На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Жаңалыққа қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 4-08-2012, 14:01
13624- рет көрілді

ДОСБОЛ БИ

Категориясы: Би-шешендер » XIX ғасыр



Досбол Қорлыбайұлы (1815-1895) – Бағаналы Барлы бидің жиені. Досбол артында айтулы сөз қалдырған, ақпа-төкпе ақын, ақылды би атанған. Ол атақты Балқожа би (Ыбырай Алтынсариннің атасы), Мұғал билермен дәмдес болған. Досбол би жайлы әңгімелер оның ағайын арасын татулыққа шақырған, момын қара шаруа жан болғанынан хабар береді. «Арғымақты жамандап буданды қайдан табармын, ағайынды жамандап, туғанды қайдан табармын» дейтін сөз қалыпты осы Досбол биден.
Барлы бидің бәйбішесі өліп, Досбол келіп көңіл айтқанда Барлы: «Жасымнан ет-терім сіңген бәйбішем еді» деп, уайым айтыпты. Сонда Досбол:

Рулы елге жарасқан
Үлгі алатын ағасы.
Ағасы аман тұрғанда,
Қара ағаштай панасы.
Біреудің өлсе ағасы,
Жыртылғаны жағасы
Біреудің өлсе інісі,
Тарылғаны тынысы
Байдың өлсе қатыны,
Жаңғырғаны төсегі.
Кедейдің өлсе қатыны
Суалады ақылы
Нағашы, қайырлы болсын
Бәйбішеңіздің ақыры,-

деп көңіл айтқан көрінеді.
....................................................................................................................
Досбол бір дауға барғанда топ ішінен біреу:

Ханда қандай мін бар?
Биде қандай мін бар?
Дәулеті асқан байда қандай мін бар?
Айдай сұлу аруда қандай мін бар?
Шаппай желген жүйрікте қандай мін бар?
Төрт аяғы тең жорғада қандай мін бар?
Көргенің көп Досеке
Қырсыз шыңсыз жер болмас
Ыңсыз-шыңсыз ел болмас.
Сынсыз –мінсіз ер болмас? –
деп сұрапты.
Сонда Досбол былай депті:
Хандарда да бір мін бар,
Қанша даңқы асқанмен,
Қарашасын тең көрмейді,
Билерде де бір мін бар,
Әділ сөйлеп арыққа
Төресін дұрыс бермейді
Байларда да бір мін бар,
Ескісін киген нашарға
Есіркеп қайыр бермейді.
Әйелдеде бір мін бар,
Ажары сұлу болғанмен
Ақылы сәйкес келмейді.
Жүйрікте де бір мін бар,
Су төгілмес жорғамен
Қатарласып желмейді.
Жорғада да бір мін бар,
Жүрісі жайлы демесең,
Жал-құйрығын түйіп салсаңда
Бәйгеден сірә келмейді.
......................................................................................................................................

Бұқарбай батырды Досбол датқа іздеп барып, қонақ болыпты. Екі-үш күн қонып, дидарласқаннан кейін, Досбол атын алдырып аттанғалы жатқанда, Бұқар бай: «Не қалайсыз, бұйымтайыңызды айтыңыз» депті.
- Еш нәрсе алайын деп келгенім жоқ , дидарыңызды көріп сұхбаттастым, соған ризамын, деп Досбол енді жүрейін десе, аяқ астынан қамшысы таптырмай қалады. Соны іздеп, үйдің ішін қопарып жүрген жігіт текеметтің шетін көтеріп қалғанда, бір сапы астынан жарқ ете қалыпты. Сапыны көзі шалып қалған Досбол қолына алып, сұлулығына қызығып айтқан екен:
-
Бәрекелді сапы,
Әулие болар еді,
Ер жігіттен кетпес қапы,
Сабаз өнерді салған екен,
Қайта сөйлеп болмас,
Көзге түспей қалған екен,-

деп, сапыны тастай беріпті.
Бұқарбай:

Рас өнерді салған ,
Күмісті алтынға малған.
Ер жігітке екі сөйлеу жалған,
Бұл қылыш алмас,
Қадірлеп ұстаған кісінің қолынан қалмас,
Оны сізге бермей болмас,-

