Естірту (дәстүр). "Хабаршылар Ғалидың үйіне, Жаматдың үйіне кісі салып естіртті" (М.Дулатов). Ата-анасы, баласы немесе жақыны қайтыс болған жағдайда оны айтып жеткізуді "естірту" дейді. Естіртуші адам әлгі кісіге сыпайылап, тұспалдап жеткізіп, тоқтам айтып, оны бекем болуға шақырады. Кайғылы қазаны орынсыз жерде немесе жол-жөнекей, жеңіл-желпі айта салуға болмайды. Халқымызда естіртудің үлкен психологиялық, философиялық, классикалық үлгілері бар. Мысалы, "Жиреншеге Қарашаш сұлуды естірту", "Шынғысқа Шоқан өлімін естірту" сияқты. Естірту қазаға байланысты жерде ғана қолданылады.
Жандосұлы Келдібек Шоқан өлімін Шыңғысқа былай естіртіпті:
— Ұлы өлмеген руда жоқ,
Қызы өлген Қырымда жоқ,
Қатыны өлмеген халықта жоқ,
Ағасы өлмеген аймақта жоқ,
Інісі өлмеген елде жоқ,
Әкесі өлмеген әлемде жоқ,
Шешесі өлмеген пенде жоқ,
Аққу ұшып көлге кетті,
Дуадақ ұшып шөлге кетті,
Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді,
Оны иесі өзі әкетті.
Шоқан деген балаңыз
Бәріміз баратын жерге кетті... Естірту көпті көрген, жөн-жосық пен сөзді білетін адамдарға тапсырылады.