Қыдыр (Қызыр) ата бүкіл халыктың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел қарт. Ол Ұлыстың Ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Кыдыр ата түнеп, немесе бата беріп кетеді деп түсінген. "Қыдыр қонған", "Қыдыр дарыған" деген сөздер осындайдан шыққан.