На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 27-10-2012, 00:07
  • 20
20928- рет көрілді

Бесікке салу

Категориясы: Дәстүрлер » Тәрбие дәстүрлері

Әлди-әлди ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем (Бесік жыры)

Бесік қасиетті, киелі құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. "Ел іші — алтын бесік" деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы үлкен немесе елдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап "тыштырма" жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі, таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға "бесікке салар", яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаньпп үстінде "Бесік жыры" айтылады:

Айыр калпақ киісіп,
Ақырьп жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсін?
Бармақтарын майысып.
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?
Таңдайларың такылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?

Бесіктің сәби денсаулығьна, тазалығына пайдасы өте зор. Бесіктегі сәбидің бойы, қол аяғы түзу, ширақ болады. Сондай-ақ бесік баланың кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан да қорғайды. Пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап, оған тұмар, бүркіт тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі сияқты заттар тағып қояды. Бесік ағаштан, негізінде талдан иіп жасалады. Себебі тал басқа ағаштай емес йілмелі морт сынбайды, құрт түспейді, жат иісі болмайды. Бесіктің мынадай құрал-жабдықтары болады: жастық, мамық, жөргек, түбек, шүмек, қолбау, тартпабау т.б.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 27-10-2012, 00:03
  • 0
10305- рет көрілді

Бесік жыры

Категориясы: Дәстүрлер » Тәрбие дәстүрлері

Бесік жыры (салт).
Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
Арша ма екен бесігі?
Алар ма екен әкесі?
Өрік пе екен бесігі?
Сүйе ме екен әкесі?
Жиде ме екен бесігі?
Жігіт пе екен әкесі?
Әлди-әлди, аппағым,
Қойдың жүні қалпағым...

Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл-күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі. Ұлы Абайдың "Туғанда дүние есігін ашады өлең" деуі тегін емес. Бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Алайда соңғы жылдарда бесік тербетіп отырып бесік жырын айтатын әже, ана азайды. Бесік тербететін баланың өзі бөпесін өлең айтып ұйықтататын. Бұрын ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендер де құлағын салып тыңдап отыратын. Кейінгі кездерде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлеңге әуестенбеуінің бір себебі — осы бесік жырының ұмытылуында болса керек.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 27-10-2012, 00:01
  • 0
15620- рет көрілді

Тыштырма

Категориясы: Дәстүрлер » Тәрбие дәстүрлері

Сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп "тышты, тышты" деп ырым жасайды және оны "тыштырма" деп атайды. "Тыштырманы" әйелдер ырымдап бөлісіп алып, бала-шағаларына үлестіріп береді.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 27-10-2012, 00:00
  • 0
15708- рет көрілді

Тымаққа салу

Категориясы: Дәстүрлер » Тәрбие дәстүрлері

Ел арасында "шала туып тымаққа салып өсірген екен" деген сөздер жиі естіледі. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы: қырық күні кем болса, керегенің қырқыншы басынан бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу т.б. (Егер бала қыста туса онда үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып ілінеді)
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 27-10-2012, 00:00
  • 0
26537- рет көрілді

Қырқынан шығару

Категориясы: Дәстүрлер » Тәрбие дәстүрлері

Қазақ халісының ғұмырында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті деп есептеледі. Мысалы "Жеті жарғы", "Жеті қазына", "Бір тоғыз", "Үш тоғыз", "Қырықтың бірі — қыдыр" деген қағидалар осы сандық ұғымынан пайда болған. Соның бірі — баланы "қырқынан шығару" дәстүрі. Әдетте баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдысқа қырық бір қасық су құйып шомылдырады. Бұл — ресми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастархан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып, оны сәбидің өзінің киіміне, матаға орап тігіп қояды. Мұндағы мақсат ертеде сурет болмағандықтан баланың, сәби кезінен ескерткіш ретінде сақтаудан шыққан.
Баланы қырқынан шығарудың тағы бір ерекше маңызы бар. Қырық күннен кейін сәби ширап, көз тоқтатады, құбылыс, дыбысты сезе бастайды. Қырқынан шығару салты міне, осыған байланысты шығып, ол сәбидің жан-жүйесінің қалыптасып дені сау болып өсуіне деген ақ тілектен шыққан.
Осы жерде "қырқы" деген сөзге мән беру керек.
Қайтыс болған адамның да "қырқы" беріледі. Бірақ баланы "қырқынан шығарылды" деп, өлген адамға "қырқы берілді" деп атайды. Мұны шатастырып алуға болмайды.
Бала тәлімі мен тәрбиесіне қатысты ырымдар мен кәделер де бар.
Олар мынадай: құрсақ шашу, жарыс қазан, кіндік кесер, ат қою, бесікке салу, тыштырма, қырқынан шығару, тұсау кесу, тіл ашар, ашамайға мінгізу, аузына түкіру, шідерге сигізу т.б.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 26-10-2012, 23:59
  • 100
17539- рет көрілді

