На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 29-10-2012, 20:54
3651- рет көрілді

Бәс

Категориясы: Дәстүрлер » Отбасы дәстүрлері

Ел ішінде ертеден келе жатқан қызыкты салт пен әдеттің бірі — бәс тігу. Бұл ас пен тойда ғана емес әр уақытта бола беретін қызықты бәсеке. Бәстің түрі де көп болады. Мысалы, күш сынасу, ауыр тас көтеру, өгізді, түйені көтеру, судан жүзіп өту, бір қойдың етін бір өзі жеп кету, күрес, мергендік сайысы, жаяу жарыс т.б. Бәс шарттары бойынша оған бәйге тігіледі. Бәйгені ұтылған жақ немесе ұйымдастырушылар төлейді. Оған дәмелілер қатысады. Бұл көпшілік алдында өтеді. Бәс жеңімпаздары құрметке бөленеді, мақтау алады. Оның есімін де жұрт ұмытпай айтып жүреді. Мысалы, XIX ғасырдың орта кезінде Шығыс Қазақстанда өмір сүрген Малмақ деген өте күшті адам бір үлкен аста салмағы 700 келідей тасты көтеріп әкелген. "Малмақ көтерген тас" деп аталатын осы ескерткіш бұл күндері Үржар ауданы жерінде жатыр. Карон палуанмен бәсте Балуан Шолақ (1864-1919) 51 пұт кір тасын көтерген. Арқаның әйгілі палуаны Таңатқан Дүйсекейұлы (1899-1966) бәске тігілген атан өгізді көтеріп әкеткен.
XIX ғасырдың орта кезінде саяхатшы-зерттеуші орыстармен бәстесіп Ораз деген кісі Маңғыстаудағы Шерқала атты биік шың басынан секіріп жерге аман түскен. Содан бастап бұл жер "Ораз ұшқан" деп аталады. Осындай бәсте кейде кісі күлерлік, ерсі жайлар да кездесе береді. XIX ғасырда Тінет руы Шінтән деген кісі тірі кесірткені жұтып жіберіп жақы киген. 1965 жылдары Жанкелдин ауданы Станция деген жерінде Жақсылық пен Сейілбек деген екі жігіт осындай бәсте әр қайсысы 40 сона жеп қойған. Сол сияқты сары масаға таланып 4 сағат қозғалмай отырғандар, бір қойдың етін бір өзі жеп кеткендер де ел ішінде жиі кездескен. Бәске өзіне сенген мықтылар мен күштілер, ерік жігері мол жігіттер қатысқан.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 29-10-2012, 20:52
3881- рет көрілді

Бүйрек

Категориясы: Дәстүрлер » Отбасы дәстүрлері

Соғым сойғанда үлкенге сыбаға жіберу, соғым басына шақыру ежелгі жақсы дәстүрлердің бірі. Сонымен бірге мұндай кездерде жас балалар да ұмытылмайды. Жақын, таныс, көрші адамдар соғым сойғаннан кейін бір-бірінің балаларына әдейі арнап "бүйрек" жібереді. Яғни балаларға лайықтап жүрек, бүйрек араластырып шағын сыбаға жолдайды. Бұл да балалардың көңіл, мерейін өсіретін, ағайын, туысты жақындататын халық тәрбиесінің бір түрі.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 29-10-2012, 20:44
7582- рет көрілді

Бұйымтай

Категориясы: Дәстүрлер » Отбасы дәстүрлері

Сыйлас, бастас кісілер әдейі келіп, сәлемдесіп екі-үш күн болғаннан кейін аттануға рұқсат сұрайды. Бұдан кейін үй иесі "бұйымтайымызды" айтыңыз деп сұрайды. Бұл қонақтың қалағаны немесе нендей шаруасы бар екенін білу деген сөз. Қонақ мұндайда келген шаруасын, яғни, "бұйымтайын" айтады. Қонақ сөзін, өтінішін орындау қазақ үшін бұлжымас заң. Оны қолынан келген әр адам өзіне міндет санайды. Әдеп бойынша үйіне келген кісіден үй иесі дастархан жайып, шаруасын сұрап білуі парыз және оның көңілін қалдырмағаны жөн. "Бұйымтай" дегеніміз осы.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 29-10-2012, 20:35
4141- рет көрілді