деп , сапыны Досболға тарту етіпті.
Қалың қыпшақ екіге бөлініп, жартысы Сыр бойына көшіп барып, Қаратауды жайлапты. Сол кезде бұларды «төрт төбе қыпшағы» деп атайды екен. Олай дейтіні ол кезде қыпшақтардың төрт басшысы болған. Олар Досбол, Балаби, Тұрсынбай, Тұрғынбай датқалар көрінеді. Сыр бойында қыпшақтар атынан Досбол датқа: «Арқадағы, Тобыл бойындағы қыпшақтарға көшіп келіңдер, бір жерде болайық» деп, төмендегідей хат жазыпты:

Дұғай сәлем айтамын,
Балғожа мен Қанғожа.
Сөзіме құлақ сал, қожа,
Шүйіншәлі Қарпықбай,
Қазыбайұлы Наурызбай,
Ой қыпшақ пен қыр қыпшақ,
Бәріңді жиса бір қыпшақ,
Мінгені бедеу, тоны шақ,
Жал -құйрығы бір құшақ,
Жал –құйрығын жайқалтып,
Шапқылап жүрген сол бір шақ.
Басымызды қосайық,
Ұзын судың бойынан,
Бір жақсылық тосайық.
Онан жақсылық болмаса.
Қатын-бала қамы үшін,
Жан сауғалап босайық.
Дәм бұйырып келсеңіз,
Төсек те, төр де сенікі,
Есікте орын біздікі,
Егер тілді алмасаң,
Айтқан сөзге көнбесең,
Қазулы көр сіздікі.
.......................................................................................................................
Ел аралап жүрген жақсылар қой баққан балаға кезігіп:
- Анау көрінген қай ауыл? – дейді
- «Мезгіл», - депті қойшы бала.
- Одан әрі қандай ауыл?
- Оның ар жағында «Қайда-қайда» ауылы, содан әрі «Әттеген-ай» ауылдары біріне-бірі жапсарлас қонған.
- Балам ,әкең үйіне кісі қондыра ма, қонағасы бере ме?
- Е, неге қондырмасын, қондырады, қонағасы береді. Бар болса біреу, жоқ болса екеу немесе үш қой сояды.
.... Қойшы баланың сөзіне түсінбеген олар ілгері жүріп кетеді. Батар күн батып, бағанағы айтқан ауылдарын таба алмай адасып кері оралған бұлар алғашқы «Мезгіл» деген ауылға келіп, амалсыз шеттегі үйге түседі. Үй иесі кедей болса да, жақсыларға жалғыз қойын сойып, қонағасы береді. Ет піскенде қолдарына су құйған баланы таныған ішіндегі бір би:
- Бағана сен жол көрсеткенде дұрыс айтпай , бізді адастырып азапқа салғаның не?! – депті.
- Мен айтқан сөзімнің төркінің түсінбеген кінә өздеріңнен, «Мезгіл» дегенім, күн батты, енді ілгері жүрмей, қонатын уақыт болды дегенім еді. Алдарында «Қайда-қайда» ауылы бар дегенім, түн болған соң адасатыңдарыңызды ескерткенім еді. Одан әрі «Әттеген-ай» ауылы барын айтқаным, өкінішпен азаптанып, адасып кері оралатыңдарыңызды біліп едім. Әкем қондырса, сіздерге болса біреу, болмаса екі немесе үш қой сояды дегенім, қонағына соятын жалғыз буаз қойының бар екендігін айтқаным. Сіздер мені баласынып, сөзімді шаласынып, жөндеріңізге кеттіңіздер ғой, - депті бала.
- -Балам, атың кім? –дейді би.
- Досбол,- депті бала.
..........................................................................................................................
Досбол қартайғанда халқын жиып, өз орнына би сайлау қажеттігін айтады. Жұрт жас Жаңғабылды сайламақ болыпты. Оны шақыртып алдырған Досбол:
- Жаңғабылым, сенің толған, менің солған кезім, мына халық сені қалап би сайлағалы отыр. Осы көпшілік алдында саған қоятын мынадай төрт сауалым бар, соған жауап бер, -депті.
-
Қырсықтың белгісі не?
Несібенің белгісі не?
Арзандықтың белгісі не?
Татулықтың белгісі не?

