Бас парақ > Отау көтеру дәстүрлері > Қоштасу (салт)

Қоштасу (салт)


26-10-2014, 11:22. Орнатқан: arystan
Ұзатылатын қыз өз үйінен аттанар алдында өзінің ата-анасымен, аға-інісімен, сіңлісі, жақын-жуықтарымен қоштасу жырын айтады.
Әуеден ұшқан бұлдырық, Құбыладан соққан ызғырық. Жатқа кетіп барамын Жаратқан соң қыз қылып. Атасы жақсы құл болмас, Анасы жақсы күң болмас. Оң жақтан кетіп барамын, Қыз еркелеп ұл болмас, — деп өзінің жат жұрттық болып жаратылғанын жырға қосады. Ең соңында:

Жанымдағы қыным-ау,
Сіңлілер мен інім-ау.
Жыл айналып келгенше,
Қош аман бол күнім-ау, — деп бауырларымен қоштасады. Мұнда "жыл айналып келгенше" деген сөздің мағынасы бар. Өйткені дәстүр бойынша ұзатылған қыз жыл толмай өз үйіне бара алмайды.
Қоштасу қазақ халқының бауырмалдық, әншілік, айтқыштық қабілетін көрсететін тұрмыс-салт жырларының ішінде көркем де көрнекті дәстүр. Қоштасу жыры соңынан қыздың жеңгелері мен серіктері:
Жылама, бикем, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Ұл болып тусаң әуелден,
Сені мұндай қыла ма? — деп оған жұбату айтып, келешегіне жақсы тілек білдіреді.

Салт жырларының тәрбиелік маңызы зор. Мұнда ұлттық дәстүр, халықтық қағида, ағайын-туыстық қимас сезім, алдағы арман бәрі-бәрі де бар. Қоштасу, жұбату жыры сонысымен құнды.

Кері қайту