Тоқсоба би қатты ауырып, өлім халіне жетіп жатқанда, қасында отырған бір пұшық, бір таз би:
- Тоқа, жаман айтпай жақсы жоқ, о дүниелік болып кетсеңіз бізге түк айтпай кетесіз бе? – депті
Сонда Тоқсоба би:
- Ақылдарың болса маған айтыңдар көрмеген жерге барам, танымайтын елге барам, қараңғы көрге барам, депті
Пұшық пен таз не дерін білмей қалыпты.
......................................................................................................
Тоқсоба шешен жолаушылап келе жатып бір ауылдың сыртында қозы баққан сегңз жасар балаға жолығып:
- Балам, бұл қозы кімдікі?- деп сұрапты.
- Ата, бұл қозы қойдікі.
- Әкеңнің аты жоқ па еді, шырағым, - десе:
- Әкемнің қара аты да, сары аты да, торы аты да, құла аты да бар,- депті.
Шешен ішінен «мынау бір қиқар бала екен» деп ойланып қалады. Таутекенің мүйізінен жасаған сылдырмақты шақшасын ердің басына қағып-қағып, насыбай атады. Сонда бала тұрып:
- Ата, шақшаңыз ненің мүйізі, - депті.
Балаға іштей қиястанған Тоқсоба:
- Бұл біздің елдің қоянының мүйізі, - депті.
Шешенннің өтірігін естіген бала лып етіп:
- «Елі азғанның жері тозған» деген рас екен-ау. Біздің ел қоянның мүйізінен шаңырақ иеді. Сіздің елдікі шақшаға ғана жарапты ғой, - депті.
Тоқсоба тойтарма сөзге түк айта алмапты.