На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Жаңалыққа қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 4-08-2012, 13:41
6558- рет көрілді

БЕЙСЕНБІ БИ

Категориясы: Би-шешендер » XVIII ғасыр


Ғасырлар асуынан көзге түсіп, ерте ауызға іліккен жандардың бірі – Бейсенбі күйші. Оның туып-өскен, өмір сүрген жері – Қытай Халық Республикасындағы Алтай аймағы, Буыршын ауданы. Ол сөз иесі шешен, ел иесі әділ би, күй иесі домбырашы, қайрат иесі батыр, құс иесі құсбегі, сергек ойлы азамат болған. Бейсенбі Дөненбайұлы жас кезінде бүкіл Жанат руының (Абақ Керей) ортаға шығатын жылқысының қосбасы екен. Сол кезден бастап монғол-қазақ ортасындағы дау-шарды бітіріп, екі ұлт арасына таныла бастаған. Жаугершілік заман мен даугершілік өмір Бейсенбіні әр жақтан шынықтыра берген. Жанат елінің он мыңдаған жылқысы мен қаптаған қосынына иелік етіп, кедей-кепшікке қолының ашықтығымен мырза атанса керек.
Бейсенбі күйінің көбі аттың жүрісі мен аңның аттарына байланысты болып келеді.
Бейсенбінің «Кеңес» күйі бірнеше түрлі. Өйткені, Бейсенбі Керейдің төрт биінің бірі болып сайланғанда кеңесті күймен бастайтын болған. Шежірешiлердің айтуында, «Кеңесте» талқыға түсіп, шешім етілетін істің мән-жайын күй сарынымен кеңес басталғанша толғап отырады екен.
Бейсенбінің «Жеңілдім» күйінің шығу тарихы былай. Бейсенбімен дәуірлес Жайыр деген азамат Қобықты мекендеп жүрген жылдарының бірінде Ертістен өтіп Қаба, Буыршын елдерін аралапты. Жігерлі жігіт жүргіш болады, әрнені білгіш болады. Сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем болады дегендей; жалыны жарқылдап , талабы тасқындап өскен жас Жайыр Қаба елін аралап жүріп бір байдың үйіне қоныпты. Байдың қонақжай әйелі күтіп алса керек. Ән шырқап, күй тартып, күймен көлемді жинап, отырған жерін өлең-жырмен сейілдетіп, ел жүрегін жадыратып, қауымның қонақжай меймандостығына ие болыпты. Ауылға аялдап қалған қонақ жігіттен күмәнданып, «салт жүрген ұры» деген сылтаумен ұстап, кісендеп қойса керек. Бір күні Жайыр кісенді сындырып, ауыл шетінен бір керік тауып мініп (тұғыр ат) түнделетіп жөнеледі. Күн түндігін жауып, айналаны қаранғылық қымтап, көңілі ортайып, бір белден аса бергенде, екі-үш отаудың үстінен шығады. Ат басын тежеп тесіле қарайды.
Қотанды ауыл. Ақ орда. Керме толы саңлақ қатарынан сап түзеп тұр екен. Жайырдың аңсары ауады. Бірін мініп, бірін қосарына алып кетуге ыңғайланып, тықырын сездірмей ауылға аяңдайды. Жұлдыз жамбасқа аунап, таң шапағы білінейін десе де, орда ұйқыға батпаған екен. Үйге жақындаған сайын айқындалып естілген күй сарыны күздің ұзақ сары таңдарына жалықпапты. Тұлпарды таңдап келе жатқан Жайыр күйдің құдіретті әуенінен шыға алмай қалады. Ауылға іліне күйге құлақ түреді. Төңкере толқытып, баяулатып, кейде күреңдетіп, пернені бебеулетіп басып жатқан күйдің «жын» тіліндей сарынына сүйенеді. Күй оның қаяулы көңілін жадыратып жібергендей. Кейбір күйлер өзінің шертіп жүрген немесе біреулер шерткенінен естіген күйлері, ал қайсыбірі өзі естімеген сарындар сияқты. Күй сазына елтіп отырған жерінде ауыл күзетшілері бассалып, ұры-қары екен деп ұстап алыпты.
Күн төбеден ауа дастарқан жиналып, сапырылған қымызға сарықарындаған үлкендер тысқа шығады:
- Бізге жауап бермеді. Бидің өзіне барсам, жауапты орда иесінің өзіне ғана берсем деп өтініп отыр, - деп Бейсенбіге ұсталған ұры жайлы хабар тиеді.