Сонда Жаңғабыл:

Қырсықтың белгісі-
Тал түске дейін төсегінде жатқандай.
Несібенің белгісі –
Жаңа ұйытқан айранды ернімен сорып тартқандай.
Арзандықтың белгісі –
Жағаңнан қойныңа жылан кіріп шыққандай.
Татулықтың белгісі –
Жауды жеңіп мекеніңе қайтқандай,-

деп жауап беріпті.
Досбол ел аралап жүріп Құлжабайдың ауылына түсіп, қона жатып әңгімелескен көрінеді. Бір күні ұзақ әңгімеден кейін салған төсекке жатайын деп шешіне бастағанда Досбол өзіне күбірлеп:

Сағат деген немене?
Ағат деген немене?
Қызық деген немене?
Шыжық деген немене?-

дегенін Құлжабайдың құлағы шалып қалып, айтқан екен:

Жақсыменен сөйлессең,
Сағат емей немене.
Жаман менен сөйлессең,
Ағат емей немене.
Жақсы қатын алғаның,
Қызық емей немене.
Жаман қатын алғаның,
Шыжық емей немене, -

депті.
Нұржан деген кісі сөзге шешен, тапқырлығымен бірге саудагерлікпен аты шыққан дәулетті адам екен. Сол Нұржан Досболдың дабысын естіп, (жаңылмас хақ, сұрінбес тұйяқ болушы ма еді, адамына кездеспей жұрген шығар, егер сол кісімен кездессем, сөзден тосар едім-ау) дейтін көрінеді. Бірақ өзі іздеп баруға жер шалғай, саң – сапылық шаруадан қолы тимейді. Оның бұл сөзінен қабырға бойын жайлап отырған Досбол да құлақтанады. Ол да Нұржанды бір көруге құмартады. Содан бірде қасына төрт-бес адам ертіп, Нұржанды өзі іздеп жолға шығады. Ел арасында сөз жатқан ба? «Досбол Нұржанды іздеп келе жатыр екен» деген хабар Нұржанға Досболдан бұрын жетеді.
- Қап, кәрі түлкі бір ұпай алып кетті-ау, - дейді мұны естіген ол. – Мейлі енді келсе келсін. Кімге бақ, кімге дақ боларын көріп алдық,- деп іштей түлеп Досболды күтіп алуға жан-жақты дайындығын жасай береді.
Бірақ Досбол бір ауылдан бір ауылға қонақ болып, Нұржанның ауылына соқпай, оны төңіректеп жүріп алады. Сөйтіп жүргенде Шалқарда жәрмеңкенің ашылатын уақыты болып қалып, Нұржан шұғыл сонда аттанып кетеді. Адамдарына Досбол өзі жоқта келсе, жібермей күтуді тапсырады.
Досболдың күткені де осы болса керек, Нұржанның Шалқарға кеткенін ести сала, адамдарын ертіп соның ауылына барады. Бірақ Досбол аттан түспейді. «Би бала қайда?» деп сұрайды. Ауыл адамдары Нұржанның қалаға кеткенін айтады.
- Е, мен оны даланың баласы, ауылының панасы деп іздеп жүрсем, оның – дүниеге көңілі ауған, сауда қуып, тиын сауған екен ғой. Қой, онда оны сол қаласына-ақ барып көрелік, - деп Досбол жүріп кетеді. Қос атпен жедел аттанған шапқыншы бұл хабарды сол күні Шалқардағы Нұржанға жеткізеді.
- Қап, мына қу шал тағыда алдымды орап кетті-ау. Қой, енді болмас, оны қалаға кіргізбей, сол даласында-ақ қарсы алайын, - деп алдынан шығады.
Екі топ айдалада кездеседі. Нұржан өз тобынан озып, аттан түсіп: «Армысыз, датқа аға» деп сәлем береді. «Бар бол,би інім» деп, Досбол да өз тарапынаң оның кішілік сәлемін зор ілтипат білдіре қабыл алады.
- Уа, би інім, жүрісің суыт көрінеді, қайдан келесің? – деп сұрайды Досбол амандықтан соң:
- Қаладан келемін.
- Е, қалаңда не қымбат екен?
- Қыл-қыбыр, жүн қымбат екен.
- Не арзан екен?
- Тері-терсек, шанаш арзан екен. Көрінген бұрышта ит тартып, жұлымдап жатыр.
Нұржанның жауабынан кейін Досбол сөзден тосылғандай, үндей алмай, кібіртіктеп қалады. Сол кезде Нұржан атына қарғып мініп алады ды, жүре беріп, қайта тоқтайды. Сонсоң Досболдан: «Басыңдағы не?» деп сұрайды. Досболдың басында қарсақтың терісінен, төбесі шошақ етіп тігілген сопа бөрік бар екен.
Досбол:
- Қарсақ, - дейді.
Нұржан:
- Бізге де тігіп бермес пе екен. Ауылыңа ере барсақ, - дейді.
Досбол:
- Ауылға барып, қи жейсің бе, саған осы да жетеді, ортасынан жарсақ, - дейді.
Сол кезде Нұржан атынан қайта түсіп, ұмтылып келіп, Досболдың қолын алады.
- Кешіріңіз, датқа аға , ініңіздің бір еркелігін. Ат, шапан айыбым дайын. Ауылға жүріп, қадірлі қонағым болып кетіңіз, - дейді.
Досбол Нұржан ауылында бірер күн болып, сый-құрметін көріп, елге аттанады.
Жолай, бір демалған жерде жанындағы серіктері Досболдың: «Ау, бұл не жұмбақ? Біз қасыңда жүріп, түгіне түсінген жоқпыз. Не болғанын өзің шешіп түсіндірмесең, әнеугүніден бері біле алмай, біздің діңкеміз құрып келеді» деп сұрайды.
- Мұның еш жұмбағы жоқ, - дейді сонда Досбол серіктеріне. – Нұржанның менімен кездессем тосар едім дегенін өздерің білесіңдер. Осыны естігенде менің де өзіне-өзі сенген азаматты көріп, бір тілдескім келді.Ақыры шыдай алмадым, сендерді ертіп, атқа қондым. Бірақ оның ауылына бірден бармай, маңайыңдағы ағайындарды аралап жүріп алдым.Ондағым Нұржанға «Жолың да кіші , жасың да кіші баласың, ата салтына тұрып сәлем беруге де жарамадың. Жөн-жобаны білмейсің. Алыста жатып, босқа мені күндейсің. Айтыспа, абыройың төгіледі. Менің шеніме де келмейсің» дегенім еді. Нұржан оны түсінді. Бірақ жығылғанын мойындап, жарбаңдап алдымнан шығуға арланды. Ақырын күтті. Мен де асықпадым. Саудагердің көкейін қашаннан тиын тескен, жәрменкенің ашылуын күттім. Ауылдан аттанғанда-ақ осыны ескерген едім. Ақыры, ойлағаным болды. Жылына бір түсер табыстан айырылып қалуға шыдамай, ол жығылар жерін біле тұрып, аттанып кетті.
Мен одан далада кездесіп, «Қайдан келесің?» - деп сұрағанда, оған ауылында айтқан сөзімнің сол қалпында жеткенін біліп, «соған айтар қандай уәжің бар?» дегенім еді. Ол бұлтарыссыз жеңілгенін мойындап, «қаладан» деді. Мен: «не қымбат екен?» дедім. Ондағым: «Малым-жаным садағасы, жаным-арым садағасы» деген даланың дарқан баласы едің, беттің арын белге түйіп, біреуді алдап, біреуді арбап, саудагерлікке көшкен екенсің. Ақыры не болар, қымбатыңнан айырылып қара басып жүрмессің» дегенім болатын. Ол тура жауаптан жалтарып, қыл-қыбыр, жүн қымбат деп, менің көселігімді бетіме басты. Мен: «Не арзан екен?» дедім. Ондағым: «Ол менің кемшілігім емес, жаратылыстың жаратуы. Одан басқа не кемшілігімді таптың» дегенім еді. Ол «тері-терсек, шанаш арзан екен» деді. Ондағысы: «Тұлдырың жоқ кедейсің. Күні кеше еліңнің азаматтары итше талап, сыйдырмай қуып жіберді. Шанаш құрлы құның жоқ. Сөйтіп жүріп мені сынап қайтесің» дегені еді. Мен ақиқатты аттай алмай үнсіз қалдым.

Хан алдына барғанда, хан таппады мінімді,
Би алдына барғанда, би таппады мінімді.
Өз аулыма келгенде, итке берсін күнімді. –

деп, Досбол тағы да әңгімесін үзіп, үнсіздікке беріліп біраз тұрып қалады. Бұл оның Қоқан хандығына қарсы шығып, бірақ өз туыстарынан қолдау таба алмай, өзіне қараған алпыс үйлі көзейін ертіп, Сыр бойынан сытылып Торғай бойындағы қалың қыпшақты сағалап жүрген кезі екен. Қамкөңіл Досболды серіктерінің бірі жұбатарлық сөз айтып сергіте алмады. Бәрі тағдырдың жазуынан шығар, - деп Досбол ауыр бір күрсінеді де, сөзін қайыра сабақтайды. – Нұржан менің тосылғанымды көрген соң, «шалым, солай, жайыңды біл» деп атына мініп жүріп кетті. Бірақ жастық па, пендешілік пе, мені бір сүріндіргенін місе тұтпай, басымдағы бөркімді сұрады. Ондағысы «қалай, есеңгіреп, есіңнен танып қалған жоқсын ба? Ауылыңды өзің таба аласың ба, әлде мен ертіп апарайын ба» деген әжуасы еді, Мен: «Босқа сандалып қайтесің. Сендейлердің талайын көргенмін. Жыланның үш кессе де, кесірткелік қауқары бар деген. Менің әлі де болса сендігім бар» дедім. Ал ол менің мұнымды мойындаған болуы керек, атынан түсіп, кешірім сұрады ғой, - деген екен.
......................................................................................................................................................
Досбол қартайған шағында Сыр бойынан Торғайға қайта келіп, ниеттес ағайын-туғанын аралайды. Досекең жолдастары мен елдің шетіне ілікті деген хабарды естігенде оның алдынан танысуға Наурызбай шығады. Екеуі бір-бірін білмейді екен.Наурызбайдың жаңа танылып келе жатқан жас кезі болса керек.
Досекеңнің дем алып жатқан үйіне Наурызбай серіктерімен сау етіп, кіріп келеді. Наурызбай амандықтан соң үй иесіне:
- Қара ағаштай қалқиған қауқары жоқ, мыңа жатқаның кім? – деп сұрайды, жол қажытып, ат соқты болып, шаршап жатқан Досекеңнің түрін ұнатпай. Үй иесі де жолаушымен әлі танысып үлгермеген екен, «пәленше ғой» деп жөн айта алмайды. Сонда Досболдың өзі басын көтеріп:
- Иә, шырағым, дәл таныдың. Мен қара ағаштай қатушы едім. Өзімді елеп еңкейгеннің таңдайына балшекердей татушы едім. Сендей талайлардың есінен қалғысыз қылып, шымбайына батушы едім. Қарайғанды ескермей, қалқиғанды қош көрмей, қиқиғанды хан көрмей, елдің шетінде, жаудың бетінде, желдің өтінде жатушы едім, - дейді. Сонда Наурызбайдың серіктесінің бірі:
- Қанша мақтансаң да ми сиярлық, шанашақ айналар желкең жоқ екен, - дейді. Досбол бұған да іле жауап қайырады:

Арам етті қом желке,
Барсаң байдан табылар.
Құлан сирақ, қу шеке,
Іздесең қайдан табылар,-
дейді.
- Уай, сен кімсің тақылдаған? Сырдың бойын жайлаған, жалғыз ауыз сөзімен, тоқсанның қолын байлаған, ғаділдігі қара қылды қақ жарған бір туыс бауырларын іздеп келе жатыр деп еді. Осы сіз Досбол ағай болмағайсыз?- дейді осы кезде алғашқы сөзден соң іркіліп қалған Наурызбай:
- Болсақ болармыз. Ал өзің қатарынан артық туған, жастайынан ойын-сауық, өнер қуған, билік айтса, тура айтқан, қарсыласының апшысын қуыра айтқан, түсі – досқа жылы, дұшпанға – суық, әзіл-қалжыңға жуық, қыпшақта Наурызбай атты бір бала өсіп өсіп келеді деп еді, сен сол емессің бе? – дейді Досекең де өз тарапынан ілтипат танытып.
- Таныр көздің тая соғары болған ба, аға. Сол інің – танабұға Наурызбайың мен боламын.
- Кел, бауырым, ендеше.
Досбол құшағын аша түрегеледі. Төс түйістіріп, аймаласқан бауырлар сағынышы басылған бір сәтте Наурызбай:

- Бәйгеге қосып жүлде алар
Арғымақ ат баққаның.
Жат бауыр кып балаларды,
Кәнекей, пайда тапқаның, -

деп інілік назын білдіреді.
Іні сөзін қабыл алған Досбол да құлай мақұлдай сөйлейді.
- Оның рас, Наурызбай,
-
Арғымақ ат көп бақтым.
Садағасы кетсін буданның,
Сырттың қосын көп жектім,
Садағасы кетсін туғанның,-

дейді.
Бұл «Соған өзім де өкінемін. Бірақ амал не, уақыт өз дегенін істейді. Ағымнан асып шыға алмадық, енді бәрібір кеш» дегені еді. Наурызбай да солай ұғады. Ол Досболды өз аулына бастап алып барып, жібермей қонақ етіп, құрмет көрсетеді. Одан әрі ағайын аралауға қосшы болып қасына ереді. Олардың осы сапарда алғашқы ат басын тіреген жері атақты Балқожа бидің (Ыбырай Алтынсариннің атасы) ауылы болады. Балқожа Досекеңді құшақ жая алады. Көрісіп сағынған көңіл мауқы басылған соң, би ат шаптырып, көлденең қыпшақтың даулы биі Мұғалды алдырады. Бұл Мұғал бидің сексенге келген кезі екен. Үш даңғыл жүйрік бас қосып, шер тарқата кеңес құрады. Көкірегі ояу, көңілі жүйрік Мұғал қарт Досболдың туыстығын, ой ұшқырлығына, көпті білер зеректігіне риза болып батасын береді. Келелі сөздің бір ретінде ол: «Келісің жақсы бала екенсің, кетісің қандай болар» - деп қалады. Бұл ақылды қарттың бауырымдап алыстан іздеп келген туысының мерейінің өсіп қайтуын ауылдастарына, оның ішінде Балқожаға ескерткен құлақ қағысы еді.
Добол екі күн жатып, үшінші күні жүруге Балқожадан рұқсат сұрайды. Би болса Досекеңнің әлі де бірге болып, жата тұруын қалайды, жібергісі келмейді. Бірақ оған «Бір қонғаным – құдайы меймандығым. Екі қонғандығым – ағайын туғандығым. Ал – үшінші қонсам болмай ма, тоя ішер тамақты қуғандығым», деп, Досекең көнбейді. Ақыры Балқожа би Досболға рұқсат беріп, үлкен баласы Қошанды шақырып алып: «Шұбар қысырақтың үйірін айдап кел, Досекеңнің алдына салып бер ала кетсін», - дейді.
- Сәл кідіріңіз, -дейді сонда Досбол Балқожа биге қарап: - Сіз маған шұбар қысырақтың үйірін атадыңыз. Рахмет. Сіз бердіңіз, мен алдым. Енді рұқсат етсеңіз мен сол қысырақ үйірін мынау Мұғал ақсақалға байладым.
- Олай болса, - дейді Досболдың дүниеге қызықпағанына іштей риза болған Балқожа би баласына. – Досекеңнің біздің ауылдан құр қол аттануы көрер көзден ұят болар, лайықты бір ат әкеп қосарлана байла.
Әкесінің айдаладағы бір жолаушыға айтулы шұбардың үйрін беріп қана қоймай тағы бір таңдаулы ат әкеп бер дегеніне іштей наразы болған Қошан жылқыдан көзі соқыр, өзі кәрі бір көк атты ұстап әкеп, байлап қояды.
Аттанар алдында өз атының қасында байлаулы тұрған соқыр кәрі атты көріп, «Япыр-ай Балқожаның мына баласы маған лайығы осы дегені ме?» деп іштей назаланып, Балқожаға қарап былай дейді:
- Уай, Балқожа, сен алдымен өзіңе қара, екінші мына маған қара. Сосын ана соқыр аттың көзіне қара, Қошан мырзаның жүзіне қара,- дейді.
Көкірек сарайы даңғыл Балқожа би оның емеурінін дәл таниды. Бірақ тереңдікпен дыз етпе ашуды басып тастай біледі.Жұрт көзінше баласынан әлдекімдер сияқты ашу шақырып, кіжініп жатпай, кеңдік танытады.
- Досеке,- дейді Балқожа жұрт назарын өзіне аударып, - баланың бір шалалығы шығар бұл. Не дегенмен болар іс болып қалыпты. Енді оның айыбын да, билігін де өзіңіз айтыңыз.
Сонда Досбол былай деп түйіндепті:
- Билік айтардай мен дауға келіппін бе, айып алардай жауға келіппін бе, бұған мен не дейін, Балқожа-ау. Ал әйтеуір құр қол жібермеймін десең, берер атың дос сүйсінер, дұшпан күйінер бірегей болсын.
Парақ нөмірі 1 баршасы 2 | Келесі парақ
Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.