Соңғы жылдарда ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі -осы деңгене. Екі немесе үш жігіт басын қосып ауқатты үйге "деңгене" жеуге келдік дейді. Оның шарты мынадай: үй иесі бір семіз қойды сояды да әлгі екі не үш жігіттің алдына қояды. Олар бір қойдың етін сорпасымен ішіп, жеп кетуі керек. Егер олар қойды жеп кетсе, қойдың құны сұраусыз, егер етті тауыса алмаса, олар үй иесіне екі қой төлеуге тиіс. Кей жерлерде мұны "сірне" деп те атайды. Тағы бір қызығы ел арасында бұрын бір қойды бір өзі жеп кететін мешкейлер көп болған. ХІХ-ғасырдың соңында Арғын ішінде Тінет руында Шінтән деген атақты мешкей болыпты. Бір қой оның жұмырына жүк болмайтын көрінеді.
Қазақстанның оңтүстік жағында "деңгенені" қолданылуы басқаша. Бұл жақта 4-5 үй бірігіп бір малды ортақтасып сойып алады. Ол біткен соң тағы бір малды ортақтасып сояды. Сөйтіп кезектесе береді. Бұл негізінен қыста күн жылы болғандықтан соғым еті көп сақтауға келмейтіндіктен болар.