"Айналмақ" — өте сирек кездесетін, өз басын басқа біреу жолында кұрбандыққа шалатын, ең ақырғы амалы таусылған, үміті үзілген адамның ісі. Мысалы, жан дегенде жалғызымың беті бері қарамайтыны белгілі болып, демі енді үзілер сәтте әкесі не анасы жаратқан иеге жалбарынып, "жалғызымның орнына өзімді ал", "басымды соның жолында құрбандыққа шалдым" деп, иманын айтып, шын тілегін білдіріп ауруды үш рет айналады. Аруаққа ат айтып, тағалаға тай айтып зарлайды, жылайды. Әрине, бұл қайғылы, қапалы адамның ең соңғы іс-әрекеті, ақырғы амал-қимылы.