Бас парақ > Ыдыс-аяқ, тамаққа қатысты > ТАМАҚКА КАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР
ТАМАҚКА КАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР6-08-2012, 20:16. Орнатқан: arystan |
• Қолды жумай тамақ жеуге болмайды. Тамақ жеудің алдында және соңында қонақтардың қолына жылы су құйылады. Қолға су құю оң жақтан солға қарай орындалады. Қол жуғанда қолдың әрбір саусағын жеке-жеке жуады. • Дастарқан басында адамдар жасына қарай отырады. Тамақ әуелі үлкен кісінің алдынан бастап қойылады. • Тамақты асықпай ішеді. Тамақ ішер алдыңда «Бисмиллаһи рахмани рахим» деп нанды сындырып, ауыз тигеннен кейін басқа тағамды жейді. Бұл сөз «Мейірімді Алланың атымен бастаймын» дегенді білдіреді. • Тамақты оң қолдың үш саусағымен алады және әркім өз алдынан жейді. • Ыстық тамақты, шайды үрлеп суытпайды. Тамақтың құты кетеді. • Тамақты және шайды өте ыстық немесе салқын күйінде ішуге болмайды. Тамақты аз-аздан алып, асықпай шайнап жейді. • «Нан қатты екен», «шала піскен», «күйіп кеткен», «езіліп кеткен» т.б. сөздерді айтып нанды, тамақты сынамайды. Нанды, тамақты сынау - ашаршылықты шақыратын жаман ырым. «Ас-адамның арқауы» саналады. Асты жамандаған аштан өледі деп жориды. • Тамақты шынтақтап жатып, түрегеп тұрып немесе тым еңкейіп отырып жеуге болмайды. Тамақты отырып жеген дұрыс. • Дастарқан басында мағынасыз әңгімелер айтуға болмайды. Тамақтану кезінде әрбір адам өзін-өзі ұстай білуі, мүмкіндігінше аз сөйлеуі тиіс. • Бейіт басында немесе жанында тамақ жеуге болмайды. Ал көшеде, базарда, көлікте мүмкіндігінше көпшіліктің назарын аудартпай тамақтанған дұрыс. • Жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидектерді жеуге болмайды. Өйткені жуылмаған тамақтан адам ауруға ұшырайды. • Тамақ жеп отырған адамды орнынан қозғаған әдепсіздік болып саналады. • Қонақ адам тамақты тәбетіне орай, өз қалауынша жегені дұрыс. Оған тамақты зорлықпен алдыру әдепсіздік болып саналады. • Тамақты, нанды қалдырмай, тауысып жеп қою керек. «Жаманнан жарты аяқ ас қалар» деген сөз бекер айтылмаған. • Тамақ ішіп болғаннан соң тұрып кетуге болмайды. Өйткені тамақтану соңында ас қайырылып, бата беріледі. Үй иесіне жақсы тілек айтылады. • Ас ішіп болған соң, «тойдым» демейді, «қанағат» деген жөн. • Дастарқан басында отырған қонақты санамайды. Қонақты санау жаман ырым саналады. • Дастарқан аттаған әдепсіздік болып саналады. • Әкесі тірі бала бас ұстамайды. Егер бала бас ұстаса, әкесі өліп қалады деген ырым бар. • Тамаққа қарай түшкіру әдепсіздік болып саналады. • Тамақ пісіргенде асқа шаш түсіп кетпес үшін шашты орамалмен байлап алу керек. • Балаға ми жегізбейді. Ми жеген бала мидай былжыр, ынжық болады деп сана-лады. • Жас балаға бұғана ұстатпайды. Бұғана ұстаса, бойы өспей қалады деп жорыған. • Қызға кәрі жілік ұстатпайды. Кәрі жілік ұстаса, күйеуге шықпай, оң жақта көп отырып қалады. • Ішіп отырған шайға сама (сәме) түссе, қонақ келеді. • Шашалған адамға «май қап» дейді. • Ет турағанда бір кесек ет қалып қалса, ет тураушыға өтірік айтатының бар екен дейді. • Қазақ тұзды бейберекет шашпайды. Себебі, барлық тағамдар тұзсыз дәмі жоқ. «Астың иманы- тұз» деп қарайды. • Асқа тойға арнайы әкелінген қымызы толы сабаны түгел сарқлайды. Түбінде азғантай болса да сарқыт салуға тиіс. Себебі, саба кеуіп, семіп қалмасын, саба кепсе, малдың желіңі семіп, сүті тартылады, құт-береке келеді, сарқыт ішер жан қалмайды деп ырымдаған. • Қазақ нанды баспайды. Нан аса қасиетті деп есептеледі. Нанды басқанда құдай атады, қарғысқа ұшырайды. • Тамақты тек қана оң қолмен жеу керек. Сол қолмен жеген ас сіңімді болмайды деп ұйғарылады. • Түнде беті ашық қалған асты жемейді. Себебі, мұндай ас бұзылады,айниды. Асқа сайтан сарыды деп ұйғарылады. • Жауырынды мұжып болған соң, етек жағын жарып ,ашып тастайды,әйтпесе жол бітеді, жол азабы көбейеді, жол тұйыққа тіреледі. • Қазақта «Ақты телміртпе» деген сөз бар. Алдыға қойылған айран, сүт, қымыз секілді тағамдарды көп тостырмай, тез ішу керек. Ақ көп телмірсе, аққа адамда телміріп, зарығатын болады деп ырымдалады. • Ас тамақтан, жел-құздан, иіс-қоқыстан ұшынған адамдарды ұшықтау ертеден келе жатқан емдеу тәсілі. Жығылған адамның бір жері ауырып қалсада, сол жерде: «Кет, пәле кет, кет», «ұшық-ұшық» деп ұшықтайды. Науқас адамды күн батар алдында жерге жатқызып ұшықтайды, үйге әкеліп жылы жауып тастайды. • Торқалы тойдың, өлім қазаның ас-суы елге үлестіріледі. Бұл - береке сақталсын, дәм-тұз таусылмасын, қазан қаңсымасын дегені. • Сый табақпен екі кәрі жілік бірге тартылса, қонақ қуанады. Жол оң болады деп жориды. Байлық, бақ қонады деп иланады. • Соғым сойған күні тоқпан жілік асылады. Үйдегілер иті тоя жейді. Бұл тоқшылық, молшылық болсын деген ниетті білдіреді. • Қазақта үйге кірген адам еш болмаса нан ауыз тиюі керек Кері қайту |