На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Жаңалыққа қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 10-07-2012, 13:55
13432- рет көрілді

ЕДІГЕ БИ

Категориясы: Би-шешендер » XIV ғасыр

Едіге тарихи деректер бойынша Тоқтамыс хан тұсында (XIV-XV ғ.) өмір сүрген. Дала перзентінің бойындағы даналық қой қайтарып, қозы қуып жүрген тұста-ақ белгі береді. Аңыз әңгімелер Едігенің хан алдында қаймықпаған ерлігі, ақыл мен күш-қуат берген ерлігі жайлы көп айтады.
Ел жадындағы Едіге – әрі би, әрі батыр, әрі көсем,әрі шешен, әрі дана. Сондықтан халықта «Ел қамын жеген Едіге» деген ұғым қалыптасқан. Қаныш Сәтбаев 1927 жылы «Ер Едіге» жинағын құрастырып, оған алғы сөз жазғанда Едіге бейнесіне жан-жақты тоқтала келіп: «Едіге қазақ батырларының ішіндегі ең маңдайлы, аруағы күшті, көлемі, сәулесі күшті шолпаны есебінде.... Сыпыра жырау Едігені Ер Шыңғыс, Әз Жәнібек, Ақназар сынды ерлерден де артық сипаттайды», - деп ардақ тұтуға үндеген.

Едігенің төрт билігі
Ойнап жүріп, сонадайдан екі кісі келе жатқанын көрген Едіге қасындағы тоқсан балаға: - «Өздерің сәлем бермеңдер, сәлем берсе алыңдар, сәлем бермедің деп сөксе, жауабын мен берейін», - депті.
Кісілер жақындап келіп: «Балалар, неге сәлем бермейсіңдер?» -депті. Едіге: «Әуелі өздерің неге сәлем бермейсіңдер?» - дейді. Екі кісі:
- Біз үлкен бе, жоқ сендер үлкен бе?
- Біз үлкен, - дейді Едіге.
- Сендер қалайша үлкен боласыңдар?
- Егер мына тоқсан баланың жасын қоссақ, біз үлкен болмаймыз ба?
Сөзден жығылған екі жолаушы Едігенің тапқырлығына таңданып: «Бағанағы дауымызды осы балаға айтып көрсек қайтеді» деп ойлайды.
- Ей, бала, даулы болып Тоқтамыс ханға бара жатыр едік, енді дауымызды саған салғалы тұрмыз. Бітіресің бе? – дейді ат басын бұрып.
- Егер құдай аузыма салса, бітіремін, - дейді Едіге.
- Олай болса мынау – Алшын атасы Көкжалды мерген, мен – Кеңестің ұлы Көкжанбаймын. Еділ мен Жайық менікі еді, сондықтан одан қашқан қоян да менікі. Жайықтың жағасында, Ақкөлдің сағасында жатқан ақ қоянды көрдім де, атайын деп мылтығыма кеттім. Мен мылтығымды алып келгенше көкжалды қоянды атып алыпты. Осының төрелігін бер, - дейді.
Бала көкжалдан: «Сен қанша жерден аттың?» - деп сұрайды. Ол қанша жерден атқан мөлшерін көрсетеді. «Егер бір төрелік айтсам, екеуіңіз де көнесіз бе?» дейді Едіге. Екеуі де «көнеміз» дейді. Сонда баланың берген төрелігі мынау екен:
Қоянды алып, бір балаға құшақтатады да Кеңестің Көкжанбайына: «Балаға тигізбестен қоянды мерген көрсеткен қашықтықтан ат: егерде балаға тигізсең құнын бересің, оқ далаға кетсе, қояннан бейдімақ бол, тигізсең қоян сенікі болады», дейді. Бұл төрелікке көнбей,біраз ашуланған Көкжанбай сабасына түсіп: «Ұстат балаңа, атамын»,- дейді. Аңшы балаға дарытпастан қоянның қалаған жерінен тигізеді. Едіге: «Ендеше бұрын көрген қоян сенікі» деп, қоянды Көкжанбайға ұстатады. Көкжалды «бұл төрелігіңе көнбеймін» деп дау шығарады. Екеуі Тоқтамыс ханға барады. Хан алдында Көкжанбай болған оқиғаны баяндайды, баланың төрелігін айтады. Сонда Тоқтамыс хан: «Сол баланың төрелігі – төрелік, біз ондай төрелік бере алмаспыз да» депті. Сол бала Едіге сегіз жасқа келген соң мал табамын деп біреудің қойын бағып жүреді. Бір күні оған орталарында бір аяғы ақсақ жетегі бар төрт жолаушы ұшырасады. Төртеуі ағайынды екен.
Біздің еншімізге тиген осы ақсақ мал, ортамыздағы бір қара еді. Басы үлкен ағамызға, төрт аяғы төртеуімізге тиесілі. Осы ақсақ мал барып, кәпірдің егініне түсіпті.Кәпір төрт аяғының тиген жеріне төрт жүз ділдә сұрайды. Біздер соған даулы болып отырмыз. Егер сен би болсаң төрелігін қалай айтар едің, қойшы бала,-дейді бұған. Сонда Едіге: «Алла аузыма салса айтамын», - дейді жұлып алғандай. «Мынау ақсақ аяғы қайсыңызға тиесілі», - деп сұрайды алдымен. Ең кішісі: «Маған тиіп еді» – дейді. «Ендеше сен төлеуден бейдімақ бол», - дейді Едіге. Ділдәнің екі жүзін басып алған ағаң тартсын, өйткені малды егінге көзі көріп, басы сүйреп алып барды, екі жүзін екі ағаң тартсын, өйткені ауру аяқты сүйреп апарып бастырған сау аяқ. Үш ағасы бұл төрелікке көнбей, Тоқтамыс ханға барады. Хан алдында кішісі: «Біз жол бойы бір балаға жүгініп едік, ол мынадай төрелік айтты», - деп болған жайды жайып салды: «Баланың берген төрелігіне – әділ, мен ондай төрелік бере алмас едім», - дейді.
Тағы да бір күні атан түйені жетелеген, екі адам Едігені көріп: «Әй, қойшы, осы түйеге даулымыз, төрелігін бересің бе?» деп сұрайды. «Беремін», - дейді қойшы бала жасқанбай. !! Осы түйе менікі. Бота кезінде жоғалған. Атан болғанында танып отырмын. «Ұрлаған ұрым – мынау», - дейді біреуі. «Өз інгенімнің ботасы, өз бурамның баласы. Бұл маған қылып отырған жала», - дейді екіншісі. Едіге екеуіне түйенің енесін тауып әкеліңдер дейді. Екі інген келтірілген соң, Едіге атанның тақымына бұрау салып, бұрайды. «Жоғалтып едім» деген жоқшының інгені боздап атанның үстіне түсе қалады. Сонда бала: «Мұның ұрлатқаны, сіздің ұрлағаныңыз шын екен. Түйесін қайтарыңыз» - дейді. Екіншісі бұл төрелікке көнбеймін деп, Тоқтамыс ханға барады. Түйесін таныған бірінші адам ханға: «Осындай бір төрелік айтылып еді», -дейді, «Ендеше, сәл төрелікке тоқтап, түйесін қайтарып беріңіз», - депті хан.
Қой бағып жүрген Едіге тағы бір күні орталарындағы бір балаға таласып келе жатқан екі қатын мен екі еркекке кезігеді. «Әй, қойшы, біздер даулы болып келеміз, төрелік бересің бе?» - дейді жамырап. «Төрелігіне тек разы болыңдар», -дейді.
Осынау баланы бесікте жоғалтып едік, жүгіріп жүргенде танып отырмыз»,- дейді бір жұп жұбайлар. «Он ай көтеріп омыртқамды сөгіп тапқан балама жала қылады» деп зар қағады қалған екеуі. Едіге төртеуіне де: «Берген төрелігіме көнесіздер ме?» - деп сұрайды. Төртеуі де «көнеміз» дейді. Сонда Едіге баланы екі қолынан екі қатынға ұстатады. Едіге: «Даулы баланы семсермен екеуіңізге қақ бөліп беремін», -деп, семсерді көтере бергенде, «жоғалтып едім» деген қатын білегінен ұстай алады. «Өлтірмеңіз, -дейді жалынып, -менен туған бала болса, өскенде мені бір табар, әзірше мынау ақ алсын». Едіге үндемеген қатынға: «Сенің ұрлағаның шын екен, өлтірсе өлтірсін деп үндемедің, мынаның баласын өзіне бер», -дейді. Өзім таптым деген еркек пен қатын «бұл төрелікке көнбейміз» деп Тоқтамыс ханға барады. Төрелік тимеген қатын мен еркек ханға: «Даулы болып, сізге жүгінуге келдік», -дейді. Болған жайлы әбден тыңдап болған хан: «Қойшы баланың берген төрелігі – төрелік, ондай төрелікке кесу айта алмаймын» - дейді.
Мұнан соң Тоқтамыс хан: «Төрт рет мұндай әділ төрелік айтқан қандай бала, кім де болса мұнда шақырыңдар», деп бұйырады. Дереу Едігені хан алдына алып келеді. Хан: «Төрт рет төрелік айтқан сен бе?», - деп сұрайды.
- Иә, мен едім, тақсыр!
- Атың кім?
- Едіге. Баланың киімдері көнетоз екенін байқаған хан үстіндегілерінің бәрін тастатқызып, жаңа киім кигізеді.
Жауырындары жақталы,
Түйме баулы тартпалы,
Ал қаракес тон берді,
Мұны үстіне ки деді,
Көкала жорға мін деді,
Көнте белбау бу деді,
Тұтам бауы сом алтын
Ақсұңқар құс беремін,
Ұшан теңіз шүй деді,
Қырымнан қиын дау келсе,
Төрелігін соның бер деді.
Қырымнан қалың жау келсе,
Едігем, соны қыр деді.
Едіге дауды бітістіріп, жаудың бетін қайтарды. Тоқтамыс хан болса ел тыныштығын бұзбастан, жұртының алдында беделі өсе берді.
.....................................................................................................................
Күндердің бір күні Тоқтамыс ханның әйелі: «Осы алып жүрген жалшы балаңыздың аруағы сіздің аруағыңыздан басым көрінеді», -дейді. «Ей, тентек қатын, есігімдегі жалшының аруағы неғып менен артық болады» -деп хан шамданады. Ханым: «Ендеше сіз байқамай жүр екенсіз. Едіге «Аллаң жар болсын» деп кіріп келгенде, қашанда сіз селк ете түсесіз. Сескенетініңізді өзіңіз де білмейсіз. Егерде менің сөзіме иланбасаңыз, киіміңіздің етегін тебен инемен түйреп қоямын, сол уақытта селк ететініңіз мәлім болар», -дейді. Ханым ханның етегіне тебен ине түйрейді. Сол уақытта Едіге: «Аллаң жар болсын»,-деп есіктен кіріп келгенде, хан селк ете түседі, тебен ине ортасынан шортсынып, аспанға ұшады. Ханым: «Енді білдіңіз бе, аруағының зорын?» - деп ханға қарайды.
Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.