На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Жаңалыққа қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 4-08-2012, 12:48
8176- рет көрілді

АҚТАЙЛАҚ БИ

Категориясы: Би-шешендер » XVIII ғасыр


Ақтайлақ – Абайдың атасы Өскенбаймен, атақты Жанақ ақынмен замандас. Ел ішінде билікке қанағаттанбағандар Ақтайлаққа барып жүгініп дауын шешіп, көңілдері жай тауып қайтады екен.
.................................................................................................................................
Ертеде Өскенбайдың тұсында тобықты руының бір тармағы – Көкше жігіттері барымтада керейдің бір кісісін өлтірген екен. Керейден Биболат би дау қуа барса, не құн, не сөз бермей қайтарып жіберіпті.
Биболат Өскенбайға жүгінсе керек. Өскенбай: «Мына керейдің құнын неге бермейсіңдер?» дегенде, Көкшелер жағы: «Біз кісі өлтірген жоқпыз», деп дауласыпты. Сонда Өскенбай: «Жазда Сергиопольде (қазіргі Аякөз) съезде бас қосамыз, мәселе сонда шешіледі, екі жақ билеріңді айтыңдар, мен хабардар етемін» дейді. Көкше жағы билікке Бопыны атайды да, Биболат Ақтайлақты ұстайды. Келесі жазға дүйім жұрт Сергиопольде бас қосады. Ақтайлақ Бопының пара алғанын естіп жатады екен. Съезде билікті кім айтады дегенде, Ақтайлақ Бопыға: «Ақсүйек төресің ғой, бірінші сен айт» депті. Сонда Бопы: «Бұл адамның өлігі тамбыс көрінеді ғой. Керей Тобықтыдан төрт кісі күмән ұстасын» деп, Көкшенің ыңғайына көшеді. Биболат бұған қанағаттанбай, мен Бопыға салған жоқпын, Ақтайлақ не бұйырса соған ризамын дейді. Сонда Ақтайлақ толғай жөнеліпті:
Сауын саусаң бие сау,
Салқын түспей су алмас.
Күшті жисаң,түйе жи,
Қырқадан қиялай көшсең мұңаймас.
Қатын алсаң дегдарды ал,
Артында жылай қалса кім алмас,
Жез қарғылы құба арлан,
Жетпей түлкі шала алмас.
Желбіршектен оқ тисе,
Балық өрге жүзе алмас.
Біреудің жеткіншегі жығылса,
Жер таянбай ол тұра алмас.
Жетесізден би қойсаң,
Парадан көзін бір алмас.
Жылқы жайлау сұрасаң-
Бетеге шалғын даладан.
Қой жайлауын сұрасаң-
Көкірелі,жантақ, сорадан.
Малды жисаң қойды жи,
Қолың кетпес шарадан.
Итті жисаң сырттан жи,
Қой бермейді қорадан.
Ақсүйек Бопы төре едің,
Бүйірің шықпас парадан.
Ағарған сақал қараймас.
Атан жығар қырдан жел соқпас,
Ойда боран борамас,
Жақсылар орға жығылса,
Жаманның еш нәрсесі құрымас.
Құрымағаны құрысын,
Сол шіріктер не болғанын біле алмас.
Параға сатып ер құнын,
Бопы, сенің сірә да артың оңалмас.
Бұлаңдап жүрген жігіттің,
Бір көкейін жоқ кесер.
Сабазды құнсыз жіберсең,
Кісі өлтірген тек кетер.
Атам қазақ онысы,
Бетегейлі белде ме?
Өлке бойын жайлаған,
Көшпелі қалың ел дей ме?
Керей құнсыз кеткенмен,
Басқадан кісі өлмей ме?
Күмән кессең сен Бопы,
Мен жүз түйе құн кестім,
Ердің құнын бермей ме?

- Мен жүз түйе құн кестім, ердің құны – екі елу. Елу түйесі қазірден бастап Керейдің алдына салынсын. Елу түйенің онын – Өскенбайдың, онын- Бопының, онын осы отырған билердің, онын – Көкшенің, онын- Найманның шаңырағына байладым деп, бітім шартын жасапты. Ақтайлақ бидің аталы сөзі кейінгілерге нұсқа болып қалыпты.
...........................................................................................................................

Бір күндерде Ақтайлақ би ауыл сыртында төбенің басында отырса көз ұшы жерде келе жатқан Жанақ ақын екенін танып, ауылда, үй сыртында тай үйіріп жүрген балалардың ішінде өзінің кенже баласы – Сабырбайды шақырып алып: «Балам анау келе жатқан атақты Жанақ ақынға ұқсайды. Сен құрметпен қарсы ал да, бір ауыз өлең айт, Жанақ бір әбігерге түссін» депті. Жанақ ақын шұбар ат мініп, қобызын бір атқа жеке байлай салыпты. Бимен сәлемдесіп бола бергенде Сабырбай оған:

Бақсы екен деп ойлап ек, басын тартқан,
Ақын Жәкем сен ғой, өлең айтқан.
Бәрекелді көшіңнің сәндісіне,
Қараша інген секілді байталға артқан,-

дегенде, Жанақ ақын сасқалақтап қалып, қобызды шешіп алайын деп тұра бергенде, Ақтайлақ би: «Жәке, үйге барғанда балалар қобызды шешіп әкеледі, әзірше мына таяқты пайдалан» деп таяғын ұстатыпты. Таяқты ала сала Жанақ:

Төмен жақтан келемін жоғары өрлеп,
Үш жүздің баласында ақын - мен деп,
Атан да алдым біреуден, жамбы да алдым,
Мына неме кездесті - ау көлденеңдеп,-

дегенде, Ақтайлақ: «Бұл біздің жаңа талап Сабырбай деген баламыз» депті. Сабырбай Жанақтың атын кермеге байлап, қобызын шешіп әкеп, қолына ұстатыпты.
Жанақ:

Айналайын балапан, жас талабым,
Айтысуға мен сенен жасқанамын.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін,
Өрге өрлеп, ілгері бас қарағым,-

дегенде Ақтайлақ: «Балам, Жәкеңмен айтысу саған оңайға түспейді. Тез үйге бар да, мал сойғыз және оңаша үй тіккіз. Жанақты шақыртып келтіре алмаушы едім, бүгін дәм айдап өзі келді және саған шын ықыласымен тілек-бата білдірді емес пе» депті.
............................................................................................................................

Ақтайлақ би тоқсан беске келгенде таңертең бір ауыз өлең айтса, сол өлеңді жатқанда қайта-қайта айта береді екен. Қарттың бұл қылығына балалары жымыңдап күле беріпті, сонда Ақтайлақ:

Жалаң аяқ, жалаң бас,
Жарға ойнадың сен он бес.
Қызыл шекпен желбегей,
Қыздар сүйген жиырма бес.
Жалаулы найза секілді,
Жалаңдаған отыз бес.
Қынсыз пышақ секілді,
Қылшылдаған қырық бес,
Ақыл тоқтап ми толған,
Сені қайттім елу бес.
Аш бөрідей арсылдап,
Алдыңды орар алпыс бес.
Өрге шықса тізем деп,
Сені қайттім жетпіс бес.
Балаң мазақ қылады,
Қатының сөзбен ұрады,
Сені қайттім сексен бес.
Кеше тірі Ақтайлақ,
Бүгін өлі бір тайлақ,
Тірі деп ешкім ескермес,
Қараша тауға қар жауар,
Қос бұлақтан су ағар,
Ұрдың мені тоқсан бес,

- деп төсегіне құлай кеткен екен.
...........................................................................................................................
Ақтайлақ би тоқсан жасында қасына таз ақынды ертіп тобықтыдан бір ақын қызды іздеп шығады. Үйіне бейсауыт кісі келе жатыр дегеннен кейін ақын қыз шымылдықты түсіріп алады. Ақтайлақ серігімен үйге кірген соң, шымылдыққа таяп келген таз ақын былай сөз бастайды:
Құдаша, берірек кел көріселік,
Шашыңды екі бұрым өріселік.
Кесілген көмекейің ақын дейді,
Бір-бірлеп аты-жөнін теріселік.
Қыз:

Тұрмысың жаңа келіп көріскендей,
Бар еді қанша шашың өріскендей.
Ала құйын, құр кеуде, қыршаңқы таз,
Шұбар төс атың бар ма теріскендей.

Таз ақынның тілі байланады. Бұған намыстанған Ақтайлақ таз ақынды қуып шығады. Енді қыз оған бас салады:

Сенбісің Ақтайлақ би ақ найзалы,
Көрмеді ақылыңнан жұрт пайданы.
Сексен мен дәл тоқсанның арасында,
Талқаяқ өсек мінген сарт айдады.
Ақтайлақ:
Сарт айдаса обалым Тобықтыға,
Тобықты жылқы алғанын қойып тұр ма.
Сексен мен сол тоқсанның арасында
Жүкті болған қу қызға жолықтым ба?

Сөйтсе қыз жүкті болған соң шымылдықтың ішіне кірген екен. Ол сөзден ұтылып, ат-тон айыбын тартыпты.
.......................................................................................................................

Қартайған кезінде би балаларын шақырып алып, ақыл-кеңес айта отырып: «Шырақтарым, үш қызылдан сақтанып жүріңдер» депті. Сонда Дәулетбай деген үлкен баласы болыс екен. Мінезі жеңілтектеу болса керек. «Әке, сөзіңізге түсіне алмадық» дегенде, Сабырбай ақын: «мен түсіндім» депті. Ақтайлақ би «Ендеше рұқсат, шырақтарым, барлығыңа Сабырбай сабырлық туғызады» депті. Ертеңіне Әулетбай інісі Сабырбай ақынды шақырып алып «Кешегі бидің сөзін түсінсең, айтшы» депті. Сабырбай ақын: «Айтайын, ағайын туғанды жина, ішінде әкем де қатысып отырсын» депті. Дәулетбай болыс туыстарын үйіне жинап алып, Сабырбайға «Сөйле» депті. Сонда Сабырбай ақынның айтқаны:


Бас қосып жақыныңмен аңға барма,
Қызартар қызыл түлкі дауға қалма.
Ақымақ кісі қызғанар олжа алдында,
Бір жекжат тек көретін алар сауға.

Қызартар жақының мен қызыл желке,
Жастықта ата мұра-ойнап күлмек.
«Қылышты қынында көр» деген бар ғой,
Қызығып үш қызылға неге керек.

Жат қылар жақының мен қызыл қырман,
Әркімдер кәсіп етіп егін салған.
Жүйрік ат, түзу мылтық, қыран бүркіт,
Үшеуі шартарапқа олжа салған.

Ақтайлақ би: «Сабырбайым, үш қызылдың мағынасын дұрыс шештің, өркенің өссін, өзегің талмасын» деп бата беріпті
Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.