Бәйге

Категориясы: Дәстүрлер » Отбасы дәстүрлері

Ұлы тойда, аста, мерекеде жыққан палуанға, озған жүйрікке, жеңген ақынға берілетін жүлде. Тойдың, астың дәрежесін, қызығып осы бәйгеге қарап анықтауға болады. Бәйгенің ең үлкені әдетте бас палуан мен жүйрік атқа тағайындалады. Әсіресе ат бәйгесіне мол мал, дүние мүлік тігіледі. Бәйге алдында озып келген 10,15, 20 атқа да беріледі. Мысалы, "Лабақ Куат баласының асында бас бәйге
100 жылкы, 1 отау. 9 нар. 9 ат, 9 кұндыз тігілген" (С.Шаршіов). Келесі атқа 75, одан кейін 50, одан кейінгіге 25, осылай төмендей береді. Бағы озып бәйге алғандар оның бәрін еліне айдап кетпейді. Бұл жомарттық, мәрттік, ерлік ғұрып. Онын біраз бөлігін әруаққа. ақсақалдарға арнап, қалғанын жанындағы жолдастарына бөліп береді.
Атығай қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыл сағақ сандал керім" — дегенде Ақан осыны айтқан. Палуан бәйгесі де үлкен. Оған кілем жабылған тұйе берілген, ақындарға шапан кигізіп, ат мінгізген.
Бәйге жеңімпаздарға берілетін жүлде болғанмен кейде ат жарысты да "бәйге" — деп айта береді. Бәйге қазақ халқының рухани, мәдени дәрежесін көтеретін және көрсететін үлкен дәстүр.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 29-10-2012, 20:34
2909- рет көрілді

Дау

Категориясы: Дәстүрлер » Отбасы дәстүрлері

Дау халыктың әділдікке жүгіну, билік, заң, шешім жолдарының шешуші кеңесі және әлеуметтік маңызы бар шараларының бірі. Қазақтың үлкен дау-жанжалы көбінесе күн, жер дауы мен жесір дауына байланысты. Даугерлер биге жүгінеді. Ересек адамдар қатысқан жиын болады. Мұнда екі жақтан да шешен даугерлер шығып, қамшы тастап өздерінің дәлеледерін ұтымды сөзбен жеткізіп отырған. Дауда шешендік, тапқырлық қарсы жақтың осал жақтарын дәл басатын біліктілік керек. Дауға Төбе би төрелік айтады, яғни үлкен билік, үкім шығарып, бітім жасайды. Би, ақсақалдар шешімі заң және ол талқылауға жатпайды. Бұған даугерлер де тоқтайды.
Билік айтқаны үшін дау ісін малға есептеп шығарып оннан бірін билерге төлейді. (Жеті жарғы).
Осы дауға лайық біздің қазақта атақты даукестер де болыпты. Ертеде Нау деген даукес берген ешкісін даудап биге жүгінгенде:

Ешкімнің іші толған лақ еді,
Сауса сүті бұлақ еді.
Сол ешкімді біреуге бергенде,
Бүкіл ел жылап еді.
Қатыным қандай көретін еді,
Атан түйе, нардай көретін еді

— деп сөйлей жөнелгенде би ешкі алғанға "мынаған бір ат бер де құтыл, енді сөйлесе екі ат алады" депті. "Нау құрымай, дау құрымайды" деген содан қалса керек.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 29-10-2012, 20:32
3195- рет көрілді

Дауыс

Категориясы: Дәстүрлер » Отбасы дәстүрлері

Қатты күйзелген, өмірден соққы көрген, адамдарынан қапыда ерте айрылған, мұңды, шерлі адамдар кейде қаймығып отырып өзінің зар-наласын сыртқа шығарып тәңірге, аруаққа, елге шағынып жылайды, зарлайды. Мұны "дауыс қылу" дейді. Дауыс қылу өлеңмен айтылады және ол әйелдерге тән әдет. Дауысты естіген адамдар, үлкендер мен әйелдер оған келіп, басу, тоқтам айтады, балалар, туған-туысқандары барып айтып, ертеңгі күнге сендіреді. Кейде мұңды адамдар көзіне жас алып, қосыла жылайтын күндері де болады. Дауыс қылу әсіресе кешегі 1928 жылғы тәркілеу, колхоздастыру, 1931 жылғы аштық, 1937 жылғы қудалау, 1941-45 жылғы соғыстан кейінгі жылдары ел ішінде өте көп болған. Соның бірі мынадай:

...Толып тұрған бай қайда?
Толық сөйлер би қайда?
Жайлауымды жау алды-ау,
Қыстауымды өрт алды-ау.
Азаматым қамауда, ойбай,
Дүние, мүлкім талауда, ойбай!
Көзімнен ақты қанды жас,
Басылар ма енді бас, ойбай...

