Бас парақ > Қаза ғұрыптары > Ас (ас беру) (дәстүр).
Ас (ас беру) (дәстүр).25-10-2014, 22:20. Орнатқан: arystan |
Асқа, тойға баратұғын, Жаны асығып жас жігіт. (Абай) Қазақ халқының ертеден келе жатқан ең үлкен тойы — ас беру. Бұл — дүниеден өткен ең белгілі адамдардың жылы толғанда, оған жасалатын ақырғы зор құрмет және ұлы жиын, бас қосу. Аста жүздеген ордалар, киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылады. Бұған әр елден есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, палуандар, әнші, жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнаулы шақырылып, жүйрік аттар келеді. Асқа өте зор қаржы, мал жұмсалған. Жеңімпаздарға зор бәйге тиген. 1860 жылы Ерден Сандыбайұлына Ерден көлінде ас берілгеңде... 500 үй тігілген, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Аттың бәйгесі 100 жылқы болған... Осы Ерденге осындай қылып үш рет ас берген. Үшеуіндегі шығын барлық жолы 1860 жылқы, 600 қой... 1000 саба қымыз болған. 1861 жылы Байдәулет Құлбекұлына ас берген. Мұнда бас бәйгеге 100 жылқы, 100 қой, 1 ақ отау, 10 түйе берген... 1874 жылы Лабақ Қуат баласының асы болған. 300 жылқы, 500 қой сойылған. Жүз атқа бәйге болған. Асқа 700 үй тігілген (С.Шарипов, 2 томдық шығармалар жинағы, 2 том, 295 — 296-беттер, А—1982 ж.). Мұның сыртында шақырылғандар аруаққа деп малын, сойысын, сабасын әкеледі. Аста елдің бірлігі мен байлығы, мырзалығы, біліктілігі сынға түседі. Асты ақын І.Жансүгіров былай деп суреттеген: Осындай болып жатты ұлы жиынға, Жиынның мыңнан бірін айту қиын. Еті тау, қымызы көл деуге болар. Ас беру дәулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Абылай ханның асы, Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асы, Канжығалы Шауымкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, Дулат Сыпатай батырдың асы бүкіл елге мәлім болып, аңызға айналған той болды. Бұл тойда жұмсалған шығынның есебінде шек болмаған. Мысалы, Сағынайдың асына кеткен шығын атақты Тәж-Махал мавзолейіне жұмсалған қаржымен бірдей болған деп жазды ертеректе "Мәдениет және тұрмыс" журналы. Сағынай асына 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұқар кілем ілінген, 5 тонна шәй әкелінген, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынған. 10 мың көрпе-жастық, қонақтарды сыйлауға 500 бұхар шапаны келген. Сібірден 500 аң терісі алынған. 20 мың қой, 1000 (бір мың) жылқы сойылған. 500 жігіт атпен табақ тасып, 300 қыз қонақтарға дастархан жайып, қызмет еткен. Бәйгеге 500 тұлпар қатысқан. Ақанның әйгілі Құлагері осы аста мерт болды (Дерек "Азия Транзит" журналынан № 7. 2002 ж.) Ас беру дәстүрі қазір де жалғастырылып жатқанын айта кету керек. 1991 жылғы Торғайдағы Ахмет пен Міржақыптың асы, 1992 жылғы Көпетаудағы Абылайханның, Ақмоладағы Бөгенбайдың астары қазынасы мол халықтық дәстүрлердің тәрбиелік, ұлттық, рухани байлығымыздың қайта оралғанының айқын көрінісі екенін тағы да дәлелдеп берді. Кері қайту |