» » » ҚАРА ДОС ПЕН МАМАН БИ
На нашем сайте Вы можете найти услуги для проведения торжеств в 17 городах Казахстана.
Выберите город и услуги для проведения торжеств:
Жаңалыққа қатысты мәлімет
  • Орнатқан: arystan
  • Күні: 25-10-2014, 15:38
4039- рет көрілді

ҚАРА ДОС ПЕН МАМАН БИ

Категориясы: Би-шешендер » XVIII ғасыр


Ертеде Тау елін жайлаған Шөмекей рулары жұтқа ұшырап, қатты күйзеліпті. Елдің жағдайын көріп қиналған Қара Дос шешен көршілес қарақалпақ елінің биі Маманға барып, бидай сұрамақ болып жолға шығады. Бұлар келген Маман би ауыл ақсақалдарымен бірге төбе басында әңгімелесіп отыр екен. Қара Дос Маман бимен қол алысып амандасып, шетке отырады. Маман бидің қонақтарымен жұмысы болмай, әңгімесін айта отырып, арасында жігіттеріне дауыстап қояды. Сусын көтеріп екі жігіт келеді. Жігіттің бірі сусынды Досқа ұсына бергенде:
- Тарт сусынды, біз шөлдеп келгеніміз жоқ, қона жатып сөйлесетін бел деп, келдік. Қонақ күте білетін ел деп келдік. Атаның үйі – ақ жайлау, жеңгенің үйі – жаз жайлау. Өз үйіміз деп, басып ішеміз бе десек, төбенің басына тасып ішетін болдық па? – деп Дос биге қарайды.
Сөзден тосылған Маман би қонақтарды үйіне шақырады. Үйге елген соң:
- Ақсақал, өзіңіз қарттықпен қалайсыз? – деп Дос үйге кіріп-шығып жүрген жас әйелді аңғарып қалып.
- Әй, бала, бұл не дегенің. Жақсының жақсы жасын сұраушы ма еді, тұлпардың аузын ашып тісін көруші ме еді, - деп Маман би сөзін жалғастырады.- Қырықта осы елдің қыруары едім, елуде ел перісі болдым, алпыста бөрісі болдым, жетпісте жел перісімін, сексенде сарқарда боламын, тоқсанда топтан торай шалдырмаймын, жүзде де алғанымның көңілін қалдырмаймын, -дейді.
Сонда Дос күліп:
- Бұл халықтан шыққан мақал емес қой. Жас жеңгейдің көңілін жықпай айттыңыз –ау. Болмаса қырық – қылау, елу – ер жігітке бел емес пе, алпыс – қайта қонған ел емес пе? Жетпісте отыз омыртқа бүгілмей ме? Сексен – сергелдең, тоқсан жоқ сан емес пе? Жүзде ешкім келмейді қасыңа, қарға қонбайдыма басыңа?! – дейді.
- Өзіңдей ініге олжаға алып едім. Жұдырықтай қара бала, өкшелеп ізімнен қалмадың ғой. Тарпиын ба, қарпиын ба? – дейді Маман би ашуланып.
- Ақсақал, бұл айтып отырғаныңыз түйенің әдісі ғой. Мен адамның әдісінен жығылып көрген жан емеспін. Тарпысаң тақырға өскен темір тікенмін, табаныңа кіріп, аяғыңды ақсатармын, қарпысаң улы шөппін, тамағыңды қақсатармын,- деп жауап береді Дос.
- Үш жүзді туғанда анасы үш түрлі нәрсеге жерік болған екен. Ұлы жүзді көтергенде, малға жерік болыпты. Орта жүзді көтергенде, балға жерік болыпты. Кіші жүзді көтергенде, бөрінің бауырына жерік болыпты. Сен бала бастан-аяқ сөздің найзасын түйреп айтасың ғой, - деп Маман би ашуланыпты.
Сонда әзір отырған Дос:
- Әкем ақылды кісі еді. «Елді есі кеткен жамандайды», «Жүзді кеміткеннің жүзі қара» дейтін. Жүзің қара би екенсің. Аузы кіші, қарны үлкен қой семірсе – көтерер, қарны кіші, аузы үлкен ит семірсе – құтырар. Саған сөздің майдасын беріп, маған найзасын берсе амалы қанша. Түйрейін бе отырған жеріңде?! – дейді.
Сөзден тосылған Маман би айыбын жуып-шаймақ болып:
- Жақсы көрген кісіңнің жұмысын келгеннен сұра, кеткенше бітір. Жек көрген кісіңнің жұмысын кетерде сұра, бітсе бітер, бітпесе кете берер. Мен сені тәуір көріп қалдым. Жұмысың болса айта отыр, - дейді.
- Бөтен жұмыс жоқ, кеусен сұрай жүр едік,- дейді Қара Дос.
Сол жолы Маман би Қара Достың жетегіндегі нарларға астық артып жөнелткен екен.
Келер жылы Маман би бидайдың бодауына киіз алмақ болып Қара Достың ауылына барады. Үйге кіріп, аман-саулық сұрасқан соң:
- Ал, шырағым Қара Дос! Отыңның басын көріп, бала шағаңның жағдайын білейін деп келіп едім. Сонымен бірге көрген түсім бар еді. Түсіңді жақсы көрген адамыңа жорыт немесе ғалымға жорыт деген. Мен түсімді өзіңе жорытқалы келдім. Сексен бас үйім бар екен, сексен басына сексен қарлығаш ұялаған екен. Көзімді ашсам сексен қарлығаштан бір қарлығаш та қалмапты, - дейді Маман.
Сонда Қара Дос:
- Бұл түсіңіз бардың жоритын түсі екен. Мен өзім қонақасы беруге жарығанмен, бұндай түсті жоруға шамам келмейді. Бұл түсіңізді Сансызбайға жорытармыз, - депті.
Қошқаралы руынан шыққан Сансызбай әрі бай, әрі сақы болған екен. Дос Маман биді ертіп Сансызбайдың ауылына келеді. Сансызбайға Маман бидің түсін айтып береді. Сонда Сансызбай езу тартып күліп:
- Бұл келініңіз Айымның жоритын түсі екен, -деп, шай құйып отырған әйелі Айымға қарайды. – Қайнағаңның түсін кеткенше жорып қой.
Маман би қона жатып қонақасын жеп, енді аттанарда Айым:
- Қайнағаның сексен бас үйі тозып, сексен қарлығаш ұяласа бір қарлығаш тұрмайтын болған екен. Бір сары атанға он сегіз өре киіз артып қойдым. Ала кетіңіз, - депті.
Маман би серіктеріне еріп қыр асқан соң қосшысына:
- Түсті келіннің өзі жорыдыма? Болмаса Сансызбай айтып жорытты ма? Сынай кетейік. Сен барып келінге сәлем айт. Орамалы ақ екен, дастарқаны қоңыр екен де. Осыған қайтарған жауабынан өзі жорыған-жорымағанын білеміз, - депті.
Сонда Айым Маман бидің қосшысына:
- Қайнағаға сізде сәлем айтыңыз. Орамалым ақ болса, тазалығым шығар, дастарқаным қоңыр болса мырзалығым шығар, - депті.
Маман би қосшысын қайта жіберіп:
- Келінге сәлем айт. Келер көктемде адам жіберсін. Келген қонағына сусын болатын жиырма қашар айдатамын, - депті.
Содан бері Тау еліндегі қазақтардың сиырының тұқымы сол Маман бидің Сансызбайға берген сиырларынан тарады сөз бар.

Құрметті кіруші! Сіз біздің сайтқа тіркелмеген пайдаланушы ретінде кірдіңіз.
Біз Сізге тіркелуді ұсынамыз немесе өз атыңызбен кіріңіз.
Хабарлау
Қонақтар тобындағы кірушілер бұл жарияламада пікір қалдыра алмайды.