Сонда Досбол былай депті:

- Қол бастау қиын емес,
Көк найзалы ерің болса.
Жол бастау қиын емес ,
Соңыңа ерген елің болса.
Бәрінен сөз бастау қиын,
Тауып айтсаң береке қылады,
Таппай айтсаң келеке қылады!
...........................................................................................................................................................

Досбол би кедей болыпты.Мал дәметіп бай құдасына барады. Қонақта отырғанда, бай құдасы биден:
- Ешкімнен жеңілдің бе? – деп сұрайды. Сонда би:
- Жоқ жеңілгенім жоқ, тек екі рет ұялдым, - депті. – Бірде- қасқырдан, екінші рет- сенің қызың, менің келінімнен. Ерте тұрып қотанда жүр едім, бір қасқыр қотаныма шауып кірді де, маған тілін жалаң-жалаң еткізіп өте шықты. Сонда ұялдым, қасқырдың жаңғысы: « Досболдың қотанын шауып едім, құр ауыз кеттім- ау» дегені еді.
Келінім түскен соң мал келгенде, шелек алып қотанға кірсе, қатындар: «Бидің үйінде сауылатын қой болмайтын , шырағым, қайта ғой, депті. Келінімнің сонда шелекті құр әкелгенінен ұялдым.
.........................................................................................................................................................

Бес күн кісі болып, пара жеп, орнынан босап қалған бір болыс ақыл алайын деп Досболға барады. Елге жақпай қалғандардың сол кезде беделді адамдарды аңдығандар да болған. Сол сабаз тоқсанға келген Досболға келіп, бір жағынан оның «теріс мінезін» ұлыққа жеткізу үшін үш түрлі сұрақ қойыпты.
Бірінші сұрағы: «Жердің азғаны неден білінер?» деген сауал екен Сонда Досбол:

- Азған жерге сұңғыла шығар,
Оның гүлдері шұбар-шұбар.
Дөңбектей тамыры болар,
Сол уын қауынға жаяр.
Қауынның пәлегі солар,
Еңбегі зая болар,-

депті. Екіншісі «Көлдің азғаны неден білінер?» дейтін сұрақ екен. Оған:

- Азған көлде не бар,
Балығы кетер тулаған.
Бақасы қалар шулаған,
Қоғадан басқа шөп шықпас.
Мал тұмсығын тықпас,

- депті. Үшінші: «Елдің азғаны неден білінер?» дейтін сауал қойыпты. Оған былай жауап беріпті:

- Ел азарында есірік болар,
Адамда бір- бір кеңсірік болар,
Елдегі арам адал болар,
Елдегі жақсы қазан болар.
Жігіті кеселші болар,
Әйелі өсекші болар.
Елдің шынары болмас.
Үлкеннің ұғары болмас.
Кішінің тұрары болмас.
Ел тозып ығыр болар,
Ер қажып, тұғыр болар.
Баққаны базар болар.
Айтқаны азар болар.
Пәле түбі-жұт,
Жақсы мінез-құт.
Күндердің күнінде,
Ел бір жақсыға зар болар.

Сонда сауал қоюшы:

- Бұл сөзіңе тұралық тағы бір сұрағым бар.
- Айт сұрағың болса, - дейді Досбол.
- Олай болса, нені жаман, кімді жақсы дейміз?
- Досбол сауал қоюшының көкейі жақсы емес екенін сезеді. Бәлкім, ол өз заманына сай туған пысықтардың бірі болар. Сондағы айтқаны мынау екен:
-
-Тоқсанға келген Досболды,
Торламаққа келдің бе?
Айпасымды айтқызып,
Зорламаққа келдің бе?
Сілекейдей сөзің бар,
Ойнап тұрған көзің бар.
Көңілім- дария, сөзім-жыр,
Ақылым-алмас, тілім-дүр,
Мен айтсам, тегін айтпаспын.
Айтқанымнан қайтпаспын.
Әуелі би жаман,
Ниеті-қара, ісі ылаң.
Ағайынды қарақтап.
Оны-мұны сұраған.
Ел қамын жеген би бар ма?
Жақсы биде күй бар ма?
Екінші жаман болысың...
Үшінші жаман- ұлығың.
Надандығы ұрының.
Аралды берік етпейді.
Арамнан алыс кетпейді,
Сұм-залым деп ғайбаттар.
Ақыры қайыр іс емес.
Бұған көзің неге жетпейді?
Төртінші жаман кім жаман?
Мал аңдыған дін жаман.
Күле келіп үйіңе,
Күңірене шыққан сұм жаман.
Құтырған түйе жаман.
Жарымай жүріп шекпенге,
Сөз аңдыған сен жаман.
Мінезде жаман не жаман?
Бұзып бітті қу жаман.
Ақылсыздың сүйгені жаман.
Ақымақтың түйгені жаман.
Жылмақай мінез жаман.
Бойға күйез жаман.
Елге сияз жаман.
Ақырған ояз жаман,
Айсыз түндей надан жаман,
Аузы тұщыған арам жаман.
Ақылсыз болса, балаң жаман,
Күншіл болса, жақын жаман.
Өсекші болса, қатын жаман.
Өтпесе пышақ жаман,
Достық кетсе, құшақ жаман.
Жүрмесе ат жаман,
Саудасыз болса, сарт жаман.
Ауруда безгек жаман,
Адалсынған кәззәп жаман.
Жақсы деген немене?
Әуелі момын жақсы,
Бүтін болса, ел жақсы.
Сулы болса, көл жақсы.
Нұрлы болса, жер жақсы.
Жұртын қадірлеген ер жақсы,
Мінезді болса, жар жақсы,
Еңбекпен тапқан мал жақсы.
Құста қаз жақсы.
Жылда жаз жақсы.
Жасқа қыз жақсы,
Асқа тұз жақсы.
Қойға серке жақсы,
Жаман әйелден көрпе жақсы
Жүйрік болса, тай жақсы.
Жылқыға сай жақсы.
Адасқанға ай жақсы.
...Ақымақтың көңілі тоқ,
Елдің мінезі ездікке сатқан,
Сендей итке шоқ,шоқ.
...........................................................................................................................................

Досбол тоқсанға келіп, төсек басты болғанда, шиелі қыпшақтарының Байсын, Саудағұл, Нұржан деген үш атқамінері оның көңілін сұрай келіп, қонады. Ертеңіне қайтуға қарағанда, Байсын:
- Уа, Досбол аға, жасыңызда қазаққа қызыл тілден жол бермедіңіз. Аспандағы құсты ауызбен ілдіңіз. Енді төріңізден көріңіз жақын қалыпты, ол дүниеге не деп барасыз? – депті.
Байсын соқыр, Саудағұл таз, Нұржан пұшық екен. Өз замананың ұлығы болған соң, паңданып отырыпты. Кейбіреуі мұртын ширатып, сақалын тарай беріпті. Досбол бұл мінезді жалғандық, азғындық, машық деп ұқса керек. Оның үстіне «төріңізден көріңіз жақын» деген сөзді ұнатпай қалады да тез жауап қатады:
- Уа, тумақ болса, өлмек бар. Менің ол дүниеге айтарым жоқ. Егер айтар болсам, кешегі әруақты ерлерге қонған бақ құсы қара шыбын болды, ол ұшып соқырдың көзіне, таздың басына, пұшықтың мұрнына қонды деп барсам керек, - депті.
............................................................................................................................................
Жалғыз баласынан айырылған Ерден алыс-жақын ағайын-тума, әр жақтан ағылып жайсаңдар мен жақсылар, көніл айтуға келгенде, басын көтермей, бала қайғысы қабырғасын қайыстырып, салтөсек боп сарғайып жатып алыпты.
Бұл хабар Сыр бойындағы Досбол, Шоқайларға да жетсе керек. Ел арасы шалғайлықтан олар мүрде жерленгеннен кейін жетінші күні жетіпті. Үйге кіре аят оқып, өлгенге – иман, тіріге – береке тілеп бет сипасқанда, Ерден жатқан орнынан қозғалмапты.
- Уа, Ерден, - депті Досбол,- Қайғырғанда көңіліңді делбейтін ағайын-туыс болмаса бір сәрі! Құдайға шүкір, ойдан-қырдан жапырылып-ағылып келіп жатса, бұл – өліктің сәні, әрі көңілге дәрі емес пе? Өлмесе, қайда кетті бұрынғының кәрісі? Әлемді жалмап-жұтса да, өмірде тоймаған қара жердің талысы! Ерден-ау, өткенге өкінбе, келмеске күйінбе, өлім деген – ұзақ жолдың алысы. Өлмек – ақ, тумақ – ақ, барлық жанның қабір емес пе барысы? Құдайға мұнша наз қылатындай ашынасы ма ең, әлде көз көрген танысы ма ең?! – депті. Ерден бұғанда мызғымаған соң Шоқай малдас құрып отырған қалпынан ауысып, жүгіне қос тізерлеп, қамшысын мықымына таяна ұстап, аңға түсер мұзбалақтай шақ етіп:
- Ей, батыр Ерден! Басыңды көтер жерден! Құдайдан да құдіреттімін деп, мейманнан тасып кеткен екенсің керден?! Мыңды айдаған әкең Сандыбай да қара жерге енген! Оны мына Шоқай көзімен көрген! Әулие болсаң, әкеңді де, балаңды да, алып қалуға әлің кәне келген?!

