На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 22:07
  • 0
3596- рет көрілді

Ақтай жоқтау

Категориясы: Дәстүрлер » Қаза ғұрыптары

Өмірде бәрі де бола береді. Мысалы: құда түсіп, қалыңдық атастырылып, қалың төленіп, екі жақ келісімге келеді. Сөйтіп бұл жағдай жұртқа белгілі болады. Екі ортада кұдалық рәсімдер, барыс-келіс басталады. Күйеу жігіт ұрын барған кездер де болады. Осындай жағдайлардан кейін тағдырдың жазуымен кұйеу жігіт қайтыс болса, әдет заңы бойынша оны оң жақтағы (өз үйінде отырған қыз) қалыңдық та жоқтайды. Бұл қазақ дәстүрінде белгіленген, оны «ақтай жоқтау» деп атайды. Бұл үшін қалыңдықты ешкім кінәлай алмайды. Ұлттық көне заң бойынша әлгі қалыңдық өзі атастырылған жігіттің ағасына немесе інісіне қосылады.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 22:06
  • 0
4508- рет көрілді

Жоқтау (салт).

Категориясы: Дәстүрлер » Қаза ғұрыптары

"Сен жоқтау айтқалы отырсың, мен тоқтау айтқалы отырмын" (Байдалы би).

Жоқтау — аза ғұрпын көтере түсетін, қайғыны басатын, қазаға аса лайықты қаралы салттың бірегей түрі. Қайтыс болған адамның жақсылығын, еліне істеген қызметін, жақсы қасиеттерін паш ететін тұрмыс-салт дәстүрі, жыры, зарлы өлең. Жоқтауды белгілі ақындар немесе сол адамның әйелдері мен ана, қарындастары да шығара беретін болған. Жоқтаудың дінге қатысы жоқ, ол қалыпты халықтық салт, өлімнің берік әдет-ғұрпы деп ұғыну керек. "Боздағым" атты қазақтың жоқтау жырларында (Алматы, 1990 ж.) Бұхардың Абылай ханды жоқтауы, Қаз Дауысты Казыбек биді қызы Қамқаның жоқтауы, Абай ұлы Әбішті әйелі Мағыштың жоқтауы сияқты жоқтаудың көркем үлгілері бар. Жоқтау тәрбиелік үлгі-өнегесі бар, мәдениеттілік пен адамды бағалаудың және оны есте сақтаудың бір белгісі ретінде қалыптасқан. Ол өлген адамның жылына дейін айтылады. Жоқтау — қазалы, кайғылы, зарлы үнмен жырланады.
Жоқтауды қайтыс болған адамның әйелі, апасы, қарындасы, қызы және жақындары айтады. Ал аса құрметті адамдарға сол елдің сұлу, әнші қыздары қатыстырылады. Мысалы, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Сарыкөл жерінде (Қостанай) өткен Шауыпкел батырдың асында Шәңкі бидің немересі Төкіш болыстың сұлу қызы Бәдігүл мен Байғасқа бидің қызы..........
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 22:04
  • 0
3086- рет көрілді

Көңіл айту (ғұрып).

Категориясы: Дәстүрлер » Қаза ғұрыптары


"Төңіректегі халық естіген беттерінде көңіл айтуға топырлап келіп жатыр" (Т.Әбдіков). Жақын адамы қайтыс болғанда оның туған-туысқандары мен таныстары, іліктері қазалы үйге әдейі барып бата жасап, көңіл айтады. Көңіл айтудың мәні — мұңды адамды жұбату, сергіту. "әженнің артынан өлмек жоқ" деп уайымға берілмеу жөнінде жаңашырлык ақыл-кеңестерін айтып, қайрат береді. Кайғыға берілген адамды кейбір өткір шешендер әрі мінеп, әрі сынап, әрі ұрсып тоқтатқан. Мысалы, Бағаналы Ерденнің баласы өлгенде басын көтере алмай қалғанда Таз Шоқай би былай деген екен:
— Уа, Ерден!
Басыңды көтер жерден!
Осы балаң өлмегенде
Кетіп едің керден.
Өзі беріп, өзі алды
Нең бар еді кұдайға берген?!
Балаң түгілі
Әкең Сандыбай да өлген.
Оны Шоқай көрген.
Жақсының басына іс түссе
Ойлай береді.
Көкті бу көтереді,
Жүкті нар көтереді,
Өлімді ер көтереді. Жақын-жуық немесе білетін адамдар қайтыс болғанда кісі орнына әдейі барып көңіл айтпаса, ол үлкен мін әрі ұят. Мұндай жағдайда қайтыс болған кісінің жақындары оған өкпелеуі, ұялтуы да мүмкін. Көңіл айта білу де — көргенділік.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 22:03
  • 0
2418- рет көрілді