Дауыс қылу мен жоқтауды шатастыруға болмайды. Рас екеуі де қаралы, қапалы жағдайда айтылса да екеуі екі басқа. Жоқтау өлген адамға ғана арналып айтылады, ал дауыс қылу көңіл-күйін білдіретін жыр.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 29-10-2012, 20:30
4701- рет көрілді

Дәстүр

Категориясы: Дәстүрлер » Отбасы дәстүрлері

Халықтың атадан балаға көшіп, жалғасып және дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, әдет-ғұрып, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстұр арқылы танылады. Дәстұр — мәдениеттілік белгісі. Дәстұр байлығы — мәдениет байлығы. Ол — ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани байлық. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, құрдастық қалжың, сәлем беру, ат тергеу т.б. дәстүрге жатады. Бір таңғаларлық жай қазақ халқы салт пен дәстүрге өте бай.Әдет, ғұрып, ырым бәрі де осы салт-дәстүр мұхитының салалары мен тармақ, тамшылары болып саналады.
Жетпіс жыл бойы жетесіз әрі қанқұйлы тәртіптің қырсығынан ұлт дәстүрлерінің заңдылық ережелері бұзылды. Ол арқылы рухани дүниемізге елеулі нұсқан келді. Көпшілігі ұмытылды, немесе тыйым салынды. Мұның соңы әдепсіздік пен берекесіздікке әкеліп соқты.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 29-10-2012, 20:28
7459- рет көрілді

Денгене

Категориясы: Дәстүрлер » Отбасы дәстүрлері

Соңғы жылдарда ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі -осы деңгене. Екі немесе үш жігіт басын қосып ауқатты үйге "деңгене" жеуге келдік дейді. Оның шарты мынадай: үй иесі бір семіз қойды сояды да әлгі екі не үш жігіттің алдына қояды. Олар бір қойдың етін сорпасымен ішіп, жеп кетуі керек. Егер олар қойды жеп кетсе, қойдың құны сұраусыз, егер етті тауыса алмаса, олар үй иесіне екі қой төлеуге тиіс. Кей жерлерде мұны "сірне" деп те атайды. Тағы бір қызығы ел арасында бұрын бір қойды бір өзі жеп кететін мешкейлер көп болған. ХІХ-ғасырдың соңында Арғын ішінде Тінет руында Шінтән деген атақты мешкей болыпты. Бір қой оның жұмырына жүк болмайтын көрінеді.
Қазақстанның оңтүстік жағында "деңгенені" қолданылуы басқаша. Бұл жақта 4-5 үй бірігіп бір малды ортақтасып сойып алады. Ол біткен соң тағы бір малды ортақтасып сояды. Сөйтіп кезектесе береді. Бұл негізінен қыста күн жылы болғандықтан соғым еті көп сақтауға келмейтіндіктен болар.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 29-10-2012, 20:26
4170- рет көрілді

Дүре

Категориясы: Дәстүрлер » Отбасы дәстүрлері

Жазаның ауыр әрі масқаралау түрі-дүре салу. Көбінесе жазалынып құйрығын жалаңаштап қойып жазасына қарай 25, 50, 75, 100 қамшы дүре соғылады, яғни ұрады. Дүре үстінде өліп кеткендерге қүн төленбейді. Мұндай ауыр жаза ұрыларға, опасыздарға, ауыр қылмыскерлерге, қолға түскен барымташыларға, өшті-қасты адамдарға беріледі, кек алу жолында да қолданылады. Дүре көп алдында соғылады және оның әлеуметтік, тәрбиелік, заң жолында да атқаратын қызметтері бар. Мысалы, мұндай жазаны көрген адамдар қылмысқа көп бара бермейді.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 29-10-2012, 20:25
2200- рет көрілді

Дерт көшіру

Категориясы: Дәстүрлер » Отбасы дәстүрлері

Дерт көшіру