Бейсенбі: «Қалайда көп талқысын көріп қар басқан қайсардың бірі ғой» деп ойлайды.
- Сен кімсің? – дейді бір ділмар ажырая. Шындығын бұлжытпай тез айтқыза қойғысы келіп:
- Бидің алдында сөйлеймін демеп пе едің. Көптің алдында – талқы, бидің алды – тез, «Сөз шынына, пышақ қынына тоқтайды», шыныңды бірақ ақтар. Ауылға не үшін келдің? Орданың түбіне не себепті ұйықтап қалдың? – деп сұрайды тағы біреулер.
Би көбіне шешендерді сөйлетіп, өзі тыңдаушы болып, жауапкердің ішкі дүниесінен сыр тартып, сынап отырады екен. Сол әдетімен Бейсенбі домбырасын сыңар ішекпен дыңғырлатып толғаумен отыра береді.
- Жер көріп, ел тану – азаматтың міндеті, атамыздың салты. Сол ата мұрасымен ауылдарыңыздың ортасына Қобық жақтан келіп танысып жүр едім, - деп бастайды ұры сөзін. Сол жүрген жолы мен қонған ауылына дейін қалдырмай тізіп айтады. Бейсенбі мұның сөзін ден қоя тыңдап: «Ұры болсада қотандағы қойдың ірге жауы емес, алыстан аңсайтын арыстың азаматының бірі ғой» деп ойлайды. «Бұл ауылға қалай келдің?» деген сұраққа Жайыр байдың кісенін бұзып шыққанын айтып:
- Қашып жүрген адамда кұй бола ма, байдың ауылы маңынан тауып мінгенім қойшының тұғыр торысы еді. Бір жүйрікті тақымға басып ырғытып жөнелсем деп армандап келе жатқанда, осы ауылдың үстінен шықтым. Көрмедегі саңлақтарды көріп, бірін мініп, бірін қосарға алып кетпекші едім, амал қанша, - деп тоқтайды.
- Неге мініп жөнелмедің? – дейді тағы бір жігіт сұрау беріп.
- Мен кермеге жақындағанда күйге мүлгіп тұрғандай жусаған аттардың маған құлағын тіккені болмады. Мен де сол күй сарынына азырақ құлақ қойып тыңдадым. Күйі мені іргеге тарта берді. Өнерге әуестіктің азаматқа пайдасы да, зияны да болады ғой. Бүгін жақсылардың алдында ұры атанып отырғаным да осы күйқұмарлығымнан еді, - деп тынады.
- Атың кім? – дейді Бейсенбі сөзге кірісіп, өз атын білетін күйшілердің бірі болар ма деген жылы шыраймен.
- Атым- Жайыр.
Бейсенбі Жайырға ойлы көзбен қарайды. Өзімдей күйші болып шығады демесе де, «Күй құмарлығымнан ұры атанып отырмын» деген сөзін еске алып, қолындағы домбырасын ұсынады. Жайыр домбыраның құлағын күйін келтіріп алып, түнде өзі тыңдаған сарынын тыңдаушының құлақ құрышын қандырта отырып оындайды да, домбыраны иесіне ұсынады.
- Би-еке, Қажыған ой, байланған қолдың күй шанағынан қате басқан саусағы болса кешірерсіз, мені өзіне баурап әкеткен, жіпсіз байлап алған осы күй болатын. Шоқпардан жығылып қолды болғаным жоқ. Айыбым атқа мініп, қашып құтылу еді. Күйге құмарлығым халық алдында жауап бергізіп отыр. Би алдында сөйлеймін деп, түнімен жауап бермегенім де осы жайым болатын, - дейді. Бейсенбі Жайыр деген күйші бар деп бұрын естімеген. Қазіргі сәтте Жайырдың істеген ісі мен сөзіне ой толғап, құмарлығы мен алымдылығы Бейсенбіні екіұшты ойға қалдырады. Өтірікші, алдамкөстің бірі ме, бұл күйді бұрын біле ме, қалай тез үйреніп алған. Осындай алғыр болса, халықтың шоқтығы биігінің бірі болар, сынап көрейін деген ойға тиянақтап, Бейсенбі Жайырды қатарға отырғызып күтсе керек.
