Бас парақ > Отбасы дәстүрлері > Бәс
Бәс29-10-2012, 20:54. Орнатқан: arystan |
Ел ішінде ертеден келе жатқан қызыкты салт пен әдеттің бірі — бәс тігу. Бұл ас пен тойда ғана емес әр уақытта бола беретін қызықты бәсеке. Бәстің түрі де көп болады. Мысалы, күш сынасу, ауыр тас көтеру, өгізді, түйені көтеру, судан жүзіп өту, бір қойдың етін бір өзі жеп кету, күрес, мергендік сайысы, жаяу жарыс т.б. Бәс шарттары бойынша оған бәйге тігіледі. Бәйгені ұтылған жақ немесе ұйымдастырушылар төлейді. Оған дәмелілер қатысады. Бұл көпшілік алдында өтеді. Бәс жеңімпаздары құрметке бөленеді, мақтау алады. Оның есімін де жұрт ұмытпай айтып жүреді. Мысалы, XIX ғасырдың орта кезінде Шығыс Қазақстанда өмір сүрген Малмақ деген өте күшті адам бір үлкен аста салмағы 700 келідей тасты көтеріп әкелген. "Малмақ көтерген тас" деп аталатын осы ескерткіш бұл күндері Үржар ауданы жерінде жатыр. Карон палуанмен бәсте Балуан Шолақ (1864-1919) 51 пұт кір тасын көтерген. Арқаның әйгілі палуаны Таңатқан Дүйсекейұлы (1899-1966) бәске тігілген атан өгізді көтеріп әкеткен. XIX ғасырдың орта кезінде саяхатшы-зерттеуші орыстармен бәстесіп Ораз деген кісі Маңғыстаудағы Шерқала атты биік шың басынан секіріп жерге аман түскен. Содан бастап бұл жер "Ораз ұшқан" деп аталады. Осындай бәсте кейде кісі күлерлік, ерсі жайлар да кездесе береді. XIX ғасырда Тінет руы Шінтән деген кісі тірі кесірткені жұтып жіберіп жақы киген. 1965 жылдары Жанкелдин ауданы Станция деген жерінде Жақсылық пен Сейілбек деген екі жігіт осындай бәсте әр қайсысы 40 сона жеп қойған. Сол сияқты сары масаға таланып 4 сағат қозғалмай отырғандар, бір қойдың етін бір өзі жеп кеткендер де ел ішінде жиі кездескен. Бәске өзіне сенген мықтылар мен күштілер, ерік жігері мол жігіттер қатысқан. Кері қайту |