Иткөйлек

Категориясы: Дәстүрлер » Тәрбие дәстүрлері

Жаңа туған нәрестенің алғашқы көйлегін "иткөйлек" деп атайды. Өйткені ол кәдімгідей көйлек сияқты тігілмейді, жөрмелеп, іліп қана тігеді. Бала қырқынан шығарылғаннан кейін әлгі көйлекке тәтті түйіп, оны иттің мойнына байлап жібереді. Итті балалар қуып жетіп, немесе шақырып, ұстап, тәтттісін бөліседі. "Иткөйлекті" баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады.
"Иткөйлек" атының шығуы оның иттің мойнына байлағандығында емес, халық итті "жеті қазынаның бірі" деп бағалауында жатыр. Сонымен бірге "баламыз көп болсын", "қиындыққа берік болсын" деген ырым да бар. Қазақта "итжанды" деген сөз оның беріктігі мен төзімділігін айтқаны.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 26-10-2012, 23:58
  • 0
10647- рет көрілді

Баурына салу

Категориясы: Дәстүрлер » Тәрбие дәстүрлері

Әдетте қарт аталар мен әжелер алғашқы немересін немесе жақын кісілер өз туыстарның баласын қолына алып, өз баласындай тәрбиелеп өсіреді, қолқанат қылады, Мұны "баурына салды" дейді. Баурына салушы адам баланы өз ата-анасынан ажыратпайды. Баланы екі үйге де тең өсіріп әлпештейді. Әдетте үлкен кісілер мұндай баланың тәрбиесіне өте көңіл бөліп, оларды өнегелі азамат етіп өсіруге, халықтық жақсы қасиеттерді олардың бойына сіңіруге зор ықпалжасайды. бала ержеткенне кейін өз отбасына орлуна немесе бауыр басқан үйінде қалуына еркі бар.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 26-10-2012, 23:56
  • 0
10969- рет көрілді

Сатып алу

Категориясы: Дәстүрлер » Тәрбие дәстүрлері

Біреудің баласы туысымен шетіней берсе, яғни баласы тұрмаса, онда одан кейін туған баланы "сатып алатын" ырым бар. Бұл ырым былай жасалады.Елдегі бақсы, балгер кемпір әлгі үйге келіп, "менің баламды ұрлап алыпсыздар, өзім алам" деп нәрестені ата-анасының наразылығына қарамастан алып кетеді. Бір-екі күннен кейін баланың әке-шешесі әлгі кемпірге барып "бала сатып алады". Кемпір баланы керегенің астынан алып береді. Сөйтіп, бұл бала "сатып алынған" бала болып саналады. Баласы тұрмай жүргендерге бұдан басқа да жасалатын ырым бар. Мысалы, әлгіндей баланың өмірі ұзақ болсын деп жеті кемпірдің екі аяғының арасынан өткізіп алады. Бұдан шығатын қортынды қазақ бала өсіруді бақыт санаған. Балалы болуды армандаған. Мұны "балалы үй базар, баласыз үй қу мазар" дегенінен-ақ аңғаруға болады.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 26-10-2012, 23:55
  • 0
7534- рет көрілді

Асырап алу (ғұрып)

Категориясы: Дәстүрлер » Тәрбие дәстүрлері

Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы ежелден бар қағида. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасынан етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам "оң қолына асық жілік ұстатыл едім ғой" деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебіңде жүреді. Осыдан кейін сол үйдің әйелі перзентті болса, онда асырап алған баланы бұдан былай "майқұйрық" деп әлпештеп, оны бұрыңғыдан бетер жақсы көреді. Алайда, бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің аты айтылып, жаназасы шығарылады.
Мақалаға қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 26-10-2012, 23:54
  • 100
18874- рет көрілді

Тұсаукесер

Категориясы: Дәстүрлер » Тәрбие дәстүрлері

Тұсауыңды кесейін,
Күрмеуіңді шешейін (Тұсаукесер жыры)

Сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Сол жіппен баланың аяғын
кәдімгідей тұсап оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек. жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді. Тұсаукесердің арнаулы жыры бар. Мысалы:

Қаз-каз балам, қаз балам,
Қадам бассаң мәз болам.
Тағы, тағы баса ғой,
Тақымыңды жаз балам.
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!

Тұсау кесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері де бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деп ала жіптен де жасайды.