- Жайыр екеуі күймен айтысыпты. Бірінің шерткен күйін бірі шертпей жаңадан бастап, бір түн күй –айтысқа түсіп, жеңісе алмапты. Бір кезде Жайыр пернені қолымен басып, үлкен башпайымен бір күй шертіп, домбыраны Бейсенбіге ұсынып:
- Қол шеберлігіңді байқадық. Енді аяқпен шертіп жарысқа түссек, - депті.
Бөжен бұрын аяғымен шертіп әдеттенбегендіктен, «жеңілдім» деген күйін шертіп, жауап қайырса керек. Бөжеңнің бір күйінің тарихы осылай баяндалады. Бейсенбі Жайырды күтіп, ат мінгізіп, шапан жауып құрметтеп, халықтың қалаулы азаматы деп таниды.
«Тентектің басқаны тоғыз, мінезі егіз». Әділеті жоқ өктем күш шырмап жатқан заманда ел үшін егеске түскен нар ұлдары болған. Солардың бірі – Жайыр. Егескен жерінен есе қайырмай қоймайтын ол бір жолы Қобықты басып жатқан Қытай уаңдары мен монғол күздейлердің қырына Жайыр да ілініп қалады. Бір айғыр үйірі жоғалып кеткен күзде жылқысын Жайырдан көріп, ұстап алып ұрып, қинап, дүрелеумен еріксіз алдым дегізеді. Иең кім десе, «Бейсенбі» дейді. Жайырда көп жылқы мен айып-анжаны төлейтін мал жоқ. Сондықтан Жайырды айдап, Бейсенбінің алдында кесім айтқызып, төлетіп алуға әкеледі. Бейсенбі Күздейдің алдында ұрыдан жауап алудан бұрын домбыраны алып күйлейді. Жайыр домбыра шынағынан төгілген «тансаңшы, қайсар тансаңшы!» деген күмбірді тап басады. Бейсенбі күйдің тілін ұқтың ба дегендей әуендеп тұрған күйдің әредігінде Жайырға көз қиығын тастаған екен. Жайыр ұзын қара мұртының шалғысын қайыры салып, сақалын салалап, кеудесін кере түсіпті. Күй тілін қалтқысыз ұққанына көзі жеткен би Күздейдің алдында ұрыдан мықтап жауап алады. Жайыр жылқыны алмағанын, Күздейдің жолсыздықпен байлап сабағанына шыдамай алдым деп, еріксіз мойындағанын айтып, би алдында Күздейге есе бермепті.
Бейсенбі – Бөжеңнің (Тансаңшы!) деген күйі осылай туыпты. Қазір кейбір күйшілеріміз күй тарихымен таныстығы болмағандықтан «Таңсамал» деген атпен орындалып жүр.
Бейсенбі жасаған өмір кезеңі – Абақ елінің іргесін Алтай алқабына бір жола тұрақтандырылған кез еді. Бұл жау шапты дейтін үрейлі өмірден арылып, қазақтардың еркіндей бастаған жылдары саналады. Осы қалың қауым ортасында өз өнерімен таңылып, әділдігімен көзге түскен, шешендігімен ел аузына іліккен Бөжеңнің дәуірлеген тұсы еді. Оның айтқан биліктері халық арасында кең тараған. Керісі ұзаққа созылып, келісімі кеселге ұшырап бара жатқан Уақ пен Абақтың арасындағы атақты «Көкбестінің дауын» бітіруге Жанат елінен Маман би аттанғанда, қасына Бейсенбіні қосып алыпты. Ол кезде Бейсенбі халық арасында айрықша танылмаған, тек қана Жанат елінің ішінде монғол-қазақ ортасында билік айтып жүрген боз бала болса керек. Уақтың биі Ер Көкшеге амандаса барғанда Маман қасындағы жас жігітті «тізгін ұстарым» деп таныстырыпты.
Ер Көкше би қартайған шағында «артыма дау қалдырмай бітіріп, сөз қалдырмай тындырып кетем» деп, армандап жүрген кезінде «Көкбесті дауы» ушыққан екен. Дауға іліккен Көкбесті Абақ елінің ерен жүйрігі болып, бәйге бермеген соң Уақ жағы қастандықпен өлтірсе керек.
