Бас парақ > XVIII ғасыр > ЕСЕТ БИ

ЕСЕТ БИ


25-10-2014, 15:18. Орнатқан: arystan

Есет би Қараулы XVIII ғасырдың аяғы, XIX ғасырдың алғашқы жартысында қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданында туып-өскен. Сөзге шешен би, топ бастаған батыр ретінде бүкіл Жайық өңіріне таңылған, ел ішінде үлкен құрметке бөленген. Ескі аңыз әнгімелерді, көне жыраулар мұрасын жақсы білген Есет өзінің жақын туысы Мұрат ақынның ұстазы болған.
..........................................................................................................................
Тауға біткен қайыңның,
Солқылдар басы жел өтсе,
Тоғайға біткен жоңышқа
Солғын тартар күн өтсе.
Ерні салпы ер аты
Семірмес қайта ер өтсе.
Еңкейіңкі тартады
Ер қолынан мал кетсе.
Арбадан үркіп жаман ат
Ер салдырмас жал бітсе.
Қайыры болмас ғаріпке
Ақылсызға мал бітсе.
Қасына қоңсы қондырмас
Қас жаманға әл бітсе.
Тәңірден тілеп алған ұлдарың
Тіл қайтарады ер жетсе.
Хан бұрылып қараған,
Би бұрылып сұраған,
Ажары болмас арудың
Екі он бестен жас өтсе,
Сылдырап белін шешінген,
Назданып аяқ көсілген,
Алғаныңа, жандарым.
Қадірің кетер күн болар,
Ер қартайып, жас жетсе.
.............................................
Мен, мен едім, мен едім,
Қатарға салсаң қайыспас.
Қас қара нар мен едім,
Шабуыл салса шаршамас,
Су шашырап, жел тимес,
Аударылмас қара кеме едім,
Қасарысып келгенде,
Қап түбіне сыймаған,
Қара болат мен едім,
Қияннан ұшқан қу ілген
Анық сұнқар мен едім.
Тегеурінім теріс біткен,
Тепсем жілік сындырған
Қыран бүркіт мен едім.
.......................................................

Қартайдым да қор болдым,
Күн сенікі, жастарым!
Кәрілікке жеткізсе,
Талайды көрер бастарың.
Заманымды өзімнің
Еңсеріскен ер көрдім,
Белсеніскен бел көрдім,
Жасанысқан жау көрдім,
Тізелескен дау көрдім,
Үрікпедім, саспадым,
Бір өтірік болмасын,
Табаным тайып қашпадым,
Түгел ердің жолдасы –
Тілектес болған дос-жарым.
Сол дәулеттің тұсында
Самарқандай сапырып,
Шапқан шөптей жапырып,
Аспадым да таспадым.
Қанды көйлек жолдасты
Сары алтындай сақтадым.
Менің көрген затым бұл,
Төкпей-шашпай қолданып,
Ортаңа сүйреп тастадым.






Кері қайту