Едіге тарихи деректер бойынша Тоқтамыс хан тұсында (XIV-XV ғ.) өмір сүрген. Дала перзентінің бойындағы даналық қой қайтарып, қозы қуып жүрген тұста-ақ белгі береді. Аңыз әңгімелер Едігенің хан алдында қаймықпаған ерлігі, ақыл мен күш-қуат берген ерлігі жайлы көп айтады.
Ел жадындағы Едіге – әрі би, әрі батыр, әрі көсем,әрі шешен, әрі дана. Сондықтан халықта «Ел қамын жеген Едіге» деген ұғым қалыптасқан. Қаныш Сәтбаев 1927 жылы «Ер Едіге» жинағын құрастырып, оған алғы сөз жазғанда Едіге бейнесіне жан-жақты тоқтала келіп: «Едіге қазақ батырларының ішіндегі ең маңдайлы, аруағы күшті, көлемі, сәулесі күшті шолпаны есебінде.... Сыпыра жырау Едігені Ер Шыңғыс, Әз Жәнібек, Ақназар сынды ерлерден де артық сипаттайды», - деп ардақ тұтуға үндеген.
Едігенің төрт билігі
Ойнап жүріп, сонадайдан екі кісі келе жатқанын көрген Едіге қасындағы тоқсан балаға: - «Өздерің сәлем бермеңдер, сәлем берсе алыңдар, сәлем бермедің деп сөксе, жауабын мен берейін», - депті.
Кісілер жақындап келіп: «Балалар, неге сәлем бермейсіңдер?» -депті. Едіге: «Әуелі өздерің неге сәлем бермейсіңдер?» - дейді. Екі кісі:
- Біз үлкен бе, жоқ сендер үлкен бе?
- Біз үлкен, - дейді Едіге.
- Сендер қалайша үлкен боласыңдар?
- Егер мына тоқсан баланың жасын қоссақ, біз үлкен болмаймыз ба?
Сөзден жығылған екі жолаушы Едігенің тапқырлығына таңданып: «Бағанағы дауымызды осы балаға айтып көрсек қайтеді» деп ойлайды.
- Ей, бала, даулы болып Тоқтамыс ханға бара жатыр едік, енді дауымызды саған салғалы тұрмыз. Бітіресің бе? – дейді ат басын бұрып.
- Егер құдай аузыма салса, бітіремін, - дейді Едіге.
- Олай болса мынау – Алшын атасы Көкжалды мерген, мен – Кеңестің ұлы Көкжанбаймын. Еділ мен Жайық менікі еді, сондықтан одан қашқан қоян да менікі. Жайықтың жағасында, Ақкөлдің сағасында жатқан ақ қоянды көрдім де, атайын деп мылтығыма кеттім............