- «Кәрінің сөзі тәтті, ісі сәтті, жастың жалыны қатты» деген жас биім, билігіңді сен айтшы, - деп , билікті Абақ еленің ортасына тастапты. Сонымен , Бейсенбі екі арыстың ортасында тұңғыш рет билік айтады.
- Бестінің құны бес кісілік, бітіскен жөн. Бұл- бір кісіге жүз қой немесе бір тоғыз құн дегенім. Елдесіп қан кешіп, құн кесіп жүрмелік. Бұл жолы 100 қой бас бәйге Көкбестінің сыбағасы еді. Бір кісілік соған. Бір кісілік Абақ елінің ұранына. Екісін алып, үшін қой. Екі ел берекелі ісін қой! – деп, екі жүз қой алып, үш жүз қойды кешірім қылып тоқтатты.
Осы билікке разы болған Ер Көкше би Бейсенбіге мініп жүрген қоңыр жорғасын тарту еткен екен. Бөжең оған арнап «Майда қоңыр ат» (кейде «Майда жал» деп те орындалады) деген күй шығарған.
Аға сұлтан Құнанбай Абақ-Керейге келіпті дейтін тарихи әңгіме бар. Сонау Семейден шығыстағы Абақ еліне арыстың аға сұлтаны Құнанбай келе жатыр деген хабар қалың қазақ пен монғолдар арасында жаппай таралып кетсе керек. Сонымен қабат, Құнанбайдың еліне бару орайында Керейден бітім аламыз дейтін жұрт түгел тұс-тұсына аттаныпты.
Ел ағалары бас-аяғы жиналып Қаба өзенінің бойында үй тігіп қарсы алыпты.
Абақтың ел ағалары Шабу би , Шегетай батыр, Шал, Жантөре би, Байқан, Көкен қатаршылар бас қосып, кеңес құрып:
- Елімізге дақ келтірмей күтеміз, арысқа түсіп, есеге есе көрсетеміз, теңдікте тұрып, тартысқа тартыс береміз, сайысқа түсіп, сөзге сөз сыналаймыз, -деп сілкініпті.
Сауынға тігілгендей қатарласқан оюлы отауларға қонақтар толған соң, ортадағы орда – кеңес үйге билер лық толса керек. Ру шонжарлары тиесілі орнына жайғасып болғаннан кейін қонақ иесі Шабу би сөз бастауды, билікті рудың төрелері немесе ел ағасы билер бастауға тиісті. Сонымен бір –біріне ұсынып отырғанда, төрден орын ала-алмаған, есік жақтағы бір шешен сөз бастапты. Қара құлын терісінен тігілген тай жақ кіреуке жамылып, құлын терісінен жасатқан белбеуіне сапы асынған жас жігіт Құнанбайға қарсы жүгініп:
- Біз сөзді қалай бастаймыз?! Ортамыз ойылып, ордамыз бұзылып, қоныс ауып, мекен қуып көшіп жүрген еліміз. Тұрған жеріміз қалың дөрбет пен ұранқайдың ортасы. Бұлардың бесік белгісі, төсек үлгісі жоқ, «алса бітім, берсе бітім» дегенді ғана біледі. Ортасы ойылып, ордасы бұзылмаған, жаны бір, заңы бар ағаның баласы өзі бастамай ма? – депті.
Сонда аға сұлтан Құнанбай шынтақтап жатқан жастығынан басын көтеріп, Бейсенбіге барлай қарапты.
- Болар, болар, өзі болар. Болғалы тұр екен ғой. Аузының жұрт айналар киесі бар, көмейінің жау айбынар сұр жыланы бар жігіт екен. Жиын өзі де басталды емес пе, - депті.
Бейсенбі жас болса да Абақ елі ортасында таныла берген. Кейінгі кезде Абақ елі төре билік айтар төрт билік сайлағанда: «Аға сұлтан Құнанбай келгенде ұлы жиында қазақ пен монғолдың, найман мен уақтың төресі мен топ жарғаны, шешені мен шенділері бас қосқанда топ бұзып сөз бастаған, аға сұлтан Құнанбай «Аузы киелі, көмейінен жел суырған шешен, билігіне ел тоқтайтын ұйыртқылы жігіт» деп бағалаған. Сондықтан Бейсенбіні төрттің біріне сайлаймыз», -деп шешкен екен.




Мақала белгілері: қазақ би-шешендері, Бейсенбі би

Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.