Аң аулау — ертеден қалыптасқан салт. Әрине, тіршілік, табыс үшін аңшылық құратындар бар. Бірақ аңшылық шын мәнінде сауық, қызық, шынығу, ептілік, серілік, сезімталдық, сергектік, білімпаздық сияқты көптеген қасиеттерді ұштайтын тамаша өнер мектебі десе де болады. Жүйрік ат, ұшқыр тазы, қыран бүркіт, кең дала, тамылжыған табиғат — бәрі-бәрі де аңға шыққан ер жігітке бұл дүниенің шын қызығын сыйлағандай көңілді көтере түседі. Осындайда қасқыр соғып, түлкі, қарсақ алу аңшы өмірінің тамаша жеңісті, ұмытылмас сәті. Қанжығасы қаңданған ол ауыл ағаларына олжа байлауы — азаматтық пен ерліктің, халықтық дәстүрдің таза жолы. Аңқұмар халық үшін әкелген аңды көру де бір ғанибет.
Құсы да, иесі де қоразданар, Алпыс екі айлалы түлкі алғанда, — дегендей мұндайда аңшының мақтануы да, оны мақтау да орынды-ақ. Ел ішінде аңшылық қасиетті, құрметті өнер әрі сал болса, аңшының өзі де беделді, сыйлы адамдардың бірі. Мұның өзі аңшылық дәстүрдің бағасы жоғары, өмірде орны бөлек кұбылыс екенін толық дәлелдесе керек. Аңшылық өнерді Ақан сері, Сегіз сері, Абай тағы басқа халқымыздың ардагерлері өте жоғары бағалаған. С.Мұқановтың, М.Әуезовтың, С.Жүнісовтың, Қ.Тәукеновтың және басқа жазушылар шығармаларында аңшылық өнердің қилы-қилы қызықтары мен құпиялары кең суреттелген. Аңшылыққа жастарды баулу, үйрету — ата кәсібі мен салтының асыл қазынасын толтыра түсу деген сөз.