Жаңалыққа қатысты мәлімет
- Орнатқан: arystan
- Күні: 25-10-2014, 15:20
3162- рет көрілді
ӘЛДЕБЕК ШЕШЕН
Категориясы: Би-шешендер » XVIII ғасыр
Балтабай би бай болса да, өзінде барды азсынып, өзгенікін көпсініп отыратын, мысық тілеу, үйіне қонақ қондырмайтын, қазымыр кісі екен. Бірде Әлдебек шешен келіп үйіне түсе қалады. Үстіндегі киімі көнетоз екен. Балтабай бұл адамды менсінбей:
- Елдің қадірлісі ме десем, қазымыры екенсің ғой, - деп мысқылдайды. Соңда ешкімнен жеңіліп көрмеген Әлдебек азулы биден именбей былай дейді:
- Көн етікті деме,
Көпке айтар сөзім бар.
Көн садақты деме,
Сұр жебелі оғым бар.
Аттандырған жігітің
Ұрлаған соң малымды,
Арқадан әдейі кеп тұрмын
Байқағалы құлқыңды.
Атысатын жаумысың,
Табысатын елмісің.
Бітір, кәне, дауымды,
Ылаңдатпай ел ішін!-
деп жамбасқа ала бастайды.
Балтабай би бұл сөзді сын деп елең қылмаса да, бәйбішесіне ымдап тамақ дайындатады. Алдына әкелген еті өлі ет, әрі мүшесіз екен. Етті турап болып «алыңыз» дегенде, Әлдебек шешен табаққа ұмтыла қоймады.
Тамағың тамақтан өтпей отыр,
Дәметкен жұрт кетпей отыр.
Уыстап асатайын десем,
Табағыңдағы ет жетпей отыр, - дейді Әлдебек. Шоқ бақандай шошыған Балтабай би енді не айтар екен дегендей дені сау, бірақ қоңы арық марқа алдырады. Әлдебек бұған таңырқай қарап:
- Қойынды қойшы оңдап бақпаған ба,
Сауыншың жебей сауып қақтаған ба?
Әлде бұл жамырамай жонға адасып,
Бейшара енесін бір таппаған ба?
Бұрын келген қонаққа соймай мұны,
Әдейі Әлдебекке сақтаған ба? –
депті.
Бұл сөзден сескенген Балтабай би шешенді үйіне қолқалап қондырып, қонақасына арда емген құлын сойғызады.
Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді
ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.