» » » ЖАНҚҰТТЫ ШЕШЕН
На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Жаңалыққа қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 15:29
10108- рет көрілді

ЖАНҚҰТТЫ ШЕШЕН

Категориясы: Би-шешендер » XVIII ғасыр


Жанқұттыдан қалған сөз – көбіне өмірдің мәні, қымбатың мен қимассың туралы, жақсы мен жаман арасы, адалдық пен аярлық жайлы толғаулар.
Жанқұтты жас Абайдың ойлы, отты сөзіне разы болып былай деп бата беріпті:
Жақсыменен сөйлессең,
Құмарыңды қандырар.
Жаманменен сөйлессең,
Көңіліңді қалдырар.
.....................................................................................................................................................
Жанқұтты он жеті жасында әкесінің айтуымен Сарым елінің беделді биі Шабанбайға бата алуға келеді. Би Жанқұттының жайын сұрап білгеннен кейін:
- Шырағым, дүниеде не адал, әлемде не мықты? – деп сұрайды. Сонда Жанқұтты:
Адал болсан судай бол,
Су арамды кетіреді.
Мықты болсаң жердей бол,
Жер жаһанды көтереді, -
деген екен. Жауабына риза болған Шабанбай бала Жанқұттыны бірнеше күн қонақ етіп, кетерінде:
Аллаңа жағам десең – азанды бол,
Ағайынға жағам десең – қазанды бол,
Халқыңа жағам десең – әділ бол,
Судай таза бол,
Жердей берік бол,
Өмірің ұзақ болсын,
Аймағың суат болсын,
Сөзің халқыңа қуат болсын. –
деп батасын беріп аттандырған екен.
...............................................................................................................................
Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда Абай келіп сәлем береді. Ол кезде Абайдың жаңа үйленген шағы екен. Ақынның тапқырлығын, өлең шығаратындығын естіп жүрген шешен баланы қасына отырғызып:
- Шырағым, дүние неге сүйенеді? – деп сұрайды.
Абай:
- Дүние үмітке сүйенеді.
- Көздің көрмесі бола ма?
- Көз қабағын көрмейді.
- Шам жарығының, түспесі бола ма?
- Шам жарығы табанға түспейді.
- Болат пышақтың кеспесі болама?
- Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.
- Тамағынан тартпайтын мақлұқат бола ма?
- Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды, - дейді бала Абай.
Жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жазып беруін сұрайды. Сонда Абай:
Сіз сұнқар самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табанына.
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,
Мақлұқат тартпай қоймас тамағына, -
депті. Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай:
- Ата, сізден сауал сұрауға бола ма? – дейді.
- Е, шырағым, сұрай ғой, - депті Жанқұтты.
- Ата, арзан не, қымбат не, даусыз не? – депті Абай.
Жанқұтты:
- Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық, даусыз – кәрілік емес пе, жанарыңның оты бар екен, ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол, - деп батасын беріпті.
.......................................................................................................................
Бірде Құнанбай, Алшынбай, Мұса үшеуі бірігіп, «ел арасында даулы мәселелер көбейіп кетті, барымта жиі қайталанатын болды» деген себепті желеу етіп, ел жинап мәслихат өткізбек болады. Дуанбасылар шақыртқан соң, халық жиылады. Халықтың бас-аяғы түгел жиналып болғанымен, дуанбасылар келе қоймайды. Шілденің аптап ыстығында халық бірнеше күн тосып қалады. Ел арасынан реніш сөздер шыға бастайды. Соны сезген Жанқұтты: «дуанбасылар келмейтін болды» деп халықты таратып жіберіп, өзі үшеуінің алдынан шығады. Алшынбай тұрып:
- Е, Жанқұтты, халық жиналды ма? – депті.
- Халық жиналмас түгілі, жиылыс бітіп қойды. Сіздер кешіккеннен кейін сырқаттанып қалды ма деп, жиылысты қаралатын төрт мәселенің біреуін өзім шешіп, үшеуін үшеуіңізге қалдырып кейін бір кезі келгенде айтар деп, халықты таратып жібердім,- депті Жанқұтты.
- Оның да дұрыс болған екен, бізге қайсысын қалдырдың?- депті Алшынбай. Сонда Жанқұтты тұрып:
- Мұсажан, асықтың қаржысының билігін саған қалдырдым. Алшеке, тақыр жердің билігін саған қалдырдым. Құнеке, жесір дауын сен ал,-деген екен.
....................................................................................................................
ЖАНҚҰТТЫНЫҢ ҚАРТАЙҒАН ШАҒЫНДА АЙТҚАНДАРЫ

Бір сөз айтсаң жақсыға,
Аталы сөзге тоқтайды.
Бір сөз айтсаң жаманға,
Өмірінде ұқпайды.
Надандықтың белгісі
Өзін өзі мақтайды
Көкірегі соқырға
Өмірде таң атпайды.
Шешеннің сөзі- шын асыл,
Қап түбінде жатпайды.
.............................................
Тон бітпеске тон бітсе,
Қағуменен тоздырар.
Жаман болса алғаны,
Ержігітті аздырар.
Жақсыменен сөйлессең,
Құмарыңды қандырар.
Жаманменен сөйлессең,
Көңіліңді қалдырар.
Кез болсаңыз суайтқа,
Өтірік айтып нандырар.
Өсекшімен сөйлессең
Ұрмай-соқпай талдырар.
Жолдас болсаң сараңмен
Жол үстінде қалдырар.
Жаман болса достарың
Өзіңді жауға алдырар.
..............................................................
Жаман болса – жақын жау,
Шайпау болса – қатын жау,
Шабан болса – атың жау,
Тартыншақ болса - түйең жау,
Тебеген болса - биең жау,
Күнде келсе – күйеу жау,
Жымысқы болса – жиен жау,
Тіл алмаса – ұлың жау,
Арсыз болса – қызың жау.
Әйелің жақсы болса, қонағың мен үйіңнің тұрағы, балаң жақсы болса, екі көздің шырағы, атың шабан болса, бұл жалғанның азабы, әйелің жаман болса, дүниенің тозағы, балаң жаман болса, көрінгеннің мазағы.
......................................................................................................................
Ел қонбаса, жер жетім,
Құс қонбаса, көл жетім,
Кемпірі жоқ, шал жетім,
Иесі жоқ мал жетім,
Соқыр болса, көз жетім,
Тыңдалмаған сөз жетім,
Доссыз қалса ер жетім,
Жау қолында ел жетім,
Жапырақсыз бұтақ жетім,
Оқылмаса кітап жетім,
Тыңдаушысыз дана жетім,
Ата анасыз бала жетім,
Қағазсыз қалам жетім,
Ақылсыз адам жетім.


Мақала белгілері: ЖАНҚҰТТЫ ШЕШЕН, қазақ би шешендері

Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.