Естірту

Категориясы: Дәстүрлер » Қаза ғұрыптары

Естірту (дәстүр). "Хабаршылар Ғалидың үйіне, Жаматдың үйіне кісі салып естіртті" (М.Дулатов). Ата-анасы, баласы немесе жақыны қайтыс болған жағдайда оны айтып жеткізуді "естірту" дейді. Естіртуші адам әлгі кісіге сыпайылап, тұспалдап жеткізіп, тоқтам айтып, оны бекем болуға шақырады. Кайғылы қазаны орынсыз жерде немесе жол-жөнекей, жеңіл-желпі айта салуға болмайды. Халқымызда естіртудің үлкен психологиялық, философиялық, классикалық үлгілері бар. Мысалы, "Жиреншеге Қарашаш сұлуды естірту", "Шынғысқа Шоқан өлімін естірту" сияқты. Естірту қазаға байланысты жерде ғана қолданылады.
Жандосұлы Келдібек Шоқан өлімін Шыңғысқа былай естіртіпті:
— Ұлы өлмеген руда жоқ,
Қызы өлген Қырымда жоқ,
Қатыны өлмеген халықта жоқ,
Ағасы өлмеген аймақта жоқ,
Інісі өлмеген елде жоқ,
Әкесі өлмеген әлемде жоқ,
Шешесі өлмеген пенде жоқ,
Аққу ұшып көлге кетті,
Дуадақ ұшып шөлге кетті,
Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді,
Оны иесі өзі әкетті.
Шоқан деген балаңыз
Бәріміз баратын жерге кетті... Естірту көпті көрген, жөн-жосық пен сөзді білетін адамдарға тапсырылады.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 22:02
  • 0
2120- рет көрілді

Иман айту

Категориясы: Дәстүрлер » Қаза ғұрыптары

Иман айту — немесе иман үйіру деп те айтылады. Науқастанып жан тәсілім алдында жатқан адам өз иманын өзі айтып, тілін кәлимаға келтіреді. Егер ол өзі айтуға шамасы келмесе күзетте отырған адам да айтуға болады. Дәстүрімізде ауыр науқасты күзететін ғұрып бар. Күзету — беті бері қарамайтын науқастың жанында жанашыр адамы, туысы, молда отырып, оның ақырғы сәтін күту. Ауру өте әлсіреген кезде молда дем салып отырады. Мұндай сәтте науқас жақындарымен арыздасып, кешу сұрап, өсиетін айтады. Иманын айта алмай немесе айтылмай өлгендерді халық "арам өліпті" немесе "имансыз өліпті" дейді. Адамның жан тәсілім етер шағын соңғы демін "ант-мезгіл" — дейді.

Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсең керек,
Мен де пенде амалсыз көнсем керек.
Қызығы зор қайран дос, қайран тату,
Сендер өлдің мен-дағы өлсем керек.
(Абай)
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 22:01
  • 0
2216- рет көрілді

Иман айту

Категориясы: Дәстүрлер » Қаза ғұрыптары

Иман айту — немесе иман үйіру деп те айтылады. Науқастанып жан тәсілім алдында жатқан адам өз иманын өзі айтып, тілін кәлимаға келтіреді. Егер ол өзі айтуға шамасы келмесе күзетте отырған адам да айтуға болады. Дәстүрімізде ауыр науқасты күзететін ғұрып бар. Күзету — беті бері қарамайтын науқастың жанында жанашыр адамы, туысы, молда отырып, оның ақырғы сәтін күту. Ауру өте әлсіреген кезде молда дем салып отырады. Мұндай сәтте науқас жақындарымен арыздасып, кешу сұрап, өсиетін айтады. Иманын айта алмай немесе айтылмай өлгендерді халық "арам өліпті" немесе "имансыз өліпті" дейді. Адамның жан тәсілім етер шағын соңғы демін "ант-мезгіл" — дейді.

Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсең керек,
Мен де пенде амалсыз көнсем керек.
Қызығы зор қайран дос, қайран тату,
Сендер өлдің мен-дағы өлсем керек.
(Абай)
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 22:00
  • 0
2083- рет көрілді

Өсиет

Категориясы: Дәстүрлер » Қаза ғұрыптары

Өсиет (дәстүр, ғұрып). "Үзіліп бара ма, жоқ арыз, өсиет айтамын деп әлсіреді ме, білу қиын" (М.Әуезов).
Белгілі бір адамның жасы жеткеңде немесе жан тәсілім алдындағы кейінгі ұрпақтарына, туған-туысқандарына айтып кететін ақыл, кеңесі, өтініші немесе соңғы тапсырмасы. Дәстүр бойынша кейінгі адамдар айтылған өсиетті бұлжытпай орындауға тиіс.
XVIII ғасырда өмір сүрген батыр, жырау Ақтамберді өлерінде былай деп өсиет айтыпты:

Балаларыма өсиет,
Кылмаңыздар кепиет.
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алты ауыз,
Еліңе кірген әреке...
Бар арманым айтайын:
Батырларша жорықта
Өлмедім оқтан қайтейін!...

Өсиет Әз-Тәукенің "Жеті жарғы" заңы баптары бойынша ағайындар мен молдалардың қатысуымен жасалып, куәландырылды.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 21:59
  • 0
2239- рет көрілді

Арыздасу

Категориясы: Дәстүрлер » Қаза ғұрыптары

Арыздасу (ғұрып). "Арыздасып кетпедің, шақырып алып халқыңды" (Әйекені жоқтау). Бұл өмірден өтіп бара жатқан адам соңғы сағатында туған-туысқандарымен, бала-шағасымен соңғы рет тілдесіп, олармен қоштасады. Қатесі болса кешу сұрайды. Өсиетін, арманын айтады. Бүкіл ел-жұртымен, туған елімен қоштасады. Арыздасу — тірі адамның соңғы тілдесуі, ақырғы сөзі. Мұны өлім сәті таянғанын сезген әр адам есі, тілі барында айтып қалуға тырысады. Мұндайда ауру жанында отырған адамдар "бақұл бол", "қияметте жүздесейік" деп көзіне жас алады.
Кей жерлерде мұны "бақұлдасу" деп те айтады. "Бақұлдасып, қолдасып, Ахиреттік жолдасы" (Ә.Оспанүлы).
Артқа Алға