Бас парақ > Қаза ғұрыптары > Жоқтау (салт).

Жоқтау (салт).


25-10-2014, 22:06. Орнатқан: arystan
"Сен жоқтау айтқалы отырсың, мен тоқтау айтқалы отырмын" (Байдалы би).

Жоқтау — аза ғұрпын көтере түсетін, қайғыны басатын, қазаға аса лайықты қаралы салттың бірегей түрі. Қайтыс болған адамның жақсылығын, еліне істеген қызметін, жақсы қасиеттерін паш ететін тұрмыс-салт дәстүрі, жыры, зарлы өлең. Жоқтауды белгілі ақындар немесе сол адамның әйелдері мен ана, қарындастары да шығара беретін болған. Жоқтаудың дінге қатысы жоқ, ол қалыпты халықтық салт, өлімнің берік әдет-ғұрпы деп ұғыну керек. "Боздағым" атты қазақтың жоқтау жырларында (Алматы, 1990 ж.) Бұхардың Абылай ханды жоқтауы, Қаз Дауысты Казыбек биді қызы Қамқаның жоқтауы, Абай ұлы Әбішті әйелі Мағыштың жоқтауы сияқты жоқтаудың көркем үлгілері бар. Жоқтау тәрбиелік үлгі-өнегесі бар, мәдениеттілік пен адамды бағалаудың және оны есте сақтаудың бір белгісі ретінде қалыптасқан. Ол өлген адамның жылына дейін айтылады. Жоқтау — қазалы, кайғылы, зарлы үнмен жырланады.
Жоқтауды қайтыс болған адамның әйелі, апасы, қарындасы, қызы және жақындары айтады. Ал аса құрметті адамдарға сол елдің сұлу, әнші қыздары қатыстырылады. Мысалы, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Сарыкөл жерінде (Қостанай) өткен Шауыпкел батырдың асында Шәңкі бидің немересі Төкіш болыстың сұлу қызы Бәдігүл мен Байғасқа бидің қызы Бәпіш жоқтау айтқан.
Қазір жазба және ауыз әдебиетімізде жоқтаудың үлгілері өте көп. Ондағы парасатты сөздер, жақсыны ардақтау, сипаттау, мадақтау, теңеу сияқты өлең жолдарының көркем қисыны таңданарлық шеберлікпен жырланады. Оның мысалы мынаңдай:

Алты атасы бай өткен,
Алты атанға жүк артқан.
Жеті атасы бай өткен,
Жеті атанға жүк артқан.
Үйде сұңқар түлеткен,
Кияда сұңқар тілеткен.
Алтайы қызыл түлкі алған,
Кияда барып теке атқан.
Паршаны бөздей жырттырған,
Жібекті жүндей түттірген.
Қонақ келсе — қон деген,
Қой семізін сой деген.
Шынжырлы қауға тарттырған,
Қайғыңнан астау шаптырған.
Каптатып жылқы шаптырған... (Кеңгірбай биді жоқтау)

Қазалы күнде жоқтау айту — ұлттық дәстүріміздің жақсы үлгісі Оны айтудың. жалғастырудың ешқандай ерсілігі жок. Халық ғұрыпы бойынша жоқтау айтқан әйелдер мен қыздар үш күн бойы аяқ-табаққа араласпайды, яғни тамақ әзірлеуге қосылмайды. Біздің қазақ ұлтының осы ырымынан-ақ ғасырлар бойы жинақталып түзілген қасиетті салт-дәстүрлеріміздің сыпайы мәдениеті мен әдебінің жоғары болмысы көрініп тұрған жоқ па! Туған халқымыздың осындай тәрбиелік әрі зор рухани мұраларының бірегей де тәлімдік тәсілдері мен жолдарын кейінгі өсер ұрпаққа жеткізе, түсіндіре білу барлық білікті азаматтардың парызы екенін ұмытпағанымыз жөн.

Кері қайту