Көкті бу көтереді,
Жүйрікті ду көтереді.
Өлімді ер көтереді
Ауырды нар көтереді!

Ер емес пе едің, нар емес пе едің, талай құқайды көрген?! Тағы да айтамын басыңды көтер жерден! Құнсыз беріп, пұлсыз алды – нең бар еді, құдайға берген? – дейді ашына.
Ерден төсегінен шүйіле көтеріліп, сартап боп сарғайған жүзін орамалмен сипап:
- Уа, асып туған асылдар! Қайғырсаң да қаншама, өлі артынан өлмек жоқ, құрдымға хайыл кеткен соң, екі айналып келмек жоқ! Көтермесем басымды, көңілім өксік қаяулы! Ардақтыларым едің аяулы, салмақтыларым едің санаулы! Көңілде қайғы шеменшер, төбелерің көрінбеген соң, күтіп жатыр едім, өздеріңдей асыл ерлерді! – деп құшақтаса көрісіп, көңілдегі нала құсасын тарқатысып, үш - төрт күн болып, көңілін демдеп, қайғысын бөлісіп аттанған екен.
.............................................................................................................................
Жанында екі жолдасы бар Баймұрат Досболдың ауылына соға жүрген. Жолдастары Досболға сәлем беруге көңілсіз болған соң, Баймұрат жалғыз барып сәлемдесуге атының басын бұрыпты. Соның бәрін қара лашық үйінің жыртығынан көріп білген Досбол Баймұратқа разы болып:
- Сен бізге қайырылсаң, саған да біреу қайырылар. Сәлемдесуге келген болсаң, саламат бол! Дүниедегі жанды-жансыз табиғатты өзімше байымдап отырсам, әр нәрсенің пірі болады екен.

Кедейдің пірі – қалтақ ата,
Ұрының пірі – жалтақ ата,
Шебердің пірі – тепшім ата,
Кәрінің пірі – кекшіл ата екен.

Сол айтқандай, кекшіл атаға мен де қол беріп, мүрит болып отырмын. Өйткені ана екеуінің қайырылмай кеткенін ішім ұнатпай қалды. Енді жүре бер шырағым! Жолың болсын, сау бол! – депті.
Досбол бір жиында, жарлыларды жамандай сөйлеген шешен сымақты былай тойтарыпты:

Ханға бергісіз қара бар,
Қылышқа бергісіз ара бар.
Кей қараның сөздері
Хан сөзіне барабар.

Енді бір сөздің кірісінде:

Арамменен жолдас болсаң,
Көңіліңді қаралар.
Жаманменен жолдас болсаң,
Жүрегіңді жаралар,-
деп түйіндепті.
Бала би Досбол:«Маған сөзі, өнері пар келетін жан бар ма екен»,- деп жүрген боз бала күнінде Шанышқылы елінде бір шешен қыз бар деп естиді. Айтушылар қызды: «Жасы жиырмаға келді, әлі ерге тиген жоқ, өзінен өнері, сөзі артық жанға тимекші. Бірнеше жігіттер барып сөйлесіп, қыздан жеңіліп қайтыпты», -дейді.
Аталған Шанышқылы елі Досбол еліне құда екен. Досбол жанына жолдас алып, қызды іздеп шығады. Бірнеше күн жүріп, дәл түс кезінде қыздың ауылына келсе, төрт –бес қыз атқа мініп, жанындағы ауылға бет алып барады екен. Досбол жолдасына:
- Әрине, басқа қыздар бір жерде жүрмек емес, адамға сөз бермейтін қыз осы қыздардың ішінде болар, аттың басын сол қыздарға қарай бұр, - дейді. Сөйтіп елді тастап, қыздарға бет қойып жүреді. Бұларды көріп, қыздар да бұрылады, бір-біріне жолығысқан кезде Досбол былай дейді:

Қайдан келе жатырсың,
Байталыңды қамшылап.
Ер сағынып жүрмісің,
Аузыңнан су тамшылап.
Алдыңғы парақ | Парақ нөмірі 2 баршасы 2
Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.