» » » ҚОЗЫБАЙ ШЕШЕН
На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Жаңалыққа қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 15:40
3367- рет көрілді

ҚОЗЫБАЙ ШЕШЕН

Категориясы: Би-шешендер » XVIII ғасыр

Кезінде Қозыбай шешенді қазақ жерінде білмейтін кісі некен-саяқ болыпты. Оны жұрт Арқаның арыстаны деп атаған екен. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Маманай ауылында 1822 жылы қаңтарда туған. Қозыбайдың әкесі – елге белгілі Нәупіл батыр. Ал Нәупілдің атасы Шақшақ та батыр болған адам. Қазақ даласында аты мәшһүр ақын Сегіз сері – осы Нәупілдің туған інісі.
Қозыбай шешен он жасында Болатнайдағы медресеге оқуға түсіп, оны 1835 жылы бітіріп шығады. Ол осы жылы күзде Қызылжардың медресесіне алынып, білімін әрі қарай толықтырады. Мұны тәмәмдар кезде әкесі қайтыс болады. Сол 1938 жылы күзге салым анасы Балым дүниеден өтеді. Қозыбай ата-анасыз қалған соң жұрт оны Балташтың Қозыбайы деп атайды. Он жеті жасында Қозыбай нағашысының ауылында күреске түсіп, палуандар сапына қосылады. Ол мұның үстіне ән салып, домбыра, қобыз, сыбызғы тартады, салдық-серілік құрады.
............................................................................................................................................
Қозыбай жер ауып, Тобықты Оразбай Аққұлынның ауылына барады. Сонда байлығы тасып, көзін май басқан бай оған ілтипат білдірмейді. Басына іс түсіп келгендіктен, Қозыбай Оразбайға ештене айтпай үйсіз отыра береді. Қозыбайдың еліне келгенін естіп: «Арқаның арыстаны – Қозыбай шешенге сәлем береміз, көңілін көтереміз» деп Абай, оның қайын атасы Түсіп, Абайдың інілері Ысқақ, Ысмағұл, Шәкәрім, Нұртаза, балалары Мағауия, Тұрағұл тағы басқалар Оразбайдың үйіне сау ете қалады. Келген беттерінде Абай бастаған топ Қозыбайға сәлем беріп, қол алысады. Қасындағылар шешенмен амандасып болғасын, Абай: «Қозыке, Арқаның арыстанысыз, бір дәм айдап біздің жаққа келіп қалған екенсіз. Маңдайыңыз жарқырап, жолыңыз ашық болсын! Ісіңіздің арты қайырлы болсын», - депті. Қозыбай шешен Абай сөзіне ден қоя отыра:
Ғажап бар жер мен көктің арасында,
Біреу шат, біреу қапа панасында.
Кездейсоқ шымшық құсқа бақыт қонса,
Самұрық қызмет етер саясында, -
депті. Бұл сөзді Оразбайға байланысты айтып, шешен өзін самұрыққа теңегенін біле қойғанға Абай іркілместен: «Арқаның арыстаны – Қозыбай шешенді бұл ауылға қалдыруға болмайды» деген екен. Абайдың інісі Ысқақ болыс: «Қозекең маған ақылшы болсын! Семейдегі уезбен өзім келісемін» депті. Сонда Абай тобы Ысқақ Құнанбайұлының сөзін қостаған екен. Бұл шешімге шешен де келіседі. Содан кейін Қозыбай үш күрен қасқа ат жеккен күймесіне отырып, Шақан деген атқосшысымен бірге Ысқаққа еріп, оның ауылына барыпты.
Ысқақ болыстың үйінде жүрген шешенді Түсіп қонаққа шақырып, мәжіліс құрып отырғанда, оның көнілін аулап былай дейді:
Асқынған дау сөзінен мұқар,
Алмас қылыш жүзінен мұқар,
Қисық ағаш тезінен мұқар,
Кекшіл адам басын жұтар,
Жақыннан шыққан жау жаман,
Ол шіркін өзінен мұқар,
Жаңылмас жақ болмас,
Сүрінбес тұяқ болмас,
Алыстан дәмі тартса,
Ер жігіттің басында
Еш ерік болмас.
Арыстанға темір торлы
Шынжырдың тарлығы болмас.
Ер жігітке дүниенің
Ешбір тарлығы болмас,
Ер жігітке бейнет ар емес,
Оны өз басынан өткермеген
Ер-азамат нар емес,
Жігітке сайран да серуен.
Уа, Арқаның арыстаны –
Қозыбай шешен қамықпа,
Қайғыланып жабықпа,
Жалғызбын деп тарықпа,
Беделің зор ер едің,
Пайдаң тиген халыққа,
Бұл да өз елің ғой,
Сапарың оң болсын,
Дәм-тұзыңды мұнан жазса,
Топырағыңды туған жерден жазсын! – депті. Түсіптің бұл сөзінің мазмұнына түсінген Қозыбай шешен оған риза болып, алғыс айтыпты.
Қозыбай шешен Ысқақ болыстың қолында билік айтып, бір жарым жыл тұрыпты. Семей уезінің бастығы алты айда бір оны шақырып алып сөйлесіп, пікірін біледі екен. Үшінші жолы да уез бастығы Қозыбаймен ұзақ әнгімелесіп, Ысқақ болысқа оны қайта қайтарады. Шешен өз күймесімен Семей қаласынан қырық бес шақырымдай жерге барған сәтте күн кешкіріп, қараңғылық үйіріле бастайды.
