"Ауылнаймын, немесе қағазсыз неке кимаймын, жаназа оқытпаймын, — деп Көдебай бір дікілдейді" (Б. Майлин). Неке — қасиетті ұғым, беріктік шарты. Қазақ халқы мұны "ақ неке" деп ардақтайды. "Ақ некелі жарым" деп мақтанады. Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде некесі қиылады. Ол көпшлік алдында жасалады. Қосылған, бірақ некесі қиылмаған адамдарды халық «некесіз» деп сөккен және оларға салқын қараған. Олардың балалары да «некесіз туған» деген жаман атқа қалған. Ауыз әдебиетінде неке қияр кезінде айтылатын куәлік сөз бар. "Неке қияр сөз" деп неке қияр кезде екі арада жүретін екі куәнің күйеу мен қыздың ырзалығын сұраған уақытта айтатын сөздерін айтамыз. Бұл әнмен айтылмайды. Бірақ өлеңше ұйқасқан, дәйім бір калыпты айтылады. Мысалы:
Куә, куә, куәдірміз,
Куәлікке жүрәдірміз.
Мұнда халық қасында,
Таңда хақ қасында
Екі кісі хақ куәлік бередүрміз.
Пәленшеден жаралған (әкесін айтады), пәленшеден туған, (шешесін айтады), пәленше қызды, (қызды айтады) халал жұптылыққа қабыл көріп алдыңыз ба?
Қызға айтқанда да бәрін осы қалыпта айтып, аяғында "пәленше халал жұпты болдыңыз ба?" дейді (А.Байтұрсынов).
Осы сөздерде келтірілгендей жігіт те, қыз да жұпты болғандығын өз аузымен мақұлдайды. Содан кейін екеуі неке суын ішеді. Бұдан кейін олардың некесі қиылып, ерлі-зайыпты адамдар болып саналады. Үлкендер жақсы тілек тілеп, қол жайып бата береді.
Шариғат бойынша қалыңдық екіқабат болса неке қиылмайды, ол босанғаннан кейін қиылады. Жеті атаға толмаған қыз, жігіт некеге отырғызылмайды.
Неке туралы ислам дінінің өз заңы бар. Кейде өзбек, қазақ, қырғыз, татар, башқұрт сияқты түркі халықтары қыз алысып, қыз берісіп жатады. Бәрі де ислам қауымынан болғандықтан мұндай некеге рұқсат етілген. Егер қазақ жігіт орыс қызын алатын болса, ол әйел мұсылман дініне кіріп, тілін, салт-дәстүрін толық мойындайтындығы туралы уәде беріп, оны орындауы керек. Некеге сонда ғана рұқсат берілген. Мысалы, орыс қызы Мария Рыкина қазақ жігіт Дүйсенге шығып, олардың сүйіспеншілігінен "Дудар-ай" деген ғажайып ән туды. Олардың есімі бүкіл қазақ еліне аңыз боп тарады. Ақын Х.Бекхожин бұлар туралы дастан жазды. Қазақ-орыс арасындағы мұндай неке бұрын да, қазір де бар.