Жаңалыққа қатысты мәлімет
- Орнатқан: arystan
- Күні: 25-10-2014, 15:32
4140- рет көрілді
Жәнібек би
Категориясы: Би-шешендер » XVIII ғасыр
Жәнібек – жоңғар шапқыншылығы тұсында атағы шығып, абыройы аспандаған батырлардың бірі. Оның ерлік өнегесі, ақпа-төкпе шешендігі, билігі мен бірлігі жайлы ел аузында қалған аңыз аз емес. Халық оны «Ер Жәнібек» деп әспеттеген.
Абылай жоңғар шапқыншыларымен соғысып жүргенде, он сегіз жасар Жәнібек қолды артынан қуа келеді. Келсе, қазақтар бытырап, аты барлыққан Абылайға шапқыншылар жақындап қалған екен. Жәнібек атынан түсіп, астындағы көк дөненін ханға көлденең тартады.
- Қарағым – ай өзің қайтесің? –дейді Абылай.
- Сіз қолға түссеңіз, ел басшысыз қалар, мен қолға түссем, қазақтың бір әйелі ұл табар,- дейді жігіт.
Абылай тың атқа мініп, қуғыншылардан құтылып кетеді. Бір қалмақ батырының атын аударып мініп, қоршаудан Жәнібек те аман шығады.
- Бала, ат бергеннен сөз бергенің асты ғой, осы жолғы олжаның басы сенікі. Кәне, менен бір қалағаныңды алшы, - дейді хан Жәнібекті ұрыстан кейін тауып алып.
Абылай екі айтқанда үндемей, үшінші айтқанда Жәнібек:
- Тақсыр, бір басыма жетерлік дәулетім бар, оң тізеңізден орын берсеңіз болады, - дейді.
- Батырға орын бер, мана не сұраса да бір тілегін беремін деген уәдем бар еді,-дейді Абылай оң жағында отырған биіне. Би бір айтқанға орнынан қозғала қоймай, екі айқанда Жәнібекке ала көзімен қарап:
- Әкең алдына қойған асты жөндеп іше алмайтын атаның аяғы еді. Саған хан қасында не бар, атқосшы болсаң да жетпей ме? – дейді.
- Жақсының жанына арашашы болдың ба, жаманның малына қорғаншы болдың ба? Екі ауыз ескі сөз білдім деп, хан қасында отыруға сенің нең лайық? Хан екі айтса, қадір кетеді, қара екі айтса, ары кетеді. Бір құшақ қу ағаштан бір оқтық қайың шығады. Әкем жаман болса, сондай-ақ болар, былай тұр, - деп, биді қолынан ұстап тұрғызып жіберіп, ханның оң жағынан орын алады. Жігіт содан бастап белгілі батыр, билермен басқыншыларға қарсы қол бастап, жорықтарға қатысады, «Ер Жәнібек» атанады.
............................................................................................................................................
Қаз дауысты Қазыбектің немересі Тіленші би жаңа атқа мінген жастау кезінде әкесі Бекболат биден:
- Әрі шешен, әрі батыр ер Жәнібек қой,- дейді Бекболат.
Ер Жәнібек жасы ұлғайған кезінде керейдің жуандарына өкпелеп, өрдегі керейге ауа көшеді. Соны естіп Бекболаттың Тіленшісі жүздескелі ер Жәнібектің алдынан шығады.
- Ақсақал, кім боласыз? – дейді Тіленші батырға көш жөнекей кездесіп.
- Мұсылманбыз, - дейді Жәнібек.
- Мұсылмандығыңызды мұрт қоймасаңызда танып тұрмын.
- Қазақпыз.
- Қазақтығыңызды тымақ киісіңізден танып тұрмыз. Руыңызды осынша жасырдыңыз, түбіңіздің бір шикілігі бар-ау, ақсақал.
- Бекболаттан тілі мен жағына сүйенген бір қызылбет қалмақ туды деп еді, сен сол боларсың, шамасы?!
- Болсақ болармыз, - дейді Тіленші.
Сонда ер Жәнібек ашуланып, былай деген екен:
Өзенді өлке тұрғанда,
Өзге жерге қонған ит.
Өзі болған кісінің,
Ата тегін қазған ит.
Мен жаралы арыстан,
Жаулассам жармай кете алман.
Кекті болған жауыммен,
Кескілеспей біте алман.
Қара бұлтты дауылмын,
Қар боратпай ашылман.
Көзіме кердең кездессе.
Сазайын бермей басылман.
Наданнан қорқып қаймығып.
Аруағымды қашырмай.
Басымнан сөз асырмай...
Тантырақтап сөйлейсің,
Талға жалғап қайыңды,
Арда күрең астында,
Ойлатпайды-ау арынды,
Бекболаттан мен тусам,
Бердәулеттен сен тусан,
Қызыл бетті қалмағым,
Көрер едім-ау жайыңды.
Тіленші атынан секіріп түсе қалып, ердің аяғына тымағын тастап:
- Не өлтіріп кетіңіз, не батаңызды беріңіз, - деп шылбырына оралады. Жәнібек біраз ойланып:
- Кештім , жолың болсын, - деп жүріп кетіпті.
.................................................................................................................
ҮЛКЕННІҢ БАТАСЫ
Қошқар ұлы Жәнібек он үш жасында Қара биге барып батасын алмақшы болып жолға шығады, бірақ сәті түспей екі ел арасында жаугершілік басталып, үлкен ұрыстың арасынан өте алмаған боз бала Жәнібек кері қайтады. Содан соғыстың тоқтағанын күтіп, арада үш жыл өтіп кетеді. Он алты жасында Қара биге келіп сәлем береді. Қара би оның сәлемін қабылдап тұрып: - Әй, мен сені осыдан үш жыл бұрын күтіп едім неге келмедің?- деп сұрайды. Жәнібек болған оқиғаны айтады.
- Е, онда жөн басқа, дейді Қара би . - Менде қандай бұйымтайың бар?
- Оны өзіңізде сезіп отырған шығарсыз. Маған керегі сіздің батаңыз – дейді Қошқарұлы Жәнібек. Сол кезде би қолын жайып:
- Бедіре жоқ қылқадан
Берік тоқылған бөз артық.
Бірлігі жоқ туыстан
Берік сөйлескен жат артық
Пайданы алыстан қылғайсың,
Залалды жақыннан қылғайсың.
Тышқан да інінің айналасына оттамайды,
Оны да есіңе алғайсың, - деп батасын беріпті.
Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді
ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.