Сонда жол үстіндегі бір ауылға тоқтап, үлкен үйдің тұсына барған соң, Шақанды қонуға рұқсат сұрау үшін жұмсайды. Атқосшы ақ ордаға сәлем бере кіріп, қонуға келгендерін үйдің сол жағында отырған жас жігітке айтады. Ұзын қою қара мұртының екі жағын екі құлағына орап қойған үй иесі шалқая отырып: «Жоқ, болмайды, қонуға рұқсат етпеймін, үйде мейман бар!» депті. Атқосшы сөз қайырмай шығып кетіп, Қозыбай шешенге үй иесінің айтқанын хабарлапты. Сонда Қозыбай: «Қайыра бар, қонағы бізге мейман болар деп көрші» дейді. Шақан ақ ордаға қайта кіріп, шешеннің сөзін бұлжытпай айтқанда, үй иесі орнынан ұшып түрегеледі. Бұл сол төңіректің белді адамдарының бірі қаракесек Ақайдың Хасені екен. Ол үйде отырған жігіттерге қарап: Ұят болды-ау, масқара болдым- ау, қапы болдым-ау, Тобықты Ысқақ болыстың қолында Арқаның арыстаны – Қозыбай шешен бар деп еді, осы Қозыбай шешен болмасын. Бұл сөзді Қозыбайдан басқа ешкім айтпайды. Жүріңдер, жігіттер, сәлем беріп, үйге ертіп, мейман етейік! Батасын алайық! Кешірім сұрайық!-деп, үйдегі адамдарды бастап шығып, Қозыбай шешенге сәлем беріп, кешірім сұрайды. Оны күймесінен түсіріп, ордаға қолтықтап әкеп енгізеді. Мейманы қол жайып қарсы алады, екі апта бойы Қозыбай шешеннің өнегелі сөздерін, ән-күйлерін тыңдап, Хасен мен оның айналасындағылар тамаша шаттыққа кенеледі.
Жұрттың құлақ құрышы қанған соң Қозыбай ауылына қайтуға рұқсат сұрайды. Бірақ оны өзінше ақылшы етуді көздеген Ақайдың Хасен тарту-таралғысымен Ысқаққа арнайы кісі жіберіп: «Ысқақ аға үлкен кісі ғой, мен жаспын! Қозыкең оған біраз уақыт ақылшы болды ғой. Енді қалған уақытында Қозекең маған ақылшы болсын!» деп өтініш жасайды. Ысқақ болыс Хасеннің меселін қайырмай, келісім береді.
Ақыры Қозыбай шешенге Ысқақ пен Хасен, Абай бастаған топ ояз бастығынан оған кешірім етуді сұрайды. Солардың талап-тілегін қабылдап, Қозыбай кесілген он екі жылды үш жылға шегереді де, шешенге өз жеріне қайтуға рұқсат береді.
...........................................................................................................................
Ертіс өзенінің бойындағы Бәсентиын жұртына аты шыққан Шалқақ Құсман Қозыбайды үйіне қонаққа шақырады. Шешен еліне қайтар алдында оған қонақ болады. Сонда Құсман қонақасы бере отырып:
Еліңде жақсы көп болса,
Пайдасы ерге тиер,
Содырлы сотқар көп болса,
Еліне найзасы тиер,
Қоғамшыл, кең қолтық болсаң,
Әрқашанда халқың сүйер.
Жақсыға жаманнан тиер кесір.
Өзіңе жамандық қылған пендеге
Үшке дейін қастық қылма,
Басыңа Қап тауындай қатер төнсе де,
Үшке дейін қатты шыда.
«Кең болса, кем болмайсың»
Деген сөз бар.
Әр уақытта жібектей болып есіл,
Іс түссе үштен артық
Шыдам қылмай айбынмен
Төртіншіде қатты тесіл.
Ішінен жақсысы кетсе,ел жесір.
Басшысы кеткен соң ел жесір,
Уа, Қозыбай, еліңе қайт!-
депті. Құсманның бұл сөзін құптап, Қозыбай шешен еліне қайтуға асығып жүргенде, Түсіптің Әли атты немересі қайтыс болады. Оған көңіл айту үшін Қозыбай Абай бастаған топқа ереді. Бұлар келгенде қайғырып жатқан Түсіп басын көтермейді. Сонда Қозыбай шешен:


Уа,сұнқарыңыз тұғырдан ұшты,
Салмағы келіп сізге түсті.
Бәрінен тағдырдың жазмышы күшті,
Сұнқар ұшса, тұғыры қалады,
Кау шөп күйсе, түбірі қалады,
Ақыры соңғы ұлыңызға қалады,
Аяулы көңіліңіз қаяулы болыпты,
Өткеннің қайырын берсін, -
деп өзімен келген топтың атынан Түсіпке көңіл айтыпты. Түсіп басын көтеріп, сәлемдескеннен кейін үн-түнсіз отырып қалыпты.
Осы оқиғадан кейін біраз күн өткесін Қозыбай шешен Ысқақпен, Абай төңірігіндегі адамдармен және Хасенмен қоштасып еліне қайтқан екен. Ол өзінің туып-өскен жеріне келген соң, он үш жылдай өмір сүріп, 1914 жылы 92 жасында Есіл бойында дүниеден өтіпті.

Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.