Халық ұғымы мен сенімі бойынша наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер-көкті жарып ерекше бір гуіл (дыбыс) өтеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана және қой арқылы қойшы ғана сезеді дейді білетіндер. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік, адам бойына ерекше сезім, қуат, қасиет бітеді. Бұл күндері тырнақ, шаш алса халық әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетіп адам сол ауруға ұшырайды деп ырымдаған. Жер-көк, жан-жануар әз өткен соң ғана қуат алады деп түсінген халық "әз болмай, мәз болмайды" деп қанатты қағида қалдырған.