На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Жаңалыққа қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 4-08-2012, 13:14
5752- рет көрілді

БАПАН БИ

Категориясы: Би-шешендер » XIX ғасыр



Бапан Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың Тұраналы атты баласынан туған. Өмір сүрген дәуірі –ХVIII ғасырдың 60 жылдары мен XIX ғасырдың 50 жылдары аралығы.
Тұсында Қанжығалы руының бас биі болған. Бапан терең ойлы, әділ би болса керек. Оның осы қасиетін қыпшақ Байсерке абыз:
Шығарайын кесектеп
Ішімдегі қапамды.
Салмақтадым тұсымда
Өр таптан шыққан адамды.
Оқшау жаралған адам ғой,
Ішіме қарай тартайын
Қанжығалы Бапанды, -
деп бағалаған. «Мынау Бапандай екен» дейтін мақтау сөз осы кезде таралыпты.
Бапан өз тұсында Арқа жерінде өткен тарихи оқиғалардың біразына араласқан. Оның зор беделін өз пайдасына қолданғысы келгендерден талай рет жәбірлік те көрген.
.................................................................................................................................
Қалың Қуандық руының Алтай арасынан шыққан Жанбота деген байы қолына ұры-қарақшы ұстаған адам болса керек. Бір жылдың күзінде Жанботаның ұрылары Іштектен (Сібірден) ұрлаған малдарын айдап келе жатып Ерейменмен өтеді. Ереймен елінің төрт айғыр үйірі шамасындай жылқыларын да ұрлаған малдарын да қосып кете барады. Ереймен елінің қуғыншылары ұрылардың жылы ізімен жүріп отырып, олардың еліне келеді. Ауыл иесі Жанботаның алдында мал дауын бастайды. Мұндай дауларға еті үйренген Жанбота:
- Кез келген даугерге бас ұратын мен емес. Дау керек болса, еліңнің басты адамын әкеліндер. Тапқан екенсіңдер жоғалған малдарыңды кімнен іздейтіндеріңді. Аман-сау елдеріңе жетуді олжа қылыңдар, - деп қуғыншылардың өздерінің зәресін кетіреді.
Ереймендіктер елдеріне оралған соң, өздерінің Жанбота алдында нәтижесіз оралған мән-жайын айтады. Бұл дауға Бапанның араласуын өтінеді, көмегін сұрайды. Бапан қасына бір топ адам ертіп Жанботаға келеді. Сөз басталады. Бапан бидің:
- Ей, Жанбота, атаң Алтай еді, анаң менің апам Аққоян еді. Алтайдың ауызын асқа тигізген, тақымын атқа жеткізген сол апам Аққоян еді. Сондай анадан кем боп туған өзің болмассың, Қанжығалының кем боп туған қызы жоқ еді, - дегеніне шамданған Жанбота:
- Е, жеріңнен жерім кем боп па, еліңнен елім кем боп па, еріңнен ерім кем боп па? – деп дүр етеді. Сонда Бапан би:

- Жағалай ел қонбаса,
Суы тұщы болмаса,
Мал мен елің сусындап,
Мейірі одан қанбаса,
Көл дегенің немене?
Ынтымақ, бірлік болмаса,
Ерлікке мойын болмаса,
Үлкеннің айтқан сөздерін
Кіші қостап тұрмаса,
Ел дегенің немене?
Елде қорған болмаса,
Абырой, бедел қонбаса,
Ағайын, туған халқы
«Бәлен-ау»- деп тұрмаса,
Ер дегенің немене?
Шайырлы шөп болмаса,
Мал секіріп тұрмаса,
Қатар өсіп мал басы,
Қайырлы қоныс болмаса
Жер дегенің немене?
Желге пана болмаса,
Қарға бөгет қылмаса,
Түлкі, аңға толмаса,
Қадірі жоқ бір қырды
Бел дегенің немене?
Адал жүрек болмаса,
Сөзіне опа қылмаса,
Түзулікті бұрмалап,
Өтірікті шындаса,
Би дегенің немене?
Арыңды сатпа, малыңды сат,
Жалған айтып болма жат,
Жат болдым деп жандансаң,
Жүрегіңде қалар дат.
Тегінде жөндеп берерсің,
Бекер айтты деп жүрме,
Түбінде бір сенерсің,-
деп, атына мініп жүріп кеткен екен.
Қалың ойда қалған Жанбота есін жиып, Бапан бидің артынан кісісін шаптырып, қайта шақырған екен. Жанбота Бапан бимен бітімге келіп, Қанжығалылардың малдарын түгел қайтарып, оған қоса ат-шапан айыбын беріп, Бапан биді еліне риза етіп аттандырыпты.
.........................................................................................................................
Бес дуанды басқарған статс кеңесші Тұрлыбек Көшеновтің баласы Нөгербек (қасында Омбыдан келген геолог офицері бар) бірде Бапан би ауылына келеді.
Бапан бидің ауылы Ерейменнің ең көрікті көлі – Қоржынкөлдің жағасында екен. Ерейменді бір кезде ноғайлылар, қалмақтар қоныстанған тұста Қордынкөлді қоршаған таулардың сайларынан алтын қазған белгілер қалса керек. Мұны білетін Нөгербек Ерейменге геолог офицерді сол себепті әкеліпті. Нөгербек Бапан ауылына келген бұйымтайын айтқанда, оған Бапан би:
Маған би атын халқым берген еді,
Саған шынжырды жандарал берген еді.
Өз жеріңде су шыққандай,
Біздің жерде шешек шыққандай,
Шұңқырлауға мынауыңды неге әкелдің? –
деп ренжіген екен де, офицерге атасы Бөгенбай батырдың Дарқан ұста соққан қылышын, Нөгербекке қамшысын сыйлыққа беріп құтылса керек.
Тағдыр ісі тамаша дегендей, кейін алтын сол Нөгербектің қоныстары Шытырымбет, Масалы, Ақсулардан қазылған.




Мақала белгілері: қазақ би-